Basty bet

Қарияларға құрмет көрсету – елдік парызымыз!

«Қарты бар елдің – қазынасы бар» деп дәріптеген дана халқымыз қариясын ақылы терең дарияға теңеп, оларды әрдайым қадірлеп, төрге шығарып, кезі келгенде олардан ақыл-кеңес сұрағанын тарихтан жақсы білеміз. Ақылдың кені саналатын қадірлі қариялардың да жас ұрпаққа өмірден көрген-түйгенін айтып, өмірлік нұсқа болудан жалыққан және жаңылған жері жоқ. Міне, осыдан келіп ұрпақтар арасындағы сабақтастықтың салты әлі де ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатыр. Жас ғасыр, жаңа заманада да бұл ұлы үрдістің арқауы үзілген жоқ. Олай болатыны, алтын арқаудың бір ұшы абыз да асыл қариялардың құдіретті қолында.

1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесі. Ұлттың тәрбиесі мен ұрпақтар сабақтастығын үзбей келе жатқан ардақты қариялар мен елдің дамуына елеулі еңбек сіңірген аға буын ардагерлерге құрмет көрсету – қарттарын сыйлайтын қасиетті өңір Жуалы ауданында дәстүрге айналған.
Биыл да осынау мереке ауданда атап өтілді. Қарттарын сыйлап, ақ жаулықты анасын ардақтаған ынтымақты ел ғана басқаларға осылай үлгі-өнеге болса керек.
Халықаралық қарттар күні мерекесіне орай аудан орталығындағы «Несібелі» мейрамханасының кіші залында Б.Момышұлы ауылының ардагерлеріне арнап ақ дастарқан жайылды. Мерекелік дастарқанға аудан көлемінде әр салада қасиетті Жуалы өңірінің және елдің дамуына өз салаларында сүбелі үлес қосқан ардагер азаматтар шақырылды.
Дастарқан басында сөз алған көпті көрген қариялар мен ардагерлер бір-бірін Халықаралық қарттар күні мерекесімен құттықтап, ізгі тілектерін ақтарды.
Айта кетсек, Қарттар күні мерекесіне орай шақырылған ардагерлерді ең алдымен аудан әкімінің орынбасары Рақымғазы Құниязов және Б.Момышұлы ауылының әкімі Рәтбек Көсембаев құттықтап, ізгі тілектерін білдірді.
Келесі кезекте жиналғандарды Б.Момышұлы ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауыл шаруашылығы саласының ардагері, ауданның Құрметті азаматы Кемелбек Дәуренов құттықтады.
-Құрметті ауыл қариялары және ардагерлер!
Сіздерді ең алдымен 1 қазандағы Халықаралық қарттар күні мерекесімен құттықтаймын. Бұл атаулы датаның ел өміріндегі маңызы өте зор. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының бастамасымен бұл атаулы күн әлемнің бірқатар елінде бірнеше жылдан бері атап өтіліп келеді.
Ардагерлер – елдің алтын қоры. Сондықтан қарияларға қандай құрмет көрсетсек те, артық етпейді. Бүкіл саналы ғұмырын және бойындағы қажыр-қайратын елдің игілігіне, жас ұрпақтың тәрбиесіне жұмсаған ардагерлердің орны ерекше.
Ардагерлер арасында саламатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында түрлі спорттық шаралар ұйымдастырылуда. Атап айтсақ, бірнеше жыл қатарынан ауданның белсенді қарт кісілермен спорттың жеті-сегіз түрінен спартакиада ұйымдастырылып келеді. Бұл – бір жағынан қазыналы қарияларға деген құрметіміз болса, екіншіден оларды спорттық белсенді болуға шақыру болып табылады.
Бүгінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан зейнет жасындағы ардагерлер қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, жас ұрпаққа бағыт-бағдар беріп, сол арқылы қоғамның дұрыс дамуына зор үлес қосып келеді.
Ардагер аға-апаларға үлгі болар өнегелі істері үшін алғысымды білдіремін. Сіздерді Қарттар күні мерекесімен шын жүректен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, әрбір отбасына амандық пен бақ-береке тілеймін,- деді Кемелбек Дәуренұлы.
Ардагерлерге арнап жайылған ақ дастарқанның басында ас іше отырып құттықтау сөздерге де кезек берілді. Онда білім, мемлекеттік қызмет, ауыл шаруашылығы саласының ардагерлерінен – ауданның Құрметті азаматтары Әбдімәжит Дәуренов, Лидия Ходкевич, Бесбай Қансейітұлы, Шәкіржан Мамаджанов, Қайрат Сарыбаев, Керейбек Нысанбеков, Байжан Төреханов, Жетпіс Мырзақұлов және Оңғалбай Ибраев, сонымен қатар, аудандық Аналар алқасының белсенді мүшелері – Жаңаш Серғазина, Ризакүл Апбасова, т.б. азаматтар тілек білдіріп, қасиетті өңірдің ынтымақ-бірлігін арттыруда, жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне және ауданның экономикалық дамуына өңір ардагерлерінің қосқан зор үлестерін ерекше мақтанышпен атап өтті.
Ақ дастарқанда ауданның бас имамы Ғалымжан қажы Қонақбаев және аудан орталығындағы «Жуалы» көпшілік мешітінің имамы Сейітқазы қажы Медетбеков әруақтарға қасиетті Құран сүрелерін бағыштаса, жасы үлкен қариялар ақ баталарын берді.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close