Basty bet
Қазақ келіні Наиля
Жүзін көрмей, сөзін естісеңіз, қазақ екеніне күмәніңіз болмайтын аудан орталығында әзірбайжан ұлтының қызы Наиля Мусилимқызы есімді көпбалалы ана тұрады. Қазақ тілінде бар ойын еркін жеткізіп қана қоймай, халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын да бір кісідей меңгеріп алған жас ана осындай қасиеттерінің арқасында бір шаңырақтың берекесін келтіріп, отбасының ұйытқысы болып отыр.
Наиля Мусилимқызы Қосмұрат ауылында туып өскен, балалық шағы сонда өтіп, Т.Рысқұлов атындағы орта мектепті бітірген соң, 2006 жылы Көлбастау ауылының азаматы Нұржан Байысбаевқа тұрмысқа шығады. Жолдасы Нұржан әскери қызметкер болған. Денсаулығына байланысты ол салада жұмыс істемейді. Қазіргі таңда түрлі жұмыстармен айналысады.
«Адам өміріндегі – ең үлкен қуаныш бала сүю» деп даңқты қолбасшы, батыр Бауыржан Момышұлы айтқандай, балалы болу бақыт, ал көпбалалы болу одан да үлкен бақыт болса керек. Көлбастаулық Байысбаевтар көпбалалы отбасылардың бірі. Олар «көпбалалы отбасы – ол үлкен бақыт, шатыққа толы жанұя, береке-бірліктің тоғысқан жері» дейді. «Балалы үй базар, баласыз үй қу мазар» демекші, олар баланы үйдің қуанышына, жүректерінің жұбанышына, құнды қазыналарына балайды.
Нұржан мен Наиляның жеті ұл-қызы бар. Тұңғыштары Болат Қарағанды қаласындағы әскери училищені бітіріп, оқуын ары қарай жалғастырып Алматы қаласындағы Әскери институтына оқуға түсті. Екінші ұлы Қасымбек биыл Тараз гуманитарлық-техникалық колледжіне грантқа оқуға түсті. Қалған балалары Диляра, Меруерт, Сабырбек, Ибраһим, Айша мектеп қабырғасында оқиды.
Наиля өзі 13 жыл бала күтіміне байланысты үйде отырған көпбалалы ана.
-Құрбым Лаура сұлулық салонда жұмыс істейді. Құрбымның ұсынысымен тырнақ әрлеуді үйреніп, осы кәсіпті меңгеріп алдым. Енді тырнақ әрлеудің шеберімін, тұтынушыларым да көп, олардың қалауымен неше түрлі дизайнмен жасап беремін. «Nuray Plaza» бизнес орталығында жұмыс жасағаныма бір жылдан асты, әріптестерім де жақсы. бәріміз бір үйдің баласындаймыз. Бұл кәсіпті меңгеріп, жұмыс жасап жатқаныма жеті жыл болды. Кішкентай қыздардың құлақтарын тесем, педикюр, маникюр, тырнақты ұзарту, қас теру барлығын жасай беремін. Аллаға сансыз шүкір, әуелі Алла, сосын Лаура құрбыма рақметімді айтам. Өз кәсібімді ұнатамын, жұмыс жасап жатып рахаттанамын. Болашақта осы кәсіпті дамытып, сұлулық салонымды ашу ойда бар.
Қазіргі таңда «Nuray Plaza» бизнес орталығында үш айлық оқу курсын оқып жатырмын. Стипендия алам. Осы кәсіпті дамытуға өз септігімді тигізгім келеді. Өзім алты жыл үй кезегінде тұрғам. Соның сәті былтыр түсіп екі бөлмелі пәтерге ие болдым. Аудан әкімі Жалғас Мұртаза өзі арнайы кілтін табыстағанда, қуанышымызда шек болған жоқ. Үйдің барлық жағдайы жасалған,- дейді іскер келіншек.
Наиля Байысбаева үй мен түздің тірлігін қатар алып жүрген жас аналардың қатарында. Оның жұмысы уақыт талғамайтыны белгілі. Кез келген уақытта тұтынушының көңілінен шығуға барын салады. Әйтсе де ол бір сәт бала тәрбиесі мен отбасының берекесін естен шығарған емес. Қазіргі таңда сүттей ұйып отырған өнегелі отбасында жеті бала тәрбие алуда.
Қазақта «Қимылдаған қыр асады» деген сөз бар? Қазіргі таңда екі қолға бір күрек таба алмай, жатыпішер жалқау атанып жүрген жастар жеткіліткі. Ал Наиля қолдан келгенше қамданып, кәсібінің тасын өрге домалатып отыр.
Лаура МҰСАБЕКОВА,
«Жаңа өмір»