Basty bet
«Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды!»
кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу және жасөспірімдердің өмір қауіпсіздігіне қатысты мәселелер жан-жақты қаралды
Жасөспірімдердің өмір қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау, оларға қауіпсіз орта қалыптастыру қоғам мен елдің дамуы үшін маңызды мәселелердің бірі. «Ел болам десең, бесігіңді түзе!» деп заңғар жазушы Мұхтар Әуезов жазып қалдырғандай, жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне жете көңіл бөліп, саналы, білімді, еңбексүйгіш, қоғамның дамуына жанашыр озық ойлы ұрпақ қалыптастыру қазір өте өзекті мәселе болып отырғаны белгілі. Қоғамның құқықтық мәдениетін жоғары деңгейде қалыптастырып, сол арқылы ел дамуына жол ашуымыз қажет. Бұл ретте жас ұрпақтың алғыр азаматтар болып өсуі өте маңызды.
Өткен аптада аудан әкімі аппаратының үлкен мәжіліс залында кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу және құқықтық мәдениетті қалыптастыру тақырыбында құқықтық кеңестің отырысы ұйымдастырылды. Кеңеске Жуалы ауданының білім бөліміне қарасты 40 мектептің директоры, барлық мектептің құқықтық тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, аудандық полиция бөлімінің ювеналды полиция инспекторлары, аудандық Отбасын қолдау орталығы мекемесі, аудан әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқығын қорғау жөніндегі комиссияның мүшелері және БАҚ өкілдері шақырылған. Құқықтық кеңесті ұйымдастырудағы басты мақсат – «Заң және тәртіп» қағидатының аясында білім беру ұйымдарындағы профилактикалық жұмыстардың тиімділігін арттырып, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтатамасыз ету және құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша нақты міндеттерді айқындау.
Жиынның жұмысына аудан әкімі Жалғас Мұртаза, аудан прокуроры Жомарт Науатов, аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Сәбит Мамытбеков қатысты.
Құқықтық кеңесті аудан әкімі Жалғас Мұртаза ашып, жүргізіп отырды. Жиынның алғашқы сөзі аудан прокуроры Жомарт Науатовқа берілді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Ұстаздар күні мерекесімен құттықтауында: «Міржақып Дулатұлы «Халыққа ең пайдалы адам – мұғалім» деген. Мұғалім – әр азамат үшін өте қадірлі тұлға. Басқа сөзбен айтқанда, мұғалім – әрбір балаға өмір жолын көрсетеді. Ұстаз – тәлім-тәрбие мен білімнің қайнар көзі. Кез келген қоғамның кемелдігі, өркениеттілігі ұстазға деген қатынасымен өлшенеді. Ұстазын ұлықтаған елдің ұрпағы саналы, болашағы жарқын болары хақ. Себебі, әр мұғалімнің еңбегі – ерен, еліміздің дамуына қосқан үлесі – орасан. Сондықтан бүгін мен білім беру саласында еңбек етіп жүрген барша азаматқа шынайы ризашылығымды білдіремін» деп атап өтіп, ұстаздардың қоғам дамуындағы орнын және олардың жас ұрпақтың тәрбиесінде маңызды орын алатынын айтқаны белгілі. Бұл мәселеде мұғалімдердің педагогтық әдепте қатаң сақтағаны дұрыс. Бұл – өте маңызды. Себебі, оқушыны тәрбиелеу ісінде мұғалімдердің еңбегі ерекше. Мұғалім әдепті болып, балаға дұрыс тәлім-тәрбие бере білсе, шәкірттер де жақсы азамат болып қалыптасатыны сөзсіз.
Мұғалімдердің педегогтық әдепті бұзуға байланысты фактілер ара-тұра болса да кездесіп тұрады.
Бұған жол беруге болмайды. Екінші мәселе ретінде оқушылар арасында құқықбұзушылықтарға жол бермеуіміз қажет. Мектеп оқушылары арасында ақша жинау, ұрып-соғу, әлімжеттік сияқты әрекеттер бар. Мұны жасырын сауалнаманың нәтижесі көрсетіп отыр. Мұндай әрекеттердің алдын алуда мектеп мұғалімдерінің рөлі зор. Сондықтан, қай кезде бұл мәселеде бірлесіп әрекет жасаған дұрыс.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Заң және тәртіп» қағидатын ілгерілету мақсатында аудан көлемінде бірқатар жүйелі жұмыстардың атқарылып жатқаны белгілі. Бұл мақсатта негізгі 11 тармақтан тұратын іс-шаралар жоспары бекітілген. Осының аясында біз жергілікті атқарушы билікпен және құзырлы органдармен бірге бала тәрбиесі және жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылыққа жол бермеу мақсатында бірлесіп жұмыс атқарумыз қажет. Мен осы ретте аудандық полиция бөліміне бұл бағыттағы қолға алынған жұмыстардың тиімділігін арттыруды тапсырамын.
