Basty bet
Ұрпақтар сабақтастығы және ұлттық құндылықтар
Президент ұсынған «Әділетті Қазақстан» және «Адал азамат» қағидаттарын қоғамда кеңінен насихаттау мақсатында ауданда тағылымды жиын ұйымдастырылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» және «Адал азамат» қағидаттарын қоғамда кеңінен насихаттау және оларды нақты қоғамдық жобалар арқылы іске асыру мақсатында Жамбыл облысының ардагерлер қауымдастығының қоғамдық әлеуетін тиімді пайдалану мақсатында Жамбыл облысында «Ұрпақтар сабақтастығы және ұлттық құндылықтар» атты облыстық іс-шараларды жүзеге асыру қолға алынды.
Аталған бағдарламаның негізгі мақсаты – ардагерлердің өмірлік тәжірибесі мен даналығын жастардың тәрбиесіне бағыттап, ұрпақтар сабақтастығын нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, отбасы институтын күшейту, жастарды адал еңбекке, білімге отансүйгіштікке және қоғамдық жауапкершілікке тәрбиелеу болып табылады. Сонымен қатар, «Даналық формуласын» облыстың барлық аудандары мен қалаларында ардагерлердің жастарға тәлімгерлік етуінің жүйелі институты ретінде қалыптастыру көзделеді.
Бағдарлама негізгі 8 бағыттан тұрады. Олар – «Үлкенді құрметтеу – ұлттық дәстүр», «Кітаппен келешекке», «Алтын орта – тарихи сана мен бабалар аманаты», «Отбасы құндылықтары», «Дәстүрлі дін және ұлттық бірегейлік», «Адал азамат – жастар тәрбиесі», «Зиянды әдеттерге жол жоқ!» және «Даналық формуласы» деп аталады.
Жамбыл облысында «Ұрпақтар сабақтастығы және ұлттық құндылықтар» тақырыбындағы облыстық іс-шараларды жүзеге асыру бағдарламасының аясында өткен аптада Жуалы ауданында тағылымды іс-шара ұйымдастырылды. Аудандық ардагерлер орталығы ғимаратының ауласында ұлттық құндылықтарға негізделген көріністер көрсетіліп, нақты айтқанда, үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсетіліп, онда қонақтарға «Бесіктен басталған ұлылық» деп аталатын ұрпақтар сабақтастығы туралы көрініс, «Ауылдың ажары – ағайынның татулығы» театрландырылған көрінісі,
«Берекелі шаңырақ» деп аталатын көріністе 100 жасаған ұлағатты әже Қаншайым Есмұратованың ұлағатты өмірі мен ағайынның татулығы туралы таныстыруда ғасыр жасаған ананың ақ батасы және келіндерге білезік сыйлау рәсімі, «Кітаппен келешекке» ұлттық тұлғалар тағылымы, отбасы тәрбиесі және жастардың рухани дамуына арналған кітап көрмесі, «Ақ дастарқан – ауылымның ырысы» қара шаңырақтан дәм тату, «Құрақ көрпе – құндылық» танымдық көрмесі көрсетіліп, сонымен қатар, аудандық «Достық» мәдениет үйінің фойесінде «Отбасы – өнер ордасы» көрмесі жан-жақты таныстырылды.
«Ұрпақтар сабақтастығы және ұлттық құндылықтар» атты облыстық іс-шараларды жүзеге асыру бағдарламасына арналған тағылымды жиын ары қарай мәдениет үйінің үлкен залында «Өнерлі отбасы – ұлттық тәрбиенің алтын діңгегі» аталатын іс-шарамен жалғасты. Шараның ашылуында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Еркінбек Солтыбаев құттықтау сөз сөйледі.
– Қазақ халқында «Отан – қуат, отбасы – шуақ» және «Отан отбасынан басталады» деген тәрбиелік мәні зор даналық сөздер бар. Шын мәнінде, отбасы – Отанның тірегі. Отбасы – жас ұрпақтың дұрыс тәлім-тәрбие алып, болашақ үлкен өмірге қанаттанып ұшатын киелі шаңырағы және алтын бесігі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» және «Адал азамат» қағидаттарын қоғамда кеңінен насихаттау және оларды нақты қоғамдық жобалар арқылы іске асыру мақсатында Жамбыл облысының ардагерлер қауымдастығының қоғамдық әлеуетін тиімді пайдалану мақсатында Жамбыл облысында «Ұрпақтар сабақтастығы және ұлттық құндылықтар» атты облыстық іс-шараларды жүзеге асыру міндеті де осындай маңызды жұмыстарды іске асыруға арналған. Бұл іс-шара облыстың көлемінде өтеді. Ал, оның алғашқы жиыны қасиетті Жуалы ауданында ұйымдастырылып отыр.
