Basty bet
Батырбек Датқаның болыс ұлдары
Батырбек Датқа Рысбекұлы туралы бұдан бұрын абайтанушы, академик Мекемтас Мырзахметов, әйгілі кардиохирург Сейітхан Жошыбаев, ақын Арғынбай Бекбосын, және жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы, т.б. зиялы қауымның өкілдері көлемді, деректі мақалалар жазып, олар бірқатар республикалық және облыстық басылым беттерінде жарияланғаны белгілі.
Баба шежіресіне көз жүгіртсек, Батырбек Датқаның төрт әйелінен сегіз ұл, он бес қыз тарайды. Ұлдарының ішінен – Ыса, Тастанбек, немересі Белқожа әрқайсысы оңтүстік өңірде 30-40 жылдан болыстық қызмет атқарған. Олар әкелерінің жолымен жүріп ха-лықты бөліп-жармай, тура жолдан таймай адал басқарғаны тарихтан белгілі. Ел ішіндегі ұры-қарыларды, қылмыскерлерді қатаң жазалап отырған. Сондықтан да қарапайым халық арасында абырой-беделдері өте зор болған. Ел қариялары осы кісілердің әділеттілігін, жомарттығын, іскерліктерін әлі күнге дейін аңыз етіп айтады. Кезінде сырттан қасиетті өңірге көшіп келгендерге жер бөліп беріп, қоныстандырып, алдарына мал салып бергенін Жуалы ауданының Қоңыртөбе ауылындағы найман, арғын, Көлбастаудағы қыпшақ ағайындардың үлкендері разылықпен еске алып отырады.
Батырбек Датқаның болыс ұлдары алты бірдей елді мекенде мешіт-медресе салдыртып, халық арасынан діни білімі жетік шәкірттер дайындау жұмыстарына ерекше көңіл бөліп отырған. Оның бер жағында, қарапайым халықты егін шаруашылығына ұйымдастырып, ірі-ірі тоғандар қаздырып, сол кездің өзінде-ақ қолдан суару жүйесін жолға қоя білген.
Бұл кісілердің жомарттығы жайлы да үлкендерден жеткен әңгімелер көп. Шым-кентте отырған ояз жиналысқа шақыра қалса, нөкерлерімен барып, қайтарда керуенмен бірге ауылға мата, қант-шай, өрік-мейіз ала қайтады екен. Жомарттығы сол, ауылға жеткенше, әлгі тауардың жартысынан көбін жолдағы кездескен елді мекеннің халқы таратып алып, ауылға азғана бөлігі зорға жететін көрінеді.
Үшеуі де сөзге шешен, мақалдап-мәтелдеп сөйлейтін, қиын-қыстау кезеңде сөз тауып, қиыннан қиыстырып жол тауып кететін ерекше қасиеттері болған. Бірде Ыса болысты ояз бастығы өзіне шақырып алып: «Үстіңізден арыз бар, қатал көрінесіз, не іс-тейміз?» десе керек. Бұл арызды әлдебір бәлеқорларға ояздың өзі әдейі жаздыртып, ұйым-дастырып отырғанын сезе қойған Ыса әлгі жерде бөгелместен: «Ой, тақсыр ол бәлеқорларға сенбеңіз, өткенде ғана сізді «орыстың арақ ішкіш мұжығы», ал мені «қазақтың бұзығы» деп: «Ояз арақішкіш, халықты басқара алмайды, Тәшкендегі губернаторға үстінен арыз жазамыз» дегенде, мен сіз үшін оларға аз ғана мал, ақша беріп, әрең тоқтаттым», деп оязды орнына қойған екен.
Белқожа 1925 жылға шейін болыс болған, Тәшкендегі медресені, орыс-қазақ мектебін бітірген, араб, орыс тілдеріне өте сауатты адам болған. Романовтар әулетінің таққа отырғандарына 300 жыл толуына орай өткен салтанатты жиынға жалпы Орталық Азиядан баратын елу шақты болыс, байларды осы Белқожа болыс бастап, патша алдында құттықтау сөз сөйлеу құрметіне де ие болған.
