Basty bet

БЕРЕКЕЛІ ОТБАСЫ – БАҚЫТ МЕКЕНІ

8 қыркүйек – «Отбасын саналы түрде құру» күніне орай Жуалы ауданында «Отбасын қолдау орталығының» ұйымдастыруымен «Отбасындағы психологиялық қауіпсіздік пен сенімділікті арттыру» тақырыбында психологиялық тренинг өтті.
Іс-шараны орталықтың психолог маманы Айгүл Дәрібаева ашып, қатысушыларды 2-8 қыркүйек аралығында өтіп жатқан Отбасы апталығымен құттықтады. «Отбасы – әр адамның жүрегіне жылу сыйлайтын, қуанышында бірге қуанып, қиын сәтінде қолдау көрсететін ең қымбат мекені. Берекелі отбасы – берекелі қоғамның негізі» деді ол.
Тренингке «Жас отау» клубының мүшелері – жас отбасылар қатысты. Сондай-ақ. қонақ ретінде «Әділет» партиясы аудандық филиалының төрағасы Гүлнар Әбілдаева, аудандық орталық аурухананың «Отбасын жоспарлау» мектебінің акушер-гинеколог дәрігері Ғазиза Егізбаева, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Әбуғали Ералиев, медиатор Мұхидин Нұрпейісов, әкелер кеңесінің төрағасы Нүриддин Нұрғабылов қатысып, өз ойларымен бөлісті.
Жас жұптар ортаға шығып өздерін таныстырып, отбасындағы өзара түсіністік, жауапкершілік туралы пікір алмасты.
Тренингтің басты мақсаты – жас отбасыларға психологиялық қауіпсіздік ұғымын түсіндіру. Психолог маманның айтуынша: «Отбасында ашулану немесе пікір қайшылығының болуы – қалыпты жағдай. Бірақ эмоцияны қорқыту, балағаттау, кемсіту арқылы емес, сабырлы сөйлесу және өз сезімін дұрыс жеткізу арқылы білдіру маңызды. Қауіпсіз отбасы дегеніміз – ешқашан келіспеушілік болмайтын отбасы емес. Маңыздысы – мәселені шешу кезінде адамның қадір-қасиетін сақтай білу».
Жас отбасылар: «Отбасы – дайын күйінде берілетін бақыт емес, оны екі адам күн сайын бірге қалыптастырады. Сенім – сөзбен ғана емес, әрекетпен, махаббат – сезіммен ғана емес, қамқорлықпен» деген ойды тренингтен түйгені анық.
Отбасы – ұлттың ұйытқысы «Отбасын қолдау орталығының» директоры Жәмила Қалымбетова отбасы құндылықтарын дәріптеудің мемлекет саясатының басты бағыты екенін атап өтті. «Отбасы – қоғамның негізгі тірегі, мемлекет тұрақтылығының берік негізі. Қазақ халқы қашанда отбасы құндылығын жоғары бағалап, ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берген. Үлкенге құрмет, кішіге ізет, ата-анаға қамқор болу – осының бәрі отбасынан басталады». Сондай-ақ қонақтар жас отбасыларға ақыл-кеңестерін айтып, ақ баталарын берді.
Шара соңында ұйымдастырушылар: «Отан отбасынан басталады» деген даналық сөздің маңызы зор екенін жеткізді. Татулық пен түсіністік орнаған шаңырақта тәрбиеленген ұрпақ ел дамуына өз үлесін қосатын саналы азамат болып қалыптасады. Ұйымдастырушылар аудан тұрғындарын Отбасы күнімен құттықтап, әр шаңырақта шаттық пен қуаныш, ынтымақ пен бірлік болуын тілейтінін жеткізді. Отбасы күні құтты болсын!

Лаура МҰСАБЕКОВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close