Basty bet
Құрақтың әрбір өрнегінде өмірінің ізі бар…
Өмірде алдына қандай қиындық кездессе де қаймықпай, бар күш-жігерімен өмір сүруге ұмтылатын қайсар жандар бар. Олар тағдырдың талай сынағына төтеп беріп, өмірдің үлкен теңізіндегі толқындарға қарсы жүзеді. Еңбекпен шыңдалып, өз арманына жетуге талпынатын мұндай адамдардың бойынан қайсарлықты, табандылықты және өмірге деген құштарлықты көруге болады. Әсіресе, балаларымен жалғыз қалып, бар ғұмырын перзенттерінің болашағына арнаған ананың қайсарлығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ол өмірдің талай тауқыметіне мойымай, балалары үшін бар ауыртпалықты үнсіз көтереді. Өзінің мұңын ішке бүгіп, перзенттерінің қуанышын өз бақытына балайды. Ана жүрегіндегі шексіз мейірім мен балаға деген махаббат оған қандай қиындық болса да төтеп беруге күш береді.
Осындай жанның бірімен аудандық басылымда еңбек етіп жүріп, жаңадан тілшілік қызметке ауысқан кезімде жолыққан едім. Наурыз мерекесі қарсаңында әріптестермен бірге ауданға қарасты Боралдай ауылдық округіне іссапармен жолға шықтық. Округ орталығы – Көлтоған ауылына жетіп, ауылдың шеткі көшелерінің біріндегі үйге ат басын тіредік.
Қазақтың кеңпейілділігі мен қонақжайлылығын, шіркін, ақ жаулықты аналарымыздың дархан көңілінен аңғарамыз емес пе?! Міне, осындай аналарға тән асыл қасиетті көлтоғандық Төлебала Сүңгібаеваның бойынан алғашқы кездесуімде-ақ аңғардым. Өзі қарапайым да биязы. Соған қарамастан, ширақ қимылдап, үй шаруасын дөңгелетіп, әжелік міндетін де қатар атқарып жүрген анамыздың әңгімесі де әсерлі еді.
Бір қарағанда, күнделікті күйбең тіршіліктің қарапайым көрінісі секілді. Алайда сол қарапайым тірліктің ар жағында бір әулеттің жүгін арқалап, ұрпағының қамын ойлаған ананың тұтас ғұмыры жатқанын кейінірек түсіндім.
Төлебала апаның әңгімесін тыңдай отырып, осы шаңырақтың ар жағында қаншама тағдыр, қаншама еңбек пен маңдай тер жатқанын сезіндім. Төлебала апа әңгіме барысында өз өмір жолын кеңінен әңгімелеп берген еді. Ол 1947 жылы ауданға қарасты Күреңбел ауылындағы бұрынғы «Қаратас» бөлімшесінде дүниеге келген. Ауылдағы сегіз жылдық мектепті тамамдаған соң, Қаратау қаласындағы қазіргі Д.Қонаев атындағы орта мектепте білімін жалғастырып, 11 жылдық мектепті бітіреді. Кейін тұрмысқа шыққан соң да білім алуға деген құштарлығын тоқтатпай Қызылорда мемлекеттік педагогикалық институтының жаратылыстану факультетін сырттай оқып, аяқтайды.
Осылайша оның ұстаздық жолы басталады. Төлебала апа 40 жылдан астам уақыт бойы шәкірт тәрбиелеп, саналы ғұмырын ұрпаққа білім беруге арнады. Еңбек жолын Жуалы ауданы Көлтоған ауылындағы бұрынғы М.Лермонтов атындағы, қазіргі №8 С.Бәйтіков атындағы орта мектепте бастап, кейін Талас ауданындағы «Талас» мектебінде жалғастырады. 1970–1983 жылдар аралығында Талас өңірінде еңбек етіп, туған жеріне қайта оралып, №8 С.Бәйтіков атындағы орта мектептен зейнетке шығады. Ұстаздық еңбегі елеусіз қалған жоқ. Яғни, ол 1983 жылы Қазақ КСР Оқу министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Бұл Төлебала Сүңгібаеваның білім саласындағы ұзақ жылғы еңбегінің лайықты бағалануы болды.
