Basty bet
Жаңа оқу жылы – жарқын болашақтың бастауы!
Еліміздің жарқын болашағы, ұлттың ертеңі болып саналатын балалар мен жас ұрпаққа тәлім-тәрбие мен білім беру – болашаққа салынған ең жақсы әрі сенімді инвестиция болып саналады. Әсіресе, қазіргідей ел өміріндегі аса жауапты кезеңде білім саласына, оның ішінде, білім берудің сапасына, жас ұрпаққа қатысты тәлім-тәрбие мәселелеріне, педагогтардың біліктілігін арттыру, тағысын тағы маңызды мәселелерге баса назар аударылуы қажет. Мемлекет те бұл мәселеге саяси басым бағыт беріп, жыл сайын саладағы жұмыстарды жүйелеуге барынша күш салу үстінде. Айта кетсек, кейінгі жылдары білім беру-ағарту саласында бірқатар маңызды реформалар жүргізіліп, оның өз жемісін бере бастағанын да көз көріп, анық сезініп отырмыз.
1 қыркүйек – Білім күні. Бұл күні ел өңірлеріндегі барлық мектепте алғашқы қоңырау соғылады. Жылдағы қалыптасқан дәстүрге сәйкес, биыл Жуалы ауданында да білім бөліміне қарасты барлығы – 39 мектепте Білім күні мерекесі кеңінен атап өтіліп, алғашқы қоңырау соғылды. Үш ай бойы оқу демалысында болған балалар бұл күні алтын ұя мектебімен және құрбы-құрдастарымен сағыныса қауышқаны анық…
Аудан орталығында орналасқан бір ғасырдан астам бай тарихы бар қасиетті өңірдегі байырғы білім ордасы – Шерхан Мұртаза атындағы №1 мектеп-гимназияда 1 қыркүйек – Білім күні мерекесіне арналған салтанатты жиын ұйымдастырылды. Салтанатты жиынға орай оқушылар мектеп ауласындағы алаңға сапқа тұрғызылып, ортаға мектеп туы әкелінді. Айта кету керек, биыл аталған мектеп-гимназияның табалдырығын барлығы – 129 бала аттап, олар 1 сыныпқа қабылданды. 2026-2027 жаңа оқу жылында аталған білім мекемесінде барлығы – 1 355 оқушы білім алады. Білім мен өнердің бастауы, тәлім мен тәрбиенің қайнар көзі, ең бастысы – үлкен өмірдің алғашқы баспалдағы болған мектептің ұжымы үшін бұл – үлкен қуаныш. Биыл мектепке қабылданған 129 оқушы алты сыныпқа теңдей бөлінген. Бұл сыныптарға мектеп-гимназияның білікті маман-педагогтары – Кәмшат Әдиева, Гүлсім Панеева, Бұлбұл Таубалдиева, Алма Дәрібаева, Любовь Шерункова және Татьяна Андриенко сынды ұстаздар жетекшілік етеді.
Білім күніне арналған салтанатты жиында бастауыш сыныптың мұғалімдері бүлдіршін оқушыларды қолынан жетектеп ертіп шығып, ортадан орын алды.
Мемлекеттік Әнұран орындалғаннан кейін мектеп-гимназияның ұжымын директор Мұхамеджан Бейшенов құттықтап, білім мекемесінің өткен оқу жылындағы жетістіктерін де атап өтті. «Білім күні – жаңа бастамалардың, жаңа мақсаттар мен биік армандардың бастауы болған орны бөлек ерекше мереке. Әсіресе, мектептің табалдырығын алғаш рет аттаған бүлдіршіндер үшін бұл күннің орны ерекше. Мектептегі әрбір күн қуаныш пен жетістікке толы болуына шын жүректен тілектеспін!
