Basty bet
Орман қорын молықтыру – ортақ міндет
Табиғатқа жанашырлық – өзіңнің туған еліңе, қасиетті Отаныңа және отбасыңа деген жанашырлықты білдірсе керек. Ал, қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық мәдениетті қылыптастыру міндеті әрбір азаматтың өз отбасынан басталады. Сол себептен табиғатты пайдалану кезінде оған жанашырлықпен қарап, жас ұрпақ болашағын ойлауға тиіспіз. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында: «Әрбір азаматымыз, әсіресе, жастар ең жақсы қасиеттерді бойына сіңіруі қажет. Оның бәрі бірігіп, біртұтас қоғамдық қасиетке айналады. Әркім отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болса, алынбайтын асу жоқ.
Абайдың «Толық адам» ілімінен бастау алатын «Адал азамат» тұжырымдамасының түпкі мәні – осы. Тағы да қайталаймын: Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары егіз құндылық ретінде әрдайым қатар жүруге тиіс» деп атап өткен болатын. Президент ұсынған «Адал азамат» тұжырымдамасында да айтылған адалдық, әділдік және жанашырлық туралы ұғымдар да өз Отаныңмен қатар, табиғат пен қоршаған ортаны да көздің қарашығындай қорғау керек деген түсінікке келіп саяды.
Елдің экологиялық ахуалын жақсартуда және халық арасында экологиялық сананы орнықтыруда орман шаруашылығы саласы маңызды рөл атқарады. Бұл бағытта Жуалы ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі қызметкерлерінің күш біріктіру арқылы бірлесіп атқарып келе жатқан жүйелі жұмысы мен қажырлы еңбектерін ерекше атап өткен жөн.
Экологиялық және биологиялық әркелкілікті сақтауда табиғаты көркем, ауасы таза Жуалы ауданында да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Орман қорын молықтыру ісімен қатар, өсімдіктер мен жан-жануарлар дүниесін көздің қарашығындай қорғау ісінде жуалылық орманшылардың қосып отырған үлесі орасан. 5 маусым – Қоршаған ортаны қорғау күніне орай аудандағы ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің табиғатты қорғау бағытындағы атқарып жатқан жұмыстары туралы әңгімелейміз.
2002 жылы Жамбыл облысы әкімдігі қаулысының негізінде құрылған аталған мекемені бір жылдан астам уақыттан бері Дәурен Тастанбеков басқарып келеді. Дәурен Жылкелдіұлы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетін эколог мамандығымен және С.Сейфуллин атындағы Қазақ ұлттық агротехникалық университетін орманшы (магистр) мамандығымен тамамдаған жоғары білімді маман. Алғашқы еңбек жолын Жамбыл облыстық жануарлар дүниесін қорғау аумақтық инспекциясында бөлім басшысы болып бастаған ол әр жылдары Жамбыл облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының жанынан құрылған «Сапсан» мамандандырылған жедел тобының аға инспекторы қызметін атқарып, кейіннен Луговой орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің жұмысына басшылық жасаған. Табиғатты қорғау саласында 20 жылдан бері үздіксіз тер төгіп келе жатқан білікті маман Жуалы орман шаруашылығы мекемесінің директоры ретінде қасиетті өңірдің табиғаты мен жануарлар дүниесін қорғау ісінде әріптестерімен бірге аянбай еңбек ету үстінде.