Орысша сауатты сөйлегеніне қатты риза болған патша Белқожамен арнайы бірге суретке түсіп, көптеген сый-сияпат жасаған. Белқожа болыс өзінің генерал-губернатордың алдындағы беделінің арқасында 1916 жылғы июнь жарлығы кезінде Ресейдің батысында жүріп жатқан соғысқа, қазақ жастарын тыл жұмыстарына алу туралы бұйрық болғанда, Оңтүстік өңірден баратын мыңдаған жасты жібермей алып қалған. Тәшкендегі генерал-губернаторға барып, «ағзамға жеткізіңіз, егерде бізден жастарды алатын болса, халық арасында толқу болып көпшілігі Ауғанстан, Иран ауып кетеді, кейін оларды ағылшын тыңшылары ұйымдастырып өзімізге айдап салмасына кім кепіл?» деп мыңдаған қазақ жастарын майданға жібермей аман алып қалады. Тарихтан белгілі, тыл жұмыстарына алынған кейбір халықтың жастары қиын жұмыстарға шыдамай, тамақтың аздығынан, іш ауруынан көбі қырылып қалған. Бұл туралы тыл жұмысына алынып, сол кездегі қиындықты көзбен көріп, елге әрең жеткен жазушы Сапарғали Бегалин өз өмірбаянында да жазып қалдырады. Белқожа болыстың халыққа істеген осы жақсылығын ел-жұрт әлі күнге дейін аңыз етіп айтады. Одан бөлек болашағы бар деген жастарды қолдап, өз қаражатына оқытып отырған. Солармен бірге өзінің баласы Жамалбекті те Тәшкендегі медресеге оқуға беріп, одан кейін Шымкенттегі орыс-қазақ школасын бітіртеді. Болыстың мұндай қамқорлықтарына – Т.Рысқұлов, Қ.Қошмамбетов, Қ.Сарымолдаев, М.Тынышпаев сияқты оқыған көзі ашық қазақ жастары да ие болған.
Т.Рысқұлов кейін Кеңес өкіметі орнап, болыс-байларды кәмпескелеп, туған-туыстарын қудалағанда, Датқаның ұрпақтарына қамқорлық көрсетіп, көпшілігін Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан басшыларымен келісіп, сол жақтарға қоныстандырып, үлкен нәубеттен аман алып қалады. Осы тарихи деректердің барлығы бізге Жамалбек атамыз арқылы жеткенін айта кетуіміз керек.
Жамалбекті аудан басшыларынан бастап, көптеген танымал кісілер қатты сыйлап өтіпті. Даңқты батыр Бауыржан Момышұлы Жамалбекті қатты құрметтейтін, әкеміз Нарымбекпен жас кездерінде қызметтес, сыйлас кісілер болған. Әкеміз колхозда бухгалтер, Баукең аудандық атқару комитетінде жауапты хатшы қызметін атқарып жүргенде Батыр біздің үйге жиі түседі екен. Оның үстіне, туған жездеміз Қалдарбек батырдың жақын інісі болып келеді. 1960-шы жылдары мединститутта оқып жүргенімде екі жылдай Баукеңнің үйінде жатып та оқыдық. Баукең көңілденгенде: «Әй, Датқаның ұрпағы, сары бала!» дейді, елге барғанда сауатты ағамыз Жамалбекке сәлем айт, өз заманында өмір сүргенде ол ағаң үлкен қайраткер болатын еді» дейтіні әлі де жадымда. Баукеңнің сәлемін оқудан келгенде Жамалбек көкемізге айтқанымызда, үндемей көп отырып, күрсініп «есіл ер аман болсын!» деп естеліктерін әңгімелей бастайтын. Сол әңгімелердің ішіндегі мына бір естелік есімде ерекше қалып қойыпты.
«Баукең анда-санда К.Маркс совхозында парторг қызметін атқаратын немере інісі Әбділда Момынқұловтың үйіне келеді екен. Сондай-ақ әлгі совхозда өте білімді, іскер Мақұлбек Қорғанбаев есімді азамат бас бухгалтер қызметін атқарыпты. Сол жігіт батырды да, мені де қонаққа шақырып Баукең екеуміз түні бойы әңгімелестік. Батырдың көп сауалдарына жауап бергенім бар. Сонда көзім жеткені ол кісі тарихты, салт-дәстүрді, діни жоралғыларды өте терең біледі Баукең, әсіресе, Батырбек Датқа туралы көп айтып, оны пір тұтып отырды.
«Жамаке, Датқа бабаларыңыз өте қасиетті, данышпан, көреген, әділетті болған кісі ғой. Жас кезімде ауданда жауапты хатшы болып, ел аралағанымда Датқа сазға соғып, үнемі дұға бағыштап жүрдім, ал 1931 жылы әскерге алынарда Момыш жәкем екеуміз екі атқа мініп, арнайы Датқа сазға келіп қасиетті кісіге Құран бағыштап, аруағына сыйынып аттанып едім. Әрине, бірінші көктегі Тәңір, екінші Батырбек Датқаның аруағы жебеген шығар, 1938 жылы Қиыр Шығыста әскери қызметте жүргенімде, дивизияаралық әскери жарыс ұйымдастырылып, сол жарыста үздік дайындығым үшін, бірінші орын алдым. Осы жарысты көруге Қиыр Шығыстағы әскерилердің бас қолбасшысы, маршал Блюхердің өзі қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша үздіктерге Блюхер өз қолымен сыйлықтар тапсырып, мен сол кісінің қолынан алтын сағат алғанмын, кейін осы үшін жауапқа тартыла жаздап, аман қалғаным бар. Олай болған себебі, В.К.Блюхер 1938 жылы репрессияға ұшырап, оның қарамағында қызмет істеген командирлердің көбісі ұсталып кетті. Ұлы Отан соғысында, Мәскеу түбіндегі қиян-кескі ұрыстардан, қоршаудан, жаң-бырша жауып тұрған оқтан қалай аман қалғаныма таңмын, сізден несін жасырайын, үнемі Аллаға, екінші Батырбек Датқаның аруағына сыйынып жүрдім», деп еді ер Баукең. Ертеңіне таңертең парторг інісінің машинасымен Датқа саздағы қасиетті баба мекеніне келіп, мен Құран бағыштап, бұлақтан су ішіп, жуынып аттанып едік. Мен Құран оқып отырғанда Баукең күрсініп, көзіне жас алды», деп еді маған айтқан әңгімесінде Жамалбек көкем.