Алайда Төлебала апаның өмір жолындағы ең үлкен мектебі – жеті ұлын тәрбиелеп, азамат қатарына қосуы еді. Өйткені, отағасы өмірден ерте озғанда, отбасының бар ауыртпалығы бір өзіне түсті. Ол жеті ұлдың қызығы мен шыжығын қатар көтеріп, олардың болашағы үшін аянбай еңбек етті. Ұстаздық қызметін атқара жүріп, шаңырағының берекесін сақтады. Балаларын қатарынан қалдырмай өсіріп, білім алуына жағдай жасады. Тіршіліктің тауқыметі мұнымен де шектелген жоқ. Төлебала апа «Мэлс» шаруа қожалығын құрып, мал шаруашылығымен де айналысты. Еңбектің бейнетін де, зейнетін де көрді. Мал бақты, бала өсірді, ел қатарлы тіршілік етті. Ең бастысы – жеті ұлын оқытып, үйлендіріп, жеке шаңырақ иесі етті. Бүгінде балаларының әрқайсысы өз алдына отау тігіп, өсіп-өніп, ел қатарлы өмір сүріп жатыр.
«Жеті ұлды жетілдіріп, қатарға қосу – бір адамның ғұмырына татитын үлкен еңбек», деп ойладым апаның әңгімесін тыңдап отырып. Ана үшін перзентінің жетістігінен асқан бақыт жоқ шығар, сірә!
Төлебала апаның тағдырына үңіле отырып, оның бойындағы тағы бір ерекше қасиетке назар аудардым. Ол – өлең. Өмірдің ауыртпалығы кей адамды қажытып жіберсе, кейбір жанның жүрегіндегі мұңды сөзге, сырды өлеңге айналдырады екен. Бұлай деуіме апаның «Өмірдің қиындығы мені ақын етті» деген сөзі түрткі болды. Шынында да, оның әрбір өлеңінің астарында өзі жүріп өткен ұзақ жолдың ізі бар. Жастық шағы, ұстаздық қызметі, аналық қуанышы мен мұңы, өмірдің сан тарау сынағы – бәрі де оның жырларына арқау болған. Осылайша Төлебала апа өзінің өмірін өлеңмен өріп, «Өлеңім мен өмірім, егіз тағдыр» атты кітабын жарыққа шығарды. Бұл кітапты жай ғана өлеңдер жинағы деп қабылдау аздық етеді. Өйткені өлең – оның мұңының да, қуанышының да, жүрегінде сақталған сырларының да сырласына айналған.
Төлебала апаның болмысы тек ұстаздық пен аналық өнегесімен ғана шектелмейді. Жылдар өте келе қолөнерге деген қызығушылығы артып, қазақтың дәстүрлі өнерін дәріптеуге де белсене араласа бастады. Бүгінде ол – ұлттық қолөнердің дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген шебер құрақшы. Оның қолөнерге деген қызығушылығы әсіресе зейнетке шығып, қолы босағаннан кейін арта түсті. Яғни, ол 70 жасқа келген шағында құрақ өнерін қолға алып, өз әлемін осы өнер арқылы аша бастады.
– Бұл – анамнан дарыған қабілет. Құрақ тігу – жүрегімді жұбататын, өзімді табатын өнерім. Өзімнің ойым, өз әлемім бөлек. Кейде ойыма бір дүние келеді де, соны жүзеге асыруға асығамын. Әр көрпені бір-біріне ұқсатпай, өзінше өрнектеп тіккім келеді. Бірақ оның әрқайсысына қаншама уақыт пен еңбек кетеді. Кейде ойлаған дүниемнің біреуін ғана тігіп үлгеремін, – дейді Төлебала апа.
Ол үшін құрақ құрау – жай ғана қолөнер емес. Бұл – атадан балаға жалғасқан дәстүрді жаңғырту, ұлттық құндылықты сақтап қалу.
– Бұрынғы адамдардың бәрі оқыған жоқ. Бірақ оқымай-ақ табиғатты таныды, табиғаттағы әрбір бейнені оюға айналдыра білді. Оюдың өзінің түп-төркіні бар. Ши құрақтың өзімен-ақ талай дүниені әсемдеуге болады. Қазір технология дамыған заман. Соның мүмкіндіктерін пайдалана отырып, біз бабалар дәстүрін қолмен жалғастырып келеміз. Ши құрақты өте жіңішке етіп, шамамен бір жарым-екі сантиметрден құраймыз. Оның өзін жасау үлкен шеберлікті қажет етеді, – дейді шебер.
Расында, құрақтың әр түрінің өзіндік технологиясы мен мәні бар. Төлебала апа соның ішінде ши құрақты ерекше меңгерген. Жіңішке жолақтарды бір-бірімен үйлестіріп, көз тартарлық өрнек шығарудың өзі үлкен төзімділік пен дәлдікті талап етеді.