Атап айтатын болсақ, табиғатты қорғауға жауапты мекемеде барлығы 90-ға жуық қызметкер жылдың төрт мезгіліндегі кез келген ауа райы жағдайында уақытпен санаспай еңбек етіп келеді. Мамандардың 70 пайызға жуығының жоғары білімді азаматтар екенін ескерсек, оның ішінде, 15-і маман, 32-сі орман қорықшысы, 32-сі орман өрт сөндірушісі, тоғыз адам тракторшы және жүргізуші болып еңбек етеді. Өз ісінің кәсіби шеберлері ретінде аға орманшы-қорықшылардан табиғатты қорғау саласында 30 жылдан астам уақыт үздіксіз тер төгіп келе жатқан тәжірибелі аға қорықшылар – Саябек Тулеевті, Қайрат Үмбеталиев пен Мүсірбек Жаманқұловты, орманшылық басшысы Мұрат Өмірбековты, орта буын қызметкерлерден – орман қорғау инженері Мадияр Дауитовты, орманшылық басшысы Бақытжан Бекжігітовты, орман молықтыру инженері Рүстем Сағынбековты, орманшы-қорықшылар – Әліби Алтынбековты, Шернияз Суликовты, ал аға мамандардың жолын лайықты жалғастырып келе жатқан жас мамандардан – Дәрмен Мырзанды, орманшылық басшысының көмекшілері – Нұрсұлтан Сапарбаев пен Байел Сағындықты, орман шеберлері Дидар Тұрарбековты, Ердос Бибасарды, Нұрахмет Сапарбаевты, орман пайдалану инженері Әділет Шынасылды, орман өртін сөндіру станциясының басшысы Естай Бақтыбекті, аңшылық маманы Сұңғат Әбделінің, т.б. есімін атап өтуге болады.
Жасыл желек – жанға сая. Ағаш қыстың суығында пана болса, жаздың аптап ыстығында тал-дарақтың көлеңкесінен сая табатының анық. Табиғаттың «жасыл өкпесі» саналатын ағаштарды көбейту – экологияны жақсартып, қоршаған ортаны қорғау тұрғысынан алғанда маңызды міндеттердің бірі екені белгілі. Ауданның аумағын, оның ішінде, орман шаруашылығы мекемесіне қарасты белгіленген аумақтарда орман өскіндерін молынан өсіріп, өңірде тал-дарақтардың санын көбейту міндеті бірінші кезектегі мәселе екені ешбір дау тудырмаса керек. Бұл мақсатта орман қорғаушылар түрлі ағаш көшеттерін алдымен арнайы тұқымбақта өсіріп, оны тұқымынан көбейту арқылы орман қорын молықтыру ісін жүйелі түрде қолға алған десек, артық айтқандық емес. Қазіргі таңда Жуалы ауданының орман шаруашылығы мекемесіне қарасты Ақсай айналымының аумағында орналасқан 8 гектар тұқымбақтың бес гектары тұрақты пайдаланылады. Мұнда негізінен қарағай, шырша, арша және туя ағаштарының көшеті тұқымынан егіліп, жыл бойы күтіп-бапталады. Қазір мұнда 2018-2026 жылдары аралығында егілген екі мың данаға жуық қылқан жапырақты ағаштың көшеттері өсірілу үстінде.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекеме ағаш көшетертін көбейту жұмысын жүйелі түрде қолға алып, қазір мекеменің 43-ші орамының бірінші телімінде (Мыңбұлақ ауылдық округіне қарасты Талапты ауылының солтүстік-батыс беткейі) екі гектар аумаққа тұқымбақ орналастырылған. Мұнда негізінен қарағаштың көшеті мен қарағай көшеті күтіп-бапталады. Қырым қарағайының 500 дана көшеті мұнда Ақсай тұқымбағынан тасымалдап, отырғызу әдісімен осында егілген. Биыл ерте көктемде отырғызылған жас көшеттердің біршама бой алып, жас өскіндердің биіктігі 15-20 сантиметрге дейін жеткені байқалады. Одан бөлек, биыл тұқымбақтың бір гектарына қарағаштың көшеті тұқымынан себіліп, күтіп-бапталып жатыр. Бұрынырақта егілген қарағаш көшеттерінің де шығымын өте жақсы деп бағалауға болады.
