Basty bet
Тағылымы мол кездесу
Сәрсенбі күні аудандық төтенше жағдайлар бөлімінде Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне және Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл толуына орай тағылымды кездесу өтті. Жиынға Семей ядролық сынақ полигонының ардагерлері, төтенше жағдайлар және өрт сөндіру бөлімдерінің қызметкерлері қатысты.
Кездесуге облыстық «Чернобыль» және Семей полигоны ардагерлері бірлестігінің төрағасы Шынарбек Райысбеков, Жуалы ауданындағы Семей полигоны ардагерлері ұйымының төрағасы Батихан Байтоқов, сондай-ақ, полигон ардагерлері Абралы Сейтқали мен Байғара Шайхиев қатысты.
Жиынды аудандық төтенше жағдайлар бөлімі басшысының міндетін атқарушы, азаматтық қорғау подполковнигі Мейірхан Әлімбеков ашып, жүргізіп отырды. Ол алғашқы сөзді облыстық ардагерлер бірлестігінің төрағасы Шынарбек Өкенұлына берді.
Шынарбек Райысбеков өз сөзінде, Семей ядролық сынақ полигонының тарихына кеңінен тоқталып, ядролық сынақтардың адам денсаулығына, қоршаған ортаға және тұтас ұрпақтың тағдырына тигізген зардаптары жөнінде әңгімеледі. Сондай-ақ, полигон жабылуының тарихи маңызына тоқталып, кейінгі ұрпаққа бейбітшіліктің қадірін түсіндіру, ядролық қаруға қарсы көзқарас қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.
Ардагерлер өз бастарынан өткізген қиын кезеңдерді еске алып, сол жылдардағы ядролық сынақтардың салдары туралы ой бөлісті. Олар жас ұрпаққа бейбіт өмірдің бағасын білу, ел тарихын ұмытпау және өткеннен сабақ алу қажеттігін жеткізді.
Жиында Семей ядролық сынақ полигонының жабылуы Қазақстанның ядролық қарусыздану жолындағы тарихи әрі маңызды қадам болғаны айтылды. 1991 жылғы 29 тамызда Семей полигонының жабылуы – ел тарихындағы айтулы оқиғалардың бірі. Осыған байланысты жыл сайын аталып өтетін Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні де ядролық қарудың адамзатқа тигізген зардаптарын еске салып, бейбітшіліктің маңызын насихаттауға бағытталған.
Кездесуде төтенше жағдайлар саласының қызметкерлері ардагерлерге толғандырған сұрақтарын қойып, олардың естелік әңгімелерін тыңдады. Ардагерлердің өмірлік тәжірибесі мен тағылымды сөздері жас мамандар үшін де, кейінгі ұрпақ үшін де маңызды екені сөзсіз.
Жиын соңында қатысушылар осыдан бес жыл бұрын Жамбыл облысының Байзақ ауданында орын алған қайғылы оқиғаны да еске алды. 2021 жылы Байзақ ауданында орналасқан 28349 әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасында өрт болып, салдарынан 17 адам қаза тауып, 98 адам жарақат алған еді. Қызметтік міндетін атқару кезінде қаза болған азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Кездесу соңында ұйымдастырушылар ардагерлерге алғыс білдіріп, елдің амандығын, жердің тыныштығын тіледі.
Осындай тағылымды кездесулер – өткен тарихты ұлықтап қана қоймай, өскелең ұрпақтың тарихи санасын қалыптастырып, бейбітшіліктің қадірін терең түсінуге ықпал ететін маңызды шара. Семей полигонының қасіреті мен оның жабылу тарихы – ядролық қарудың зардабын ұмытпауға, бейбіт өмірдің бағасын білуге үндейтін ұрпаққа аманат.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»
