Basty bet
Тұрақты экономикалық өсім – аудан дамуының алғышарты
Жуалы ауданы әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімі Жалғас Мұртазаның қатысуымен аудандық қоғамдық кеңес мүшелерімен жиын өтті. Басқосу барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері сараланып, ағымдағы жылдың алғашқы жарты жылдығында атқарылған жұмыстардың қорытындылары жан-жақты талқыланды.
Жиында аудан әкімі Жалғас Мұртаза баяндама жасап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму бағытындағы негізгі көрсеткіштерге кеңінен тоқталды. Атап айтқанда, өнеркәсіп өндірісі, ауыл шаруашылығы, құрылыс саласы, инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау, бюджет кірістерін ұлғайту және мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы жөнінде нақты мәліметтер келтірілді.
Сонымен қатар, аудан экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз етуге бағытталған инвестициялық жобалар, инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары және алдағы кезеңге жоспарланған маңызды бастамалар таныстырылды. Аудан басшысы жүзеге асырылып жатқан жобалардың өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға да оң ықпал ететінін атап өтті.
Аудан әкімі Жалғас Мұртаза ауданның тұрақты дамуы үшін инвестиция көлемін ұлғайту, жаңа өндіріс орындары мен жұмыс орындарын ашу, ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру, шағын және орта бизнесті қолдау, сондай-ақ тұрғындардың әл-ауқатын арттыру басым бағыттардың бірі болып қала беретінін айтты. Бұл міндеттерді жүзеге асыруда мемлекеттік бағдарламалар мен ұлттық жобалардың мүмкіндіктерін тиімді пайдалану маңызды екеніне тоқталды.
Жиында аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев сөз сөйлеп, аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстардың маңыздылығын атап өтті. Ол мемлекеттік бағдарламалардың сапалы әрі тиімді орындалуы, жергілікті қоғамдастықпен өзара іс-қимылды нығайту және қоғамдық бақылау тетіктерін жетілдіру алдағы жұмыстардың нәтижелілігін арттыра түсетінін жеткізді.
Кездесу барысында қоғамдық кеңестің мүшелері де пікір білдіріп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. Әсіресе, инженерлік және жол инфрақұрылымын дамыту, ауылдық елдімекендерді абаттандыру, кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін жетілдіру, әлеуметтік нысандардың жұмыс сапасын арттыру, жастарды жұмыспен қамту және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Жиын ашық пікір алмасу форматында өтіп, көтерілген мәселелер бойынша ой-пікірлер айтылды. Қоғамдық кеңес мүшелері ауданның алдағы даму жоспарларын іске асыруда тұрғындардың ұсыныстары мен қоғамдық бақылаудың маңыздылығына тоқталды.
Кездесу соңында аудан әкімі қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан айтылған ұсыныстар мен пікірлердің барлығы мұқият зерделеніп, алдағы жұмыс барысында ескерілетінін жеткізді. Сондай-ақ, мемлекеттік органдар мен қоғамдық кеңес арасындағы ашық диалог пен сындарлы ынтымақтастық алдағы уақытта да жалғасып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған бірлескен жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылатынын атап өтті.