Тұқымбақтың жұмысына жауапты маман, орманшы-қорықшы Бақтияр Әбішев өз сөзінде, ағаш көшеттерін тұқымынан егіп, көбейтіп, дайын көшеттерді орман қорын молықтыруға пайдалану жұмыстарының ұзақ процес пен қажырлы еңбекті талап ететінін айтады. Қазір мұнда жас көшеттер отырғызылған алқаптардың арамшөбін жұлу, түбін қопсыту және шөп ору жұмыстарының жүргізіліп жатқан көзбен көрдік. Тұқымбақта өндірілген көшеттерге Луговой, Меркі орман шаруашылықтарынан, сонымен қатар, ауданға қарасты ауылдық округтің әкімшіліктерінен сұраныс өте көп. Бұл өз кезегінде орман қорын тұрақты молықтырып, ауыл-аймақтың айналасын жасыл желекпен көмкеру ісінің жылдан жылға қарқын алып келе жатқанын көрсетсе керек. Одан бөлек, мекемеге қарасты Мойынқұм ауданының территориясындағы «Қоянды» орманшылығында сексеуіл көшетін көбейтуге арналған жалпы аумағы бес гектар тұқымбақ орналасқан. Мұнда да күз мезгілінде сексеуілдің тұқымын жинау арқылы сұрыптап, оны алқаптарға егіп, күтіп-баптау жұмыстары тұрақты атқарылып келеді. Мұндағы жұмыстарға орманшылық басшысы Бақытжан Бекжігітов жауапты.
Табиғатты қорғау және орман мен жануарлар дүниесіне қамқорлық жасау ісінде өрт сөндіру бағытында атқарылатын жұмыстардың маңызды орын алатыны белгілі. Соңғы жылдары ғаламдық жылынуға байланысты көктем мен жаз мезгілдерінің ыстық болуы да өрт қауіпсіздігі кезеңінде орман күзетіндегі өрт сөндірушілердің жұмысын күрделендіре түсіп, оларға жүктелетін жауапкершілікті де арттыра түсетінін аңғару аса қиын емес. Жуалы ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесінде бұл бағытта – «Жуалы», «Қоянды» және «Жуалы-Қарашат» орманшылықтарында барлығы 32 қызметкер еңбек ету үстінде. Олар жаз мезгілінде өрт қауіпті маусымы кезінде ерте көктемнен бастап қара күзге дейін аталған орманшылықтың аумақтарын «тілсіз жаудан» қорғау қызметін мүлтіксіз атқарады. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде, 2025 жылы «Қоянды» орманшылығында 25 гектар ғана аумақтың өрттен зардап шеккенін айтады мекеме мамандары. Қызыл жалынның дер кезінде сөндіріліп, қалған аумақты оттан аман қалуға мүмкіндік м
– Табиғатты қорғау және орман қорын молықтыру бағытында атқарылған нақты жұмыстарға тоқталатын болсам, 200 гектардан астам құмды алқапқа сексеуіл көшеттерін егу жұмыстарына жан-жақты дайындық жасалу үстінде. Айта кететін болсақ, Жамбыл облысына қарасты Мойынқұм ауданының территориясында барлығы – 73 629 гектар жер Жуалы орманшылығы мекемесіне бекітіліп берілген. Ондағы «Қоянды» орманшылығының штабында қызметкерлерге үй-жай, жатын орын, азық-түлік, т.б. қажеттіліктердің барлығы қарастырылған. Мұнда олар құмды алқаптағы аң-құстар мен өсімдіктер дүниесін қорғаумен бірге, сексеуіл тұқымын жинаумен айналысады. Сексеуіл тұқымы тәлімбақта өсіріліп, көшеттер құмды алқапқа отырғызылады. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстардың орман қорын молықтыру, сексеуілі сиреген құмды алқаптарды орман өскіндерімен көмкеру ісінде маңызы өте зор,- дейді мекеме директоры Дәурен Тастанбеков.
Ормандарды молайту және қалпына келтіру бағытында мекемеге қарасты орман қоры жерінде, атап айтқанда, 2024 жылы 668 гектар алқапқа 2 млн дана сексеуіл көшеті отырғызылса, 2025 жылы көктемде 200 гектарға 625,0 мың дана, 2026 жылы көктемде 200 гектарға сексеуіл көшеті отырғызылған. Ал, 2027 жылы 200 га алқапқа сексеуіл көшеттерін отырғызу жоспарланған.
Жабайы табиғатты және далалық алқаптарды табиғат қаскөйлерімен қатар, «тілсіз жау» өрттен қорғау ісі де үлкен маңызға ие екенін жақсы білеміз. Орманды күзету, қорғау, молықтыру және орман пайдалану мәселелерімен орман шаруашылығы қызметкерлерінен тұратын мемлекеттік орман күзеті айналысады. Қазақстанның Қызыл кітабына енген жабайы жануарларды қорғап, табиғи жолмен көбейту міндеті мекеменің білікті аңшылықшы маманы Сұңғат Әбделі жетекшілік ететін топқа жүктелген.