Бүгінде ұмыт бола бастаған ұлттық өнердің қайта жаңғыруы қуантады. Құрақпен қатар киізбен жұмыс істеу, өрнек тоқу, текемет басу, ұлттық киімдерді заманауи үлгіде жаңарту секілді бағыттарға да қызығушылық артып келеді. Этнографиялық сипаттағы дүниелер жаңа сипат алып, халқымыздың дәстүрлі қолөнері қайта жаңғыруда. Төлебала апаның өзі де осы үрдістің бел ортасында жүр. Қазіргі таңда ол Қазақстанның 17 облысын қамтып отырған үлкен «Аламан құрақ» жобасының белсенді мүшесі. Жобаның ұйымдастырушысы әрі жетекшісі – алматылық шебер құрақшы Нұргүл Абайхан екенін атап кеткен жөн болар. Ал, қолөнер шебері Жазира Борсықова жамбылдық құрақшыларға жетекшілік етіп, түрлі іс-шараларда ақ жаулықты аналардың бас қосуына себепкер болуда.
Төлебала апа 2020 жылы көне Тараз қаласында алғаш рет ашылған Дүниежүзілік қолөнер қауымдастығының Қазақстандағы ұйымына мүшелікке қабылданды. Сонымен қатар, «Жамбыл шеберлері» және Жамбыл қолөнер ұйымдарының мүшесі атанды. «Ұмыт болған оюлар», «КөрпеFеst» секілді түрлі фестивальдерге қатысып, бағалы сыйлықтарға ие болды.
Ал, «Аламан құрақ» жобасы қазақтың дәстүрлі құрақ өнерін жаңғыртып, оны әлемдік мәдени кеңістікке енгізуге бағытталған маңызды бастамаға айналды. Бұл жоба жыл сайын кеңейіп, республикамыздың барлық өңірінен қолөнершілерді біріктіріп келеді. Төлебала Сүңгібаева да өзін осы жобадан тауып, «Аламан құрақ» жобасы ұйымдастырған түрлі шараларға қатысып, қазақтың ұлттық қолөнерін дамытуға өз үлесін қосып жүрген жайы бар. Атап айтқанда, 2023 жылы Қазақстан бойынша өткен жобаға 200 құрақшы қатысып, КИнЭС рекордтар кітабына енді. Солардың қатарында Жамбыл облысынан барған 16 құрақшы болды. 2024 жылы Төлебала апа Жамбыл облысы атынан «V Дүниежүзілік көшпенділер» ойындарына қатысып, өзінің қолөнерін көрсетті. «V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары» аясында өткен «Аламан құрақ» жобасына қатысып, жасаған өнімдері «КИнЭС» Қазақстан рекордтар кітабына енді. Бір мезгілде кілем тәріздес жайылған 450 көрпенің жалпы көлемі 11 200 шаршы метрді құрады: ені бойынша 16 қатар – 40 метр, ұзындығы бойынша 28 қатар – 252 метр. Бір көрпенің өлшемі 250/90 см. Көрпе тігу барысында «Гауһартас», «Аламан», «Сынық мүйіз» құрақ техникалары және төрткұлақ, қошқар мүйіз, өсімдік оюлары қолданылды. Жобаға 450 құрақшы қатысты. Оның ішінде Жамбыл облысынан 53 құрақшы бар.
2025 жылы Алматы қаласындағы атақты “Медеу” мұз айдынында ерекше рекордтық мәдени-әлеуметтік іс-шара – «Аламан құрақ – 2025» жобасы өтті. Жоба аясында Қазақстанның барлық өңірінен келген шеберлер тіккен 660 бірдей құрақ көрпе бір уақытта бір алаңға төселіп, көркем инсталляцияға айналды. Іс-шараға 660 шебер қатысып, тағы да әлемдік рекордқа қол жеткізді. Жамбыл облысынан бұл шараға 60 құрақшы атсалысты.
Ал, Өскемен қаласында өткен «Ғасырлық дәстүрлер» халықаралық фестивалі биылғы жылдың ең жарқын мәдени оқиғаларының біріне айналып, қазақтың ұлттық қолөнерін халықаралық деңгейде насихаттауға зор үлес қосты. Мәдени шараға Қазақстанның 17 облысынан және әлемнің 8 елінен келген 789 шебер бірігіп, ұзындығы екі шақырымнан асатын алып құрақ көрпе құрастырып, «Аламан құрақ» жобасының шеберлері бірден екі халықаралық рекорд орнатты. Олардың арасында Жамбыл облысының 57 шебері болды. Фестиваль барысында шеберлер «Барқытбел» көрпешесін және Жылқы жылына арналған «Тұлпар» жастықшасын тікті. Бұл күннің ең әсерлі сәттерінің бірі – «Аламан құрақ» жобасына жаңа әлемдік рекорд мәртебесінің берілуі болды. Осылайша, ұлттық өнерге негізделген жоба Global Best of Records халықаралық рекордтар кітабына ресми түрде енді.
