Basty bet
Бала қауіпсіздігі – басты назарда
Аудандық «Достық» мәдениет үйінде №1 Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназияның ұйымдастыруымен «Заң және тәртіп» қағидаты аясында «Бала қауіпсіздігі – басты назарда!» тақырыбында кездесу өтті.
Шараның мақсаты – ата-аналардың бала қауіпсіздігіне деген жауапкершілігін арттыру, балаға эмоционалдық қолдау көрсету жолдарын түсіндіру, қауіптің алдын алуда мектеп, ата-ана және қоғам арасындағы өзара байланысты нығайту.
Кездесуге аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Сәбит Мамытбеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев, Б.Момышұлы ауылының «Аналар алқасының» төрайымы Жаңаш Серғазина, аудандық білім бөлімінің әдіскері Жұпар Бибасарова, мектеп ұжымы мен ата-аналар қатысты.
Алғашқы сөз аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Сәбит Мұсабекұлына берілді. Ол бала қауіпсіздігі, құқықбұзушылықтың алдын алу және жасөспірімдер арасындағы қауіпсіздік мәселелеріне тоқталып, ата-аналарды балалардың өмірі мен қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарап, заң талаптарын сақтауға шақырды.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев бала тәрбиесіне әсер ететін негізгі факторларға тоқталып, отбасы, мектеп және қоғамның бірлескен жауапкершілігінің маңызын атап өтті.
– Бала – бауыр етің. Ата-ана бақытын баладан іздейді. Егер бүгін сол баланы тәрбиеден жіберіп алсақ, ертең бақытымызды кімнен іздейміз? Оның тәрбиесінен қателессек, кінәні кімнен іздейміз? Халқымызда «Бір баланы тәрбиелеу үшін бір ауыл керек» деген тағылымды сөз бар. Бұрын ауыл болып, бір баланың тәрбиесіне ауыл қариялары мен ел ағалары атсалысқан. Бала ең алдымен тәрбиені отбасынан алады. Ол ата-анасының іс-әрекетін, мінез-құлқын айнытпай қайталайды. Сондықтан ең алдымен өзімізді түзеп, балаға үлгі болуымыз керек. Оған жақсы сөз айтып, баламен санасып, оның тұлға болып қалыптасуына жағдай жасау – ата-ананың басты міндеті, – деді Сейітхан Жұмашев.
Сонымен қатар ол ата-ана, мектеп және қоғамның бала тәрбиесіндегі өзара сабақтастығына тоқталып, жас ұрпақты заң мен тәртіпті құрметтейтін, саналы әрі білімді азамат етіп тәрбиелеу қажеттігін айтты. Денсаулық саласының ардагері ретінде балаға зиянды әдеттердің тигізер зияны жөнінде де кеңінен түсіндірді.
Б.Момышұлы ауылының «Аналар алқасының» төрайымы Жаңаш Серғазина «Бала тәрбиесі – бүкіл ауылға ортақ» деген ұстаным негізінде отбасы құндылықтарын дәріптеп, бала тәрбиесінде ұлттық тәрбие мен ата-ананың өнегесі маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Ал аудандық білім бөлімінің әдіскері Жұпар Бибасарова білім беру саласындағы бала қауіпсіздігі, психологиялық және педагогикалық қолдау мәселелері жөнінде сөз қозғады.
Өз кезегінде мектеп директоры Мұхамеджан Бейшенов шараға қатысқан ата-аналарға алғысын білдіріп, мектеп пен ата-ана арасындағы байланысты одан әрі нығайтып, бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында бірлесіп жұмыс атқаруға шақырды.
Кездесуде мектеп психологы Мира Өскенбаева бала қауіпсіздігі тек оның жолдағы, мектептегі немесе қоғамдық ортадағы қауіпсіздігімен шектелмейтінін айтып, психологиялық қауіпсіздіктің де маңыздылығына тоқталды.
– Қауіпсіздіктің көзге көрінбейтін бір түрі бар. Ол – баланың психологиялық қауіпсіздігі. Кейде бала өз мәселесін бірден айтып келмейді. Оның ішкі жан дүниесіндегі қиындықтар мінез-құлқынан, көңіл күйінен, оқу үлгерімінен немесе қарым-қатынасынан байқалуы мүмкін. Сондықтан балаға «Не болды?» деп сұраудан бұрын, «Мен сені тыңдауға дайынмын» деген сезімді білдіруіміз маңызды. Балаға үнемі ақыл айту емес, кейде жай ғана тыңдау қажет. Бала қателескен кезде оны қорқыту емес, қауіпсіз шешім табуға көмектесу керек. Бала қандай жағдай болса да, «Менің ата-анам мені тыңдайды, түсінуге тырысады және қиын кезде жанымнан табылады» деп сезінуі – оның ең үлкен қорғаны, – деді психолог.
Сондай-ақ, Мира Аманжолқызы ата-аналар мен мамандарға баланың эмоционалдық жағдайын түсінуге, қажетті ақпарат пен қолдау бағыттарын анықтауға көмектесетін заманауи цифрлық құрал – «Emdeu AI+» сервисін таныстырды.
Кездесуде ата-аналарға «Бала көңіл күйіндегі өзгерістер» атты жадынама таратылып, «Өмір сақшысы» бейнефильмі көрсетілді. Бұдан бөлек, «Егер балаңыз сөйлей алса…», «Үш рефлексия» тақырыптарында ата-аналармен психологиялық тренингтер ұйымдастырылды.
Кездесу соңында «Мектепке жол» акциясына белсенді қатысып, демеушілік көрсеткен аудан кәсіпкерлері марапатталды.
Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”