Айта кететін болсақ, аталған мемлекеттік мекемеге қарасты жалпы жер көлемі – 103 861 гектарды құраса, Қоянды орманшылығының жер көлемі – 73 629 гектар, ал Жуалы орманшылығы – 30 232 гектар аумақты алып жатыр. Мекемеде ерекше қорғалатын екі бірдей табиғи аумақ бар. Олар – «Берікққара» және «Жуалы-Қарашат» ерекше қорғалатын табиғи аумақтары. Республикалық дәрежедегі ерекше қорғалатын «Берікқара шатқалы» мемлекеттік табиғи қаумалының жалпы көлемі – 17 500 гектар болса, ал жергілікті маңызы бар «Жуалы-Қарашат» аумағының көлемі – 148 300 гектар аумақты алып жатыр.
Мекеменің мәліметінше, есепті кезеңде ерекше қорғалатын табиғи аумақта (ЕҚТА) екі заң бұзушылық тіркелген. Табиғат қаскөйлері аңшылыққа шығып, ерекше қорғалатын аумақта қару асынып, аң атуға ниеттенген заң бұзушылардың жолы дер кезінде кесіліп, қазір бұл бойынша іс-құжаттар соттың қарауына жолданғанын айтады мекеме басшылығы. Өңірдегі ормандар мен жануарлар дүниесін қорғау бағытында заңсыз әрекеттерге жол бермеу мақсатында бірқатар рейдтік іс-шаралар жүргізіліп, оның нәтижесінде, әртүрлі заң бұзушылықтарға байланысты 28 хаттама толтырылған. Сонымен қатар, мекемеде орман ресурстарын пайдалану бағытында да жүйелі жұмыстар атқарылу үстінде. Осы тұста аудан тұрғындары мен қонақтарына табиғат аясына демалуға шыққанда айналаны ластамай, қоқыс тастамауды қатаң ескерткен жөн. Бұл бағытта мекеменің әлеуметтік желі парақшаларына ескерту материалдары тұрақты жариялану үстінде. Қоршаған ортаны қорғау ісінде мұның да маңызы өте зор. Шын мәнінде, туған өлкенің табиғатына шынайы жанашырлық танытып, сауабы мол игілікті істі ешкімнен ешқандай ақы сұрамай-ақ, атадан балаға дәстүрлі түрде жалғастырып, адал атқарып келе жатқан азаматтардың бар екені көңіл қуантады.
Қасиетті Жуалы өңірінің тұмса табиғатын қорғау ісінде орманшы-қорықшылардың тарапынан атқарылып келе жатқан жұмыстардың ауқымды екенін білеміз. Табиғатты молайту, оған қамқорлық жасау тоқтаусыз жүргізілетін процесс екенін ескерсек, далада «қар жамылып, мұз жастанып» жылдың төрт мезгілінде жұмыс атқаратын сала қызметкерлерінің еңбегі адал. Тұмса табиғатты қорғау ісінде орманшылармен қатар, «Сапсан» мамандандырылған жедел тобы, «Охотзоопром» РМҚК-ның қызметкерлері, облыстық аумақтық инспекциясы және табиғатты қорғау полициясы тізе қосу арқылы бірлесіп қызмет атқару үстінде.
Қасиетті Мыңбұлақ, топырағына кие қонған Жуалы өлкесінің тарихы терең, табиғаты көркем. Жуалы орманшылығының шекаралары Түркістан облысының аудандарымен және Жамбыл облысының Талас, Сарысу, Жамбыл және Байзақ аудандарымен шектесіп жатыр. Айбарлы Алатаудың аймағында ауданның территориясымен шектесетін әйгілі «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығының өзінде өсімдіктің 6 000-нан астам түрі тіркелген. Бұл – біздің баға жетпес байлығымыз. Көркіне көз тоймайтын көркем өлке, осынау қасиетті өңірдің тұмса табиғатын келер ұрпаққа осы қалпында сақтап, жеткізу – қасиетті де қастерлі борыш!