Өткен оқу жылында мектеп-гимназияда жоғары жетістіктер мен қол жеткізген табыстар аз болған жоқ. Өткен оқу жылының қортындысында Ұлт мақтанышы, кесек суреткер Шерхан Мұртазаның есімін иеленген №1 мектеп-гимназия аудандық рейтингте көш бастап, бірінші орынға ие болды. Бұл – мектеп ұстаздарының қажырлы еңбегі мен оқушылардың білім-ғылымға деген талпынысының жемісі. Оқушылар шахмат, үстел теннисі, және футбодан «Мектеп лигасы» жарыстарында облыстық деңгейде жүлделі орындарға ие болды. Ал, оқушылар кітап оқу бағытында «Ой шебері» интеллектуалды байқауында аудан бойынша үздік нәтиже көрсетті. Бұл – біз үшін үлкен мақтаныш және жаңа оқу жылында биік жауапкершілік жүктейді. Құрметті ата-аналар! Балалардың жарқын болашағы жолындағы шынайы қолдауларыңыз үшін алғыс айтамын. Жаңа оқу жылында мектеп пен ата-ана арасындағы ынтымақтастық одан әрі нығая берсін!» деді мектеп директоры М.Бейшенов.
Ш.Мұртаза атындағы №1 мектеп-гимназияда ұйымдастырылған 1 қыркүйек – Білім күні мерекесі, алғашқы қоңырау салтанатына орай құттықтау сөз аудан әкімі Жалғас Мұртазаға берілді.
– Құрметті ұстаздар, ата-аналар және мектеп оқушылары!
Баршаңызды 1 қыркүйек – Білім күні мерекесімен және жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын!
Биылғы жаңа оқу жылында жалпұлттық референдумда қабылданған жаңа Конституцияның негізгі құндылығы болып табылатын – адами капиталды дамытуға баса назар аударылып отырғаны белгілі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы республикалық дәстүрлі Тамыз конференциясының ашылуында: «Мықты мұғалім – сапалы ұлттың тірегі, бұл – нағыз ақиқат. Ұлы Абай 38-ші қара сөзінде адамның адамдығы жақсы ұстаздан болатынын айтқан. Әлемді ең дамыған технология өзгертуі мүмкін. Ал, адамды, оның дүниетанымын өзгерту – нағыз ұстаздың ғана қолынан келетін іс. Сондықтан мемлекет білім жүйесін дамытуға әрдайым баса назар аударады» деп атап өтіп, ұстаздардың қажырлы еңбегін жоғары бағалап, жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаған болатын.
Аудан көлемінде жуалылық жас жеткіншектерге сапалы білім беріп қана қоймай, оларға өмірлік дұрыс бағыт-бағдар көрсететін жалпы – 1 647 педагог болса, оның 165-і осы мектепте қажырлы еңбек етуде. Бүгін аудандағы жалпы білім беретін – 39 мектепте жаңа оқу жылының алғашқы қоңырауы соғылып, тоғыз мыңнан аса оқушы оқу жылын бастағалы отыр. Ал, 871 бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттаса, оның 129 оқушысы осы мектепте оқып, білім алады.
2026 жыл Қазақстан Республикасында «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланғаны баршаға белгілі. Осыған байланысты аудандағы білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасы жыл сайын нығайып, жаңа инновациялық бағытта жұмыс атқаратын білім мекемелерінің желісі артуда. Аудандағы 30 орта мектепте орнатылған 127 жаңа модификациялық (STEM және робототехника) кабинеттерінің материалдық-техникалық әлеуетін барынша тиімді пайдалану қажет.
Алғашқы қоңырау салтанатының «Таза Қазақстан: Конституция құндылықтары – экологиялық мәдениет пен жауапкершіліктің негізі» тақырыбында өтуінің маңызы өте зор. Қоршаған ортаны қорғау – тек сенбілік өткізу немесе көшені тазалаумен шектелмейді. Ол – табиғатқа деген құрметтен, туған жерге деген сүйіспеншіліктен және күнделікті жауапты әрекеттен басталады. Елімізде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы да осынау межелі мақсаттарға тікелей бағытталған.