– Қолымызда КИнЭС кітабы бар. Оны жақында алып, қатты қуанып жатырмыз. Енді алдағы уақытта, 2027 жылдың 27 қаңтарында Түркияның Стамбул қаласында осы 789 құрақшының аты-жөні арнайы кітапқа енгізіліп, мәңгілік тарих бетінде сақталатын болады. Сонымен қатар, алдағы жылы Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласына бару жоспарлануда. Біз, жалпы, құрақшылар қазақтың ши өнерін жан-жақты насихаттап келеміз. Тағы бір айта кетерлігі, менің осы жобаға қатысуыма қолдау білдіріп, қазақтың ұлттық қолөнеріне жанашырлық танытып жүрген жуалылық айтулы азамат Сыбанбай Арыновтың еңбегін ерекше атап өткенді жөн көрдім,- дейді шебер.
Жуалылық қолөнер шебері Төлебала Сүңгібаева «Аламан құрақ» жобасы аясында қазақтың құрақ өнерін насихаттап, әлемдік рекорд орнатуға қосқан үлесі үшін Алғысхаттар мен сертификаттарға ие болып, «Күміс», «Алтын» медальдармен марапатталды.
– Жалпы қазақтың қолөнер тарихында жаңа белеске шықтық. Сол тарихтың біз авторымыз, – дейді Төлебала апа мақтанышпен.
Бұл сөздің жаны бар. Өйткені құрақ – жай ғана мата қиындысының үйлесімі емес. Оның әр өрнегінде халқымыздың тарихы, дүниетанымы мен эстетикалық талғамы бар.
– Біздің ең үлкен жеңісіміз – көп адамның басын қосып, бір мақсатқа жұмылдыра алғанымыз. Мұнда ауызбіршілік те, бірлік пен ынтымақ та бар. Отанға деген сүйіспеншілігімізді де осы өнер арқылы көрсетіп келеміз. Құрақтың әрбір өрнегіне қазақтың қонақжайлығын, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, ұлттық қасиеттерін жинақтап көрсетуге тырысамыз. Құрақтың ішінде қазақтың өзі бар. Қыз балаға жасау бергенде де «құрақтай құралып, өсіп-өнсін» деген тілек айтылады. Бұл – ұлттың жүрегінде бар дүние. Біз осы құндылығымыз арқылы әлемді таңғалдырғымыз келеді. Шетелде де осындай өздеріне тән өнер түрлері бар. Бірақ біз ұйымдастырушылық жағынан, көпшілікті бір мақсатқа жұмылдыру жағынан ерекшелендік. Бұл іс әрі қарай да жалғасып, ұрпақтан-ұрпаққа жетуі керек, – дейді кейіпкеріміз.
Шын мәнінде, «Аламан құрақ» жобасының ең үлкен жетістігі – рекордтың өзі ғана емес, қазақ әйелдерінің басын бір арнаға тоғыстырған ауызбіршілік пен ынтымақ. Құрақтың әрбір қиындысы жеке тұрғанда шағын ғана бөлік. Ал олар біріккенде тұтас дүние пайда болады. Бұл – қазақтың бірлігіне де ұқсайды. Әр өңірден жиналған жүздеген шебердің бір мақсатпен жұмылуының өзі ұлттық өнердің құдіретін көрсетеді.
Төлебала апа үшін әрбір көрпе – жай ғана бұйым емес.
«Бұл – жан рақатын беретін, рухани байлығымды толықтыратын өнер. Әрбір көрпеде ою-өрнек арқылы ішкі дүниемді бейнелеймін. Жастарға құрақ өнерін үйрету, мәдениетімізді дәріптеу – менің мақсатым. Артымнан өшпес із қалдырғым келеді. Құрақ көрпе – әрбір ошақты тіл мен көзден сақтайтын, ұлттық ерекшелігімізді еске салатын дүние. Аналарымыздың даналығы, сұлулықты көре білу қабілеті осы өнерде жатыр. Біздің міндет – осы мұраны келешек ұрпаққа аманаттау», дейді ақ жаулықты ана.
Оның бұл сөзі – бүгінгі өмірлік ұстанымының өзегін айқындап тұрғандай. Төлебала апаның ғұмырына көз салсақ, оның өмірі де құрақ секілді өрілгенін аңғарамыз. Бір қиындысы – ұстаздық, бір қиындысы – аналық ғұмыр, бір қиындысы – ақындық, енді бір қиындысы – қолөнер. Бәрі бірігіп, оның тағдырын құрап тұр. Ал, сол тағдырдың әрбір өрнегінде еңбек пен төзім, анаға тән мейірім, өнерге деген сүйіспеншілік және ұлтқа деген адалдық бар. Бәлкім, оның өмірінің ең үлкен құрағы да осы шығар…
Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”