Basty bet

Мәдени әралуандылық пен бірліктің мерекесі аталып өтті

Тіл – әрбір адамның жаны мен тәнін, бар болмысы мен бітімін айқындайтын асыл қазына. Тіл – халықтың тарихы. Тіл – өркениетке бастар жол. Ол арқылы халықтың мәдениеті мен салт-дәстүрін, тарихы мен табиғатын, дүниетанымы мен рухани болмысын тануға болады. Барлық тілдерді мойындау және оларға құрметпен қарау – әлемде бейбітшілік пен өзара түсіністікті сақтаудың маңызды кепілі. Сол себепті де елімізде, Қазақстан халқының тілдері күні 5 қыркүйекке белгіленіп, ол жыл сайын аталып өтіледі.
Осы ретте өткен аптада аудандық мәдениет үйінің кіші залында Қазақстан халқының тілдері күніне арналған «Тілім менің – баға жетпес байлығым» атты мәдени іс-шара өтті.
Аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырған іс-шара «Қызғалдақ» ән-би ансамблі әншілерінің орындауындағы «Анамның тілі» әнімен басталды.
Алғашқы құттықтау сөзі аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Фариза Оразымбетоваға берілді.
– Тілдер күні – халықтар арасындағы достық пен бірлікті дәріптейтін, еліміздің басты құндылықтарының бірі – мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға бағытталған маңызды мереке. Бұл күннің басты мақсаты – Қазақстандағы әрбір азаматты ана тілін құрметтеуге, мемлекеттік тілді дамытуға, мәдениетаралық түсіністік пен өзара сыйластықты нығайтуға шақыру.
Бұған дейін Қазақстан халқының тілдері күні 1998 жылғы 20 қаңтардан бастап 22 қыркүйекте аталып келген.
Ал 2017 жылы «Қазақстан Республикасында мереке күндерінің тізбесін бекіту туралы» қаулыға сәйкес, атаулы күн 5 қыркүйекке ауыстырылды. Мерекенің бұл күнге белгіленуінің басты себебі – қазақ халқының тағдыры мен тілі үшін аянбай күрескен, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен байланысты. Алаш арысы «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деп, тілдің ұлт өміріндегі маңызын терең бағалаған.
Бүгінде Қазақстан – түрлі этнос өкілдері бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатқан көпұлтты мемлекет. Елімізде әр этностың ана тілін, мәдениеті мен дәстүрін дамытуына барлық жағдай жасалған. Қазақстан халқының тілдері күні – еліміздегі мәдени әралуандылықты дәріптеп, әр халықтың өзіндік ерекшелігі мен ана тілін құрметтеуге үндейтін маңызды мереке.
Әр халықтың ана тілі – оның рухани мұрасы, ұрпақтан-ұрпаққа берілетін асыл қазынасы. Сондықтан тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет, – деп жиынға қатысушыларды Тілдер күні мерекесімен құттықтады.
Іс-шарада №1 Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназияның оқушылары тіл туралы өлеңдерін оқып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Ал, айтулы күннің маңызын аудандық «Қызғалдақ» ән-би ансамблінің өнерпаздары одан әрі аша түсті. Өнерпаздар елге деген сүйіспеншілікті, Отанға деген мақтаныш сезімін дәріптейтін патриоттық әндерді орындады. Атап айтқанда, «Тек алға», «Қазақстаным», «Атамекенім» әндерін әуелете шырқап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Айгүл Аманқұл,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close