Basty bet

Бір нәзік әуен тербеген

Мырзахан екеуміз кішкенемізден интернатта бірге оқыдық. Ішкі дүниесі кең, сыршыл, қиялға бай жан еді. Әлі де солай. Бала кезден өнерге жақын, сезімтал. Мектепте оқып жүріп домбыра, мондол, домбыра-пирамида ойнайтын еді. Осы өнер Қайрат ауылында «Октябрьдің 40 жылдығы» атындағы мектепте өнердегі алғашқы ұстазымыз болған Көпбай Тұтқышев басқарған халық аспаптар оркестрінде дами түсті. Оркестрде Мырзахан алғаш домбырада, кейін домбыра-прима аспаптарында ойнады. Осы оркестрмен республикалық мектеп оқушылары фестиваліне қатысып, Алматы сахналарында өнер көрсеткеніміз әлі есімде. Сол кездің өзінде ол өлең, мақала, ән жазумен айналысатын. Бала кезде қиялшыл,еліктегіш едік қой. Ал Мырзаханның сол кезден-ақ өзіндік ерекшелігі бар еді. Оның жазған әңгімелері, фельетондары, өлеңдері аудандық «Жаңа өмір», облыстық «Еңбек туы», республикалық «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас» газеттерінде және «Балдырған» журналдарында бұрқырап шығып жататын. Бірге оқып, бірге жүрсек те Мырзахан мен үшін ерте есейген, кемелденген үлкен танымал ақын-жазушы сияқты көрінер еді. Оны бүкіл мектеп мұғалімдері мен оқушылары тегіс сыйлайтын. Газет арқылы танысқан балалардан көптеп хаттар келіп жататын. Сол хаттарды бірге оқып, бірге жауап жазушы едік.
Бұл күнде бала Мырзахан кемелденген, дараланған дара сазгер, ақын Мырзахан болды. Мен Мырзаханның ақындығын айтпақ емеспін. Оны бүкіл оқырман, халық өздері біліп сараптай берер, сазгерлігін айтпақпын.
Бүгінгі таңда ол бірнеше ондаған әндер шығарды. Әндерінің өзі әртүрлі тақырыпқа арналған. Жерім, елім, деп толғанады, еліміздің жетістігіне шаттанады, анасы мен әкесінің мейріміне, таңның нұры мен батқан күннің шуағына шомылады. Әсіресе, Мырзаханды терең толғантып, жанын шуаққа бөлейтін махаббат тақырыбы. «Ажарым» деп сағыныштың сыбызғысын сызылдырады, балалық махаббатты еске алып шағаладай шарқ ұрады, есі кете сүйгенінің атын жартастарға жазып, өшпестей белгі қалдырады. Нәзік сезімдері алабұртып иран бақтарын аралап, ыстық сезімге өртеніп кете жаздайды. Кеш кездескен аруды әсем әнмен тербетеді.
Осы арада айта кетерлік бір жәйт: бүгінде теледидар мен радиода, әр алуан сахналарда, жиын – тойларда орындалып жүрген әндердің басым көпшілігі әуез бен сазға жұтаң, даңғаза дүниелер. Олар эстрадалық дыбыс күшейткіш, дыбыс әрлегіш синтездеуші аспаптардың күшімен ғана әнге ұқсап сахнадан орындалып жүр. Сол аспаптарды қоспай осы әндердің өзін жеке орындатып көрсеңіз одан жәй айқайдан басқа ештеңе ести алмайтыныңыз анық. Бұл әндер ешкімнің жүрегіне жол таба алмай жолда қалатын арзанқол дүниелер.
Бұларға керісінше, өзі ауылда жүрсе де, мамандығы мен қызметі музыкаға қатысты болмаса да, таңғажайып әндер жазып жүрген Мырзахан Ахметтің талантына таңданбасқа болмайды. Мырзахан әнді жүрек түбінен шымырлап шыққан әдемі әуенге, сұлу сазға, әсем ырғаққа құрып жазады. Оның ішкі иірімдері терең, гармониялық әуезділігі басым, сезім мен сырлы саз шалқар философиялық ойларға ұласады. Мырзаханның «Сынық қанат шағалам» әні симфониялық, камералық, ұлттық аспаптар немесе фольклорлық оркестрлерге шығарып, кең тынысты әншіге орындатарлық шығарма. Бұл нағыз философиялық дүние! Мырзаханда мұндай парасатты, салиқалы, салмақты әуендер баршылық. Бірақ оның бәрі нотаға түгел түспеген.
М.Ахмет әндері халықтың музыка мұраларынан терең сусындаған,оны бойына барынша мол сіңірген шынайы да кәусар дүниелер. Бұл әндер қабылдауға тез, мазмұны терең, жүрек қылын тереңнен шертер әуендер.
Мырзахан Ахмет өз әндерін әлі ешқайда ұсынбағандықтан ел-жұртымыз одан әлі бейхабар. Оларды тегіс нотаға түсіріп, жақсы оранжировщикке әрлетіп жіберсе халықтың аузынан түспейтін құнды қазынаға айналары сөзсіз.
Мырзаханның елу шақты әні бар. Оларды жарыққа шығару келер күннің еншісі.
Ақын, сазгер Мырзахан Ахметтің өнеріне – өріс, саздарына самғау тілеймін!

Мұсабек ЖАРҚЫНБЕКҰЛЫ,
музыка зерттеушісі,
профессор.
Шымкент, 2004 жыл.

Таңдаулы материалдар

Close