Basty bet

Жол – экономиканың күретамыры!

«Б.Момышұлы-Көлтоған-Қошқарата-Қызтоған» бағытындағы облыстық мәндегі автомобиль жолы орта жөндеуден өтуде

Жол – экономиканың күретамыры. Алайда кейбір өңірлерде ауданаралық және ауыларалық автомобиль жолдарының жай-күйі бүгінгі күнге дейін күрделі мәселелердің бірі болып отырғаны жасырын емес. Сонымен қатар, бұл маңызды мәселе ары-бері қатынайтын жолаушылар мен көлік жүргізушілерінің жанайқайын туғызатыны анық. Өңірлерді бір -бірімен байланыстыратын күрежолдардың және ауыларалық автомобиль жолдарының жанға жайлы болғаны қандай жақсы.
Бұл тақырып туралы кеңірек айтсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған 2024 жылғы Жолдауында Үкімет пен атқарушы орган басшыларын барынша халықпен тығыз жұмыс істеуді атап өткенін жақсы білеміз. Яғни халықтың әл-ауқатын жақсартуға септігі тиетін шаралар қолдану және жұмыс барысында халықпен тығыз байланыста болыңыздар делінген.
Тағы да айта кетерлігі, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында:«Бюджеттен қыруар қаржы бөлінсе де, бұл мәселе өз шешімін таппай келеді. Мен 2025 жылға дейін ауылдық жерлерде және қала ішіндегі жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма бердім» деп атап көрсеткен болатын.
«Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Автокөлік жолдарының жай-күйі – өзекті мәселе. Мен бұл туралы осыған дейін де айттым. Биыл елімізде 12 мың шақырымға жуық жол салынып, жөнделіп жатыр. Қазақстанда мұндай ауқымды жұмыс бұрын-соңды болмаған. Астана-Алматы, Ақтөбе-Атырау-Астрахань, Талдықорған-Өскемен бағытындағы күре жолдарды қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып қалды. 2,5 мың шақырымға созылатын облысаралық және ауданаралық жолдарды орта деңгейде жөндеуге арналған бағдарламаның мән-маңызы зор. Дәл осы жолдармен жұрт өте жиі жүреді. Сондықтан бағдарламаның ауқымын кеңейтіп, оған кемінде 10 мың шақырым жолды қамтуды тапсырамын.
Әрине, мұнда саннан гөрі сапа маңыздырақ. Сол үшін инновациялық заманауи әдіс-тәсілдерді кеңінен қолданған абзал. Бұл жұмысқа қоғамдық бақылауды күшейту үшін бірыңғай цифрлық платформаны іске қосқан жөн. Онда барлық жолды, соның ішінде, қала аумағындағы жолдарды салуға және жөндеуге қатысты ақпарат болуы керек» делінген.
«Жол азабын жүрген біледі» демекші, ауданға қарасты Қошқарата ауылы мен аудан арасын бір-бірімен қосатын автокөлік жолдары күрделі мәселенің бірі болатын. Бұндайда көлік тізгінін ұстаған жүргізушілердің шегетін азабымен қоса, темір тұлпардың да сұрқы қашады. Автокөлік тізгіндеген жүргізушілер діттеген жеріне жеткенімен, көліктің қосалқы бөлшектерінің сыр беріп тұрғанын көріп көңілдері құлазитыны жасырын емес. Бұл мәселе қалтаға да салмақ салмай қоймайды.
Осыған қарап айтсақ, жол шын мәнінде өмірдің өзегі, тіршіліктің көзі болып табылады. Сол себепті де өркениетті елдердің жол қатынасына айрықша назар аударатыны да сондықтан.
Осы орайда ұзақ жылдан бері көкейкесті мәселелердің бірі болып келе жатқан мәселе шешімін тауып, биыл Қошқарата ауылдық округінен басталатын облыстық мәндегі автомобиль жолының жөндеу жұмыстары қарқынды түрде жүруде. Оның ішінде ауыл арасындағы барлық көшелерді жөндеу мақсатында тиісті жұмыстар атқарылуда.
Қошқарата ауылдық округінен аудан орталығына қарай биыл мамыр айының 27-нен басталған күрделі жол жұмыстары сапалы түрде атқарылып жатыр. Жұмыс барысымен танысу үшін біз осы аптада жол құрылысының басына арнайы барып, мердігер мекеменің учаске бастығы Нұрғали Амиреевпен сөйлескен болатынбыз. Жол құрылысына жауапты маман күрежолдың сапасы мен жасалу жұмыстары жайлы ақпараттармен бөлісті.
Атап айтқанда, «Б.Момышұлы-Көлтоған-Қошқарата-Қызтоған» бағытындағы облыстық мәндегі автомобиль жолының күрделі жөндеу жұмыстары Қошқарата ауылдық округінен басталып, дәлірек айтсақ, 45-60 шақырымның арасында қарқынды жүру үстінде. Бұл жобаны жол құрылысы нарығында ұзақ жылдық тәжірибесі бар тараздық «Рауан» ЖШС атқару үстінде. Жаңадан салынып жатқан автомобиль жолының сапасына тоқталсақ, оның ені – 6 метрді құраса, асфальт жабынының қалыңдығы – 7 сантимерді құрайды.
Алыс ауылдар мен ауданның орталығы Б.Момышұлы ауылын бір бірімен жалғайтын автомобиль жолының монтаждау-жөндеу құрылыс жұмыстарының басында 40 шақты маман-жұмысшы, одан бөлек, ауыр техниканың рөлінде кәсіби мамандар қызу еңбек етуде. Атап айтқанда, негізінен құрылыс жұмыстары 32 бірлік қуатты арнайы техниканың күшімен атқарылуда. Техникалардан – 20 бірлік КамАЗ, 1 грейдер, 1 асфальтоукладчик, 1 ресайклеры, 2 су таситын жүк көлігі, әртүрлі салмақтағы грунтты котоктар, эксковатор т.б. бар.
Сонымен қоса, 2025 жылы ауданға қарасты Қошқарата ауылындағы Д.Қонаев көшесі орта жөндеу жұмыстарынан өткен. Жобаны мердігер «ПМК-109» ЖШС атқарған. Техникалық қадағалаушы – «Аркада KZ» ЖШС. Қосымша айта кететін болсақ, жол құрылысында 2024 жылы Қошқарата ауылындағы Е.Сауранбекұлы көшесі және Қонаев көшесінің 3 бұрылысына орта жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұл жобаны «Сафиянұр» ЖШС атқарған.

Ердос Кенжебек

Таңдаулы материалдар

Close