Basty bet
Сана тазармай, дала тазармайды
Ауданда күзгі көріктендіру, көгалдандыру, абаттандыру және санитарлық тазалықтың екі айлығы басталғанына бір ай болды. Бекітілген жоспарға сәйкес, апта сайын сенбіліктер ұйымдастырылып, тазалық жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Өткен сенбі күні ауданда ауқымды сенбілік өтті. Бұл игі бастамалар «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясының аясында жүзеге асуда. Акция барысында кездейсоқ қоқыс тасталған орындар анықталып, оларды жоюға ерекше көңіл бөлінуде.
Сенбілік барысында мекеме қызметкерлері «Бәйтерек» монументінен бастап, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізіне дейінгі автожолдың бойындағы егілген ағаштардың айналасын ретке келтіріп, көгалдарды қоқыстан, жапырақтан және сынған бұтақтардан тазартты.
Сенбілікте әр мекеме ұйымшылдықпен өздеріне тиесілі аумақты қоқыстан тазартты. Әр мекеме жұмыстарының қарбаластығына қарамастан аудан тазалығына өз үлестерін қосты.
Дегенмен, ауданда осыншама жұмыс атқарылып жатқанына қарамастан, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселесі әлі де өзекті.
Мұны көшелерді аралау барысында анық аңғардық. Мәселен, Бауыржан Момышұлы ауылындағы аудандық орталық аурухана аялдамасының маңы қоқыстан көрінбейді. Өкініштісі, осы көрініске сол жердегі такси жүргізушілері, дүкен иелері, тіпті аурухана қызметкерлері де бей-жай қарап өтеді. Қызығы, тұрғындар сол қоқыстың ортасында отырып такси күтіп тұр. Қоқысты бей-берекет тастаған азамат тек өзіне ғана емес, ортақ мекенімізге де үлкен зиян келтіретінін әрқайсымыз саналы түрде түсінуіміз керек. «Сана тазармай, дала тазармайды» деген осы. Негізінде, әр тұрғын өз ауласын таза ұстайды. Бірақ «өзімдікі» деп барынша тырысқанымызбен, «ортақ» дүниеге келгенде салғырттық танытатынымыз жасырын емес. Ауыл ішіндегі аялдамаларды ешкім алыстан келіп ластамайды.
Оны ластайтын да, сол маңның адамдары. Сондықтан әрбір отбасында қоқысты жолға, арыққа тастауға болмайтыны үнемі айтылып отыруы тиіс. Мұны әрбір ересек адам өзінен бастауы керек. Сонда ғана үлкенге қарап, баланың бойында табиғатқа деген жанашырлық қалыптасады. Көшені тек мемлекеттік қызметкерлер тазалайды деген түсініктен арылатын уақыт жетті. Бұл мақаладан түйетін ой бір: тазалық – баршаға ортақ міндет. Әр тұрғын өз ауласының, өз көшесінің тазалығына жауапкершілікпен қараса ғана, ауылымыз көркейіп, өмір сүруге қолайлы орта қалыптасады. Туған өлкенің тазалығын сақтау – өзімізді сыйлаудан басталады!
Лаура Мұсабекова,
“Жаңа өмір”