Basty bet

Жұмыс іздеген жанға – жаңа мүмкіндік

ауданда жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамтуға бағытталған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

Ауданда жұмыссыз азаматтарға еңбек нарығындағы бос жұмыс орындары туралы ақпарат беру, жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілердің арасында тікелей байланыс орнату және тұрғындардың тұрақты жұмыспен қамтылуына мүмкіндік жасау мақсатында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Іс-шараны аудандық Мансап орталығы және Жастар ресурстық орталығы бірлесіп өткізді. Жәрмеңкеге аудан аумағындағы мекемелер мен кәсіпорындардың өкілдері қатысып, өздеріндегі бос жұмыс орындарын жұмыс іздеушілердің назарына ұсынды.
Жәрмеңкеге келген азаматтарға ұсынылған жұмыс орындары туралы жан-жақты ақпарат берілді. Мамандар жұмысқа орналасу тәртібін, жұмыс берушілер тарапынан қойылатын талаптарды, еңбек жағдайларын және қызметтік міндеттерді түсіндірді. Сонымен қатар, жұмыс іздеушілер өздерін қызықтырған жұмыс орындары бойынша жұмыс берушілермен тікелей сөйлесіп, қажетті мәліметтерді алды.
Іс-шарада азаматтарға тек бос жұмыс орындары ұсынылып қана қоймай, еңбек нарығындағы қазіргі сұранысқа ие мамандықтар туралы да түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Аудандық Мансап орталығының мамандары жұмыс іздеу жолдары, жұмыспен қамту шараларына қатысу мүмкіндіктері және мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау тетіктері жөнінде кеңестер берді.
Бүгінде еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтарды меңгеру, кәсіби біліктілікті арттыру және жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнату – тұрақты жұмысқа орналасудың маңызды тетіктерінің бірі. Осы орайда бос жұмыс орындары жәрмеңкелерінің маңызы зор. Мұндай шаралар жұмыс іздеушілерге өз мүмкіндіктерін танытуға, лайықты жұмыс табуға жол ашса, жұмыс берушілерге қажетті мамандарды тікелей іріктеуге мүмкіндік береді.
Аудандық Мансап орталығының мамандары тұрғындарды жұмыспен қамтуға қатысты мемлекеттік бағдарламалар мен қолдау шаралары туралы тұрақты түрде ақпараттандырып келеді. Жұмыс іздеушілерге еңбек нарығындағы өзгерістер мен жаңа мүмкіндіктер туралы кеңес беріліп, жұмысқа орналасуға қажетті бағыт-бағдар көрсетіледі.
Жұмысқа орналасуға ниетті азаматтар аудандық Мансап орталығына жүгініп, аудан аумағындағы қолжетімді бос жұмыс орындары, жұмыспен қамту шаралары мен мемлекеттік қолдау бағдарламалары туралы толық ақпарат ала алады.
Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі – жұмыс іздеуші мен жұмыс берушіні бір арнада тоғыстыратын, тұрғындардың тұрақты жұмыспен қамтылуына нақты мүмкіндік беретін тиімді шаралардың бірі. Алдағы уақытта да мұндай кездесулердің жалғасуы аудан тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарына жол ашып, еңбек нарығындағы өзара байланысты нығайта түспек.
Нұрбол Құрмашев,
аудандық Мансап
орталығының директоры

Таңдаулы материалдар

Close