Батырбек Датқа есімін айтқан кезде текті әулеттің ұрпақтары, өзінен тараған мықты ұлдар да елге сыйлы әулет ретінде ерекше аталады. Ел билеуде адалдықтан, әділеттіліктен таймаған, жомарт жандар жайлы ғасырдан астам уақыт өтсе де, қарапайым халық олардың атқарған игілікті істерін ешқашан ұмытпақ емес.
1928 жылдары қызыл коммунистер Батырбек Датқаның Датқа саздағы кесенесін қиратып тастайды. Бірақ қираған кесене кейінірек қалпына келтіріліп, аудан орталығында ескерткіш орнатылды. Айтпағымыз, сол жұмыстарға жұмсалған қаражаттың барлығын қарпайым халықтың өзі көтеріп алған. Алдағы уақытта да сол халық арасынан шыққан зиялы қауым өкілдері қасиетті кісінің есімін мектепке, елді мекенге бергізіп, аталған екі нысанды мемлекет қорғауына алып, киелі мекен тізіміне кіргізуді қолға алғылары келеді.
Жалпы, аруақты баба жатқан Датқа саз қасиетті Жуалы жеріндегі киелі мекендердің біріне жатады. Кезінде қасиетті мекенге Кенесары хан, Ағыбай батыр, Құнанбай қажы, Сыпатай батыр, Майлықожа, Мәделіқожа ақындар, Шоқан Уәлиханов, Байзақ, Сапақ Шоқай сияқты ұлы тұлғалар арнайы атбасын бұрғанын тарихтан жақсы білеміз.
Сондай-ақ тарихи мекенге кезінде Т.Рысқұлов, Б.Қошмамбетов, Қ.Сарымолдаев, С.Сейфуллин, С.Бегалин, М.Әуезов, Б.Момышұлы, Д.Қонаев және А.Асқаров сияқты көптеген ұлт қайраткерлері де келіп, қасиетті кісінің аруағына тағзым еткен.
Осы ретте аудан басшылығы кесене мен ескерткішті үнемі назарда ұстап, жан-жағын абаттандырып, күрежолдан кесенеге дейінгі 300 метрге тасжол төсеп, туристер мен қонақтар келгенде дамылдайтын орын ретінде қайта жаңғыртса деген тілегіміз бар.
Жоғарыда атап өткеніміздей, Батырбек Датқа оңтүстік өңірдің алты бірдей елді мекенінде мешіт-медреселер салдырған. Қазірде оның екеуі Жамбыл облысының Жуалы ауданында, екеуі Талас ауданында, ал қалған екеуі Түркістан облысының Сайрам ауданында орналасқан. Одан бөлек, Датқаның қаздырған каналдары мен салдырған тоғандары да аталған аудандарда әлі де елдің игілігіне жарап келеді. Бұл нысандарға да граниттен белгі қойылып, Батырбек Датқа есімі жазылғаны дұрыс.
Жуалы ауданындағы салдырған екі мешіттің біреуі өзінің Датқа саздағы мекенінде, екіншісі Қошқарата ауылдық округіне қарасты Қызтоған ауылының шығысындағы сайдың ішінде орналасқан. Жергілікті жұрт әлі де ол жерлерді мешіт немесе алмалы бақ деп атайды.
Талас ауданының басшылары да Қызыләуіт, Көктал елді мекендерінде Датқа бабаның салдырған мешіт-медресесі мен тоғандарының басына белгі қойса, тарихи тұлғаның алдындағы ұрпақ парызын өтегендік болар еді.
Қазіргі жастар ел тарихын білулері керек, тарихи тұлғалардың халқына, еліне сіңірген адал еңбектерін оқып, танулары керек. Ол үшін жоғары оқу орындарының тарихшы ғалымдары, облыстық мұрағат мамандары, журналистер Тараз, Шымкент, керек болса Ташкенттегі архивтерден тарихи құжаттарды іздестіріп, мерзімді баспасөз беттерінде деректі мақалалар жазып, жариялап тұрғаны жөн.
Тарихымызды терең біліп, ондағы тұғырлы тұлғалар туралы ақиқат әңгімелер айтылғанда ғана еліміздің ертеңі жарқын болып, болашаққа нық қадам басатынын ұмыт-пайық, ағайын!
Нұрмұхан ЕЛЕПАЕВ,
баба ұрпағы, зейнеткер.
Жамбыл облыстық стоматологтар
қауымдастығының вице-президенті.
Тараз қаласы