Бір сөзбен айтқанда, ауданда жасөспірімдер арасында құқықбұзушылыққа жол бермей, отбасындағы тәлім-тәрбиені дұрыстау арқылы ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттырудың маңызы өте зор. Жасөспірімдерге қауіпсіз орта қалыптастыру – біздің негізгі міндетіміз,- деді аудан прокуроры.
Күн тәртібіндегі мәселеге байланысты екінші кезекте аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Сәбит Мамытбеков баяндама жасады. Ол өз сөзінде, кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстардың алдын алу шаралары – қоғамдағы заң мен тәртіптің, қауіпсіздіктің және өскелең ұрпақ болашағының көрсеткіші екенін айта келіп, бұл бағыттағы жұмыстарды тек қылмыс санының өсуі немесе төмендеуімен бағалау жеткіліксіз екенін, кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау және олардың арасында құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында жүйелі профилактикалық жұмыстарды жүзеге асырудың маңызды екенін жеткізді.
Аудандық полиция бөлімінің мәліметінше, бұл бағытта 2025 жылы 8 қылмыс тіркелсе, 2026 жылдың 8 айында аудан аумағында кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстарға жол берілген жоқ. Атап өтетін болсақ, осы мақсатта бірлескен түрде білім беру ұйымдарында тұрақты профилактикалық кездесулер өткізу, құқықбұзушылыққа бейім кәмелетке толмағандармен және олардың ата-аналарымен жеке-жеке профилактикалық жұмыс жүргізу, рейдтік іс-шаралар ұйымдастыру, т.б. жүйелі жұмыстарды ұйымдастыру өз тиімділігін беретіні сөзсіз. Ағымдағы жылдың 8 айында барлығы – 72 рейдтік іс-шара өткізіліп, нәтижесінде 340 кәмелекте толмаған бала анықталып, 397 ата-анаға қатысты әкімшілік шара қолданылған.
Құқықтық жиында аудан әкімінің орынбасары, аудан әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқығын қорғау жөніндегі комиссияның төрағасы Анар Ахметова сөз сөйлеп, қоғамда «Заң және тәртіп» қағидатын қалыптастыру мақсатында 2026 жылдың 8 айында жоғарыда аталған комиссияның 19 отырысы өткізіліп, 37 мәселенің қаралғанын атап өтіп, аудандық полиция бөлімінің ұсынысымен сабаққа себепсіз келмеу, оқушылар арасындағы жанжал бойынша 10 іс құжат қаралып, 7 ата-анаға заң талаптарына сәйкес әкімшілік жаза қолданылғанын жеткізді. Сонымен қатар, кәмелекте толмағандардың ісіне, олардың құқығын қорғау бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстардың барысына жан-жақты тоқталған Анар Садыққызы, 2025 жылы облыс әкімінің тапсырмасымен ауданға қарасты Б.Момышұлы ауылы және ауылдық округтерде құрылған кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқығын қорғау жөніндегі комиссияның жұмысы тиімсіз болып отырғанын айтып, нақты шаралар мен шешімдер қабылдауда жұмыстың әлі де жеткіліксіз екеніне тоқталды.
Кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу және құқықтық мәдениетті қалыптастыру тақырыбында ұйымдастырылған құқықтық кеңес отырысының күн тәртібіне қойылған кәмелетке толмағандарға қатысты маңыызды мәселелер жан-жақты талқыланып, ұсыныс-пікірлер ортаға салынды. Сұрақтарға да тыңғылықты жауап берілді.
Жасөспірімдердің өмір қауіпсіздігіне қатысты өткізілген құқықтық жиынды аудан әкімі Жалғас Мұртаза қорытып, аудандық білім бөліміне, аудандық полиция бөліміне, аудандық Отбасын қолдау орталығына кәмелетке толмағандардың құқығы мен заңды мүдделерін қорғау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды Президент ұсынған «Заң және тәртіп» қағидатының аясында ұйымдастырып, оны жүйелі түрде жүргізу жөнінде нақты тапсырмалар белгіленіп берілді.