Basty bet

Бір үйдегі екі дәрігер

Жақында Мәжіліс депутаттары “Денсаулық сақтау туралы кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заң жобасын қабылдап, медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін енгізу туралы мәселе көтерді. Бұл – соңғы кездері мәртебелері төмендеп кеткен денсаулық сақшыларының кәсіби жауапкершілігін арттырып, абырой-беделін жоғарылатуға жасалған өткен жылдың басты жаңалығы болды.

Медицина қызметкерлерінің жұмысы қашанда ауыр әрі қауіп-қатерлермен байланысты. Бірінің еңбегі бағаланып жатса, енді бірінің еңбегі елеусіз қалып жататын кездер де болады.
Осыған орай, аудандық орталық ауруханада тынбай еңбектеніп жүрген ерлі-зайыптылар – Мәдемі Каналбаева және Самат Әбдірахманов туралы әңгімелемекпіз.
Мәдемі 1993 жылы Қызылорда облысына қарасты Арал ауданында дүниеге келген. Оның ата-анасы әскери қызметкер болғандықтан, оның балалық шағы Жуалы ауданындағы 91678 әскери бөлімінде өтеді. Ол аудандағы №1 Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназияның түлегі. Мектепте жан-жақты, үздік оқушы болған. Алматы қаласындағы С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің жалпы медицина факультетінде білім алады. Одан кейін педиатура факультетінде интернатураны аяқтайды.
Олар 2014 жылы шаңырақ көтереді. Ерлі-зайыптылар 2018 жылы аудандық орталық ауруханаға “Дипломмен – ауылға!” мемлекеттік бағдарламасымен жұмысқа орналасады.
Бүгінде Мәдемі балалар бөлімінің меңгерушісі болса, жолдасы Самат жалпы тәжірибелік дәрігер болып жемісті жұмыстар атқаруда.
– Ата-анамның айтуынша, мен 4-5 жасымнан “Өскенде дәрігер боламын!” деп айтады екенмін. Бүгінде мен өз жұмысымды өте сүйіп атқарамын. Әртүрлі ата-аналар балаларын қаратуға алып келеді. Ылғи ақыл-кеңесімізді айтып, білгенімізбен бөлісеміз. Әр пациентке жанашырлықпен қараймыз, – дейді Мәдемі. – Бала – біздің болашағымыз. Сондықтан балаңыздың денсаулығына атүсті қарамаған жөн. Өздеріңізге белгілі, қазіргі уақытта ауру түрлері жасарып барады. Сол себепті де, ата-аналар балаларының жағдайына мұқият қарап, көп көңіл бөліп, балалық шағын қызықты етіп өткізуі үшін бар күш-жігерлерін салуы қажет деп ойлаймын. Сондай-ақ, баланы тыныштандыру үшін қолына смартфонды ұстату да қате. Неге? Себебі, қазір әлеуметтік желілерде түрлі жағымсыз ақпараттар таралады. Ал, мұндай ақпараттар баланың денсаулығына және психикасына қатты кері әсер етеді, – дейді жас дәрігер.
Мәдемінің жары Самат Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданының тумасы. Алматы қаласындағы С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің түлегі. Ол Жуалы аудандық орталық ауруханада 2018 жылдан бері жалпы тәжірибелік дәрігер болып еңбек етіп келеді. Самат аудандағы 22-ші аймақ тұрғындарының денсаулығына жауап береді.
“Аудандағы арнайы жылжымалы емхана арқылы шалғай ауылдарға да барып, жоспарлы түрде медициналық қызмет көрсетеміз. Бұл – аудан медицинасының алға жылжып келе жатқанының және болашағының зор екендігін көрсетеді. Мен жоғарғы оқу орнын оқи жүріп өмірлік серігімді жолықтырдым. Сол сәттен бастап екеуміз бір салада талмай еңбек етіп, қызығы мен қиындығын бірге көріп келеміз. Алдағы уақытта тәжірибемді арттырып, білімімді жан-жақты жетілдіре отырып ауыл халқына адал еңбек ету үшін бар күш-жігерімді саламын” дейді Самат.
Ол өткен жылы медицина қызметкерлері күніне орай өткізілген “Медицина үздігі – 2022” облыстық кәсіби конкурсында сурылып алға шығып, “Алғашқы медициналық-санитарлық көмектің үздік дәрігері” номинациясы бойынша III орын жеңімпазы атанған. Мұның өзі жас жұбайлардың жұмысына деген жауапкершілігінің жоғары екенін және өз істерінің маманы екенін дәлелдейтіндей. Одан да басқа жетістіктері де аз емес.
Елімізді індет жайлаған жылы да ерлі-зайыптылар күн демей, түн демей халыққа сапалы қызмет көрсете білген.
“Бір салада еңбек еткен өте жақсы. Бір-бірімізге білмегенімізді айтып, үйретіп, пікір алмасып, ақыл-кеңестерімізбен бөлісіп отырамыз. Жұмысымыз сонысымен де қызықты” дейді олар.
Бүгінде жас жұбайлар Іңкәр және Айғаным есімді қыздарды тәрбиелеуде.
Иә, денсаулық саласында шаршамай-талмай еңбек ету, науқастың ауруына ем, жанына дауа бере білу – тек адал дәрігерлердің ғана қолынан келетіні сөзсіз. Бұл дегеніміз – нағыз дәрігер болу екінің бірінің қолынан келе бермейді деген сөз. Ал бүгінгі біздің әңгімемізге арқау болған ерлі-зайыпты дәрігерлердің халыққа көрсете білген сапалы қызметі бәрімізді еріксіз сүйсіндіреді. Ендеше, жолдарыңыз әрдайым ашық болып, еңбектеріңіз елене берсін дегіміз келеді.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close