Basty bet

Қасапшыға үйде мал союға рұқсат етіле ме?!

Сойылған малды санитариялық- эпидемиологиялық тексерістен өткізбейтіндер баршылық. Жуалы ауданында қазіргі таңда мал етін ақыға сойып (қасапшылық) және ет сатумен айналысатын азаматтар баршылық. Алайда олардың көбісі санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтамайды.
Етті сақтау, өңдеу және өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектілеріне қойылатын ветеринариялық талаптарға сәйкес келетін сою пункттерінде немесе ет өңдеу кәсіпорындарында жүзеге асырылады. Аталған пункттерде міндетті түрде малдың еті санитариялық-эпидемиологиялық сараптамадан өткеннен кейін ғана сатуға рұқсат беріледі.
Малды ақыға союмен айналысатын азаматтар қағидаларға сәйкес берілген есептік нөмірлері бар сою пункттерінде, ет өңдеу кәсіпорындарында немесе сою алаңдарында жүзеге асыруы міндет. Аталған ет сою пунктері ауру тарамас үшін ауыл сыртында болуы қажет. Сонымен қатар, малдың сойылған кездегі ішек-қарындары айдаладағы арнайы шұңқырға көміледі.
Алайда қазіргі таңда ақыға ет соятын кейбір қасапшылар аталған талаптарды сақтамай, яғни, ауылдың қақ ортасынан, үйлерінде мал қораның қасына мал соятын арнайы орын (үй-жай) соғып, етті ақыға сойып сатумен айналысады. Малдың ішек қарындарын үй ауласы артына тастайды, оны көшелердің иттері жейді, сол итті егелері және олардың балалары ұстайды, бұл өз кезегінде аурудың тарауына жағдай туғызады.
Аталған іс әрекеттер санитариялық- эпидемиологиялық талаптарға мүлдем қайшы келеді, яғни, көшедегі жақын арада орналасқан көрші тұрғындардың денсаулығына зиянын тигізетіні анық.
Б.Момышұлы ауылында тіркелген екі мал сою алаңы бар. Олар ауыл сыртында орналасқан, бірақ сонда да үйлерінде мал соятын қасапшылар көп.
Б.Момышұлы әкімшілігі ветеринариялық инспекциямен бірлескен комиссиясы тексеріспен бару кезінде қасапшылар үйлеріндегі мал сою орнын жуып тазалап қойып, мал союмен айналыспайтынын жеткізеді.
Сол себептен, үйде мал соятын қасапшыларды әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін, үйде мал сойып жатқандығы туралы фото дәлелдемелер қажеттігі туындайды.
Осы тұрғыда туындаған проблеманың, яғни, көршісі малды үйінде сойып сатумен айналысатын іс-әрекеттер анықталса, әр азаматтың ауыл әкімшілігіне өтінішпен жүгінуге толық құқығы бар.
Ауыл шаруашылығы жануарларын союды ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 27 сәуірдегі №7-1/370 бұйрығына сәйкес жануарлардан алынатын өнімдер (ет және ет өнімдері) мен шикізатты ішкі сауда объектілерінде өткізуге ауыл шаруашылығы жануарының осы Қағидалардың талаптарына сәйкес сойылғандығын растайтын ветеринариялық құжаттар болған кезде ғана жол беріледі.
Мал сойып санитариялық- эпидемиологиялық талаптарды сақтамайтындарға қатысты әкімшілік жауапкершіліктер төмендегідей:
Әкімшілік құқықбұзушылық туралы ҚР-ның Кодексінің 406-бабына сай:
Жануарларын союдың шарттары мен талаптарын сақтамау жеке тұлғаларға – 20, шағын кәсіпкерлерге – 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер жеке тұлғаларға – 40, шағын кәсіпкерге – 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Ветеринариялық іс-шараларды өткізбеу немесе тиісінше өткізбеу, сондай-ақ, оларды өткізу мерзімдерін бұзу –жеке тұлғаларға – 25, шағын кәсіпкерлерге – 125 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер жеке тұлғаларға – 50, шағын кәсіпкерлерге – 250 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Қорытындылай келе, әр азамат кәсібін жасап жүргенде тек өзінің табысын ғана емес, өзге де азаматқа тиетін зиянын ойлап, талаптарды сақтап, заң мен тәртіпті ұстануы абзал, өйткені, барлық заңдарда қисынды әрекеттерге қатысты жауапкершілік шаралары қарастырылған, соны ескерейік, ағайын!

Лаура МҰСАБЕКОВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close