Қазіргі қоғамның басты байлығы – табиғи ресурстар немесе экономикалық көрсеткіштер ғана емес, білімді, білікті, шығармашыл әрі жауапты адам капиталы. Жаңа оқу жылынан бастап мектеп бағдарламасына «Құқық негіздері» пәні, «Конституция негіздері» және «Заң және тәртіп» курстарының енгізілуі оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған маңызды қадам.
«Мектептер сапалы біліммен қатар, тағылымды тәрбиенің ошағы болуы керек» деп Президент айтқандай, Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанның тірегі болатын жауапты әрі адал азаматтарды тәрбиелеу – баршаға ортақ міндет. Бала тәрбиесі – мектеп пен ұстаздың ғана емес, ең алдымен отбасының да ортақ міндеті. Отбасында қалыптасқан қарапайым дағдылар – баланың бүкіл өміріне әсер ететіны сөзсіз.
Балаларға табиғатты аялауды, қоршаған ортаны таза ұстауды, еңбекті бағалауды және қоғамға пайдалы болуды өзіміздің күнделікті ісімізбен көрсетейік. Бала үлкендердің сөзінен бұрын, оның ісіне қарай бой түзейді. Сондықтан «Таза Қазақстан» идеясы әрбір отбасының шынайы өмір салтына айналса, оның нәтижесі де баянды болады.
Қымбатты оқушылар!
Сіздерге айтарым – әрдайым білім алуға ұмтылып, кітап оқып, жан-жақты ізденіңдер, жаңа нәрсені үйренуден жалықпаңдар. Отаншыл, білімпаз, жаңашыл, талапты, еңбекқор болып, туған жерді мақтан тұтыңдар. Ауданның көркеюіне өз үлестеріңді қосыңдар. Бір тал отырғызу, бір көшені таза ұстау, қоқысты тиісті орынға тастау сияқты қарапайым әрекеттердің өзі үлкен мәдениеттің белгісі. Ең бастысы – «Менің елім үшін не істей аламын?» деген сұрақты әрдайым өздеріңе қойып жүріңдер. Себебі, елдің болашағы – тек үлкен жобалармен емес, әрбір азаматтың күнделікті адал еңбегімен қалыптасады.
Алғашқы қоңырау мерекесі – жаңа оқу жылының ғана емес, жаңа мақсаттар мен жаңа мүмкіндіктердің бастауы. Жаңа оқу жылында ауданның білім беру саласында жақсы жаңалықтар мен толымды жетістіктер көп болсын! Ұстаздар қауымына еңбекте табыс, шығармашылық ізденіс, шәкірттердің биік белестерді бағындыруына тілектестік білдіремін,- деп атап өтті Жалғас Әлижанұлы.
Білім күніне арналған салтанатты жиында аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Сәбит Мамытбеков сөз сөйлеп, мектеп оқушыларын құқықтық тұрғыдан сауатты болуға үндеп, оларды заң мен тәртіпті қатаң сақтауға шақырып, ең бастысы – тәрбиелі әрі білімді азаматтар болып қалыптасуына тілектестік білдірді.
Иә, Білім күні – әрбір отбасы үшін қуанышты оқиға. Бұл – баланың өмірінде ұмытылмай, мәңгілік есте сақталатын маңызды күн. Жаңа оқу жылының басталуына орай алғашқы қоңырау соғылып, мектеп мұғалімдері мен оқушылар да тілек білдіруге мүмкіндік алды. Осылайша, тарихы бай, тағылымы ерен, ертеңі жарқын Ш.Мұртаза атындағы №1 мектеп-гимназияда ұйымдастырылған 1 қыркүйек – Білім күні, Алғашқы қоңырау мерекесі «Отан» деп соққан әрбір жүректен орын алғаны даусыз…
Жаңа оқу жылы құтты болсын! Жас ұрпақтың зейінді болуына біз де тілек қосамыз!