Жуалы ауданы көптеген батырлар мен ақын-жазушыларды түлеткен қасиетті өңір болып саналады. Жас ұрпаққа «Отан үшін отқа түскін, күймейсің!» деген нақыл сөз қалдырған бір ғана Бауыржан Момышұлының өмірін алып қарайықшы. Халқының жүрегенінен өшпестей орын алған қаһарман тұлға, ерлік істерін әлем таныған Батырдың өнегелі өмір жолы тұнып тұрған тағылымды тарих және үлкен тәрбие мектебі. Халық жазушысы, кесек суреткер Шерхан Мұртазаның да күреске толы өмір жолы – ұлттық және халықтық тәрбиенің мектебі. Айта берсеңіз, осынау киелі өңірде өмірінен үлгі-өнеге алатын, жас ұрпаққа ұлағатты тәрбие беретін тұлғалы азаматтар аз емес. Біздің бұл іс-шараны облыс аудандарында өткізудегі басты мақсатымыз – ұрпақтар сабақтастығын арттырып, ұлағатты және озық ойлы ұрпақ тәрбиелеу. Жалпы жас ұрпақтың тәрбиесі аға буынға жүктеліп отыр. Сондықтан, осындай халықтық құндылықтарды әрбір отбасында және ауыл-аймақтарда кеңінен насихаттаудың маңызы зор,- деп атап өтті Еркінбек Бейсенбекұлы.
«Ұрпақтар сабақтастығы және ұлттық құндылықтар» бағдарламасының аясында «Өнерлі отбасы – ұлттық тәрбиенің алтын діңгегі» аталатын іс-шара ұйымдастырылып, онда елге белгілі өнер ұжымы – «Жаңабаевтар» отбасылық-халықтық ансамблінің өнеріне арналған концерттік бағдарлама көпшіліктің назарына ұсынылды. Концертте аталған ансамбль мүшелерінің орындауында «Отбасы» әні орындалып, танымал өнер ұжымының 30 жылға жуық еңбегі мен жетістіктеріне арналған бейнеролик көрсетілді. Ары қарай «Әке-Ана», «Анаңның бетінен сүй», «Ризамын» әндері әуелеп, «Отбасы ынтымағы», «Қыз келсе қуан өмірге» және «Зиянды әдеттермен күрес» тәрбиелік мәні жоғары сахналық көріністері көрермен назарына ұсынылды.
Тағылымды жиынның барысында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова, Президент ұсынған «Әділетті Қазақстан», «Адал азамат», «Заң және тәртіп» концепцияларының ел мен қоғам дамуындағы және жас ұрпақтың тәрбиесіндегі айрықша рөлін атап өтіп, бұл бағытта ауданның көлемінде атқарылып жатқан жұмыстардың бірқатарын атап өтті. Сонымен бірге, ардагерлердің қоғамдағы рөліне де ерекше тоқталды.
– Құрметті аудан тұрғындары, ардагерлер және қонақтар!
Сіздерді қыркүйек айының екінші жексенбісінде атап өтілетін Отбасы күні мерекесімен құттықтаймын! Отбасы күніне орай аудан көлемінде 7 қыркүйектен басталған апталықтың аясында барлық елдімекен мен мекемелерде отбасы құндылығын кеңінен насихаттауға бағытталған түрлі форматта іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Бақытты әрі берік шаңырақ – берекелі қоғамның және мемлекеттің мызғымас тірегі. Отаншылдық пен жауапкершілік, парасаттылық пен ізеттілік, еңбекқорлық пен жасампаздық сияқты асыл қасиеттер ең жақын жандардың үлгі-өнегесі мен ықпалының арқасында қалыптасады» деп айтқанындай, қоғамның болашағы жаңа ұрпақтың қалай өсетініне тікелей байланысты.
Осында шаңырағын биік ұстап, адал жар, ардақты әке атанып, жас ұрпақтың бойына «Адал азамат» деген атқа лайықты қасиеттерді дарытып, ұрпақ тәрбиесі жолында аянбай еңбек етіп жүрген ардагерлер отыр. Ардагерлердің өмір жолы – ұлтқа өнеге, жас ұрпақтың өкілдеріне тағылым мен тәрбие. «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбілғазы Құсайыновтың ұсынған «Даналық формуласын» іске асыру мақсатында ардагерлердің тәлімгерлік институтын құру жобасы аға буынның қоғамдық беделін арттырып қана қоймай, жастардың «Адал азамат» ретінде қалыптасуына өз үлесін қосатыны сөзсіз. Олай болса, осында отырған азаматтарды ғасырлар бойы аманат ретінде сақталып, дәріптеліп, өскелең ұрпаққа асыл мұра ретінде қалдырылған ұлттық құндылықтарды көздің қарашығындай қадір тұтып, ұрпақтан ұрпаққа жеткізу жолында бірлесіп жұмыс атқаруға шақырамын,- деп атап өтті Анар Садыққызы.