Basty bet

Сақ болыңыз, сел!

Қазақстанда таулы жерлер және тау бөктерінің аумағы селдің, қар көшкіні мен сырғыманың әсеріне жиі ұшырайды. Олар республика аумағының 13,3% немесе 360000 ш.м. ауданын алып жатыр. Мұнда үлкен ауылшаруашылық жерлері мен жайылымдары, көптеген шаруашылық объектілері мен коммуникация желілері, сондай-ақ халқының жалпы саны 5 миллионға жуық Алматы, Шымкент, Тараз сияқты қалалар мен бірқатар басқа да елді мекендер орналасқан.
Жалпы «Сел» — таулы аудандарда мұздақтардың, қардың мөлшерден артық еруінен, нөсерлі жауын-шашындардан, жер сілкінуден, тау өзендерінің арнасынан асып тасуынан, яғни климат өзгеруінен пайда болатын табиғаттың жойқын құбылысы.
Жамбыл облысында сел қауіпті аймақтарда орналасқан телімдер мен нысандар паспорты бойынша сел қауіпін төндіретін 18 өзен тіркелген. Олар Жуалы ауданында – Ақсай, Көксай өзендері, Рысқұлов ауданында – Қайыңдысай, Шөнгер, Қарақат, Қарақыстақ, Шалсу, Көкдөнен өзендері, Меркі ауданында – Аспара, Меркі, Молалы, Талды бұлақ, Түзу сұрат, Қордай ауданында – Қарақоныз, Қақпатас, Ырғайты, Қалғұты және Талас ауданында – Тамды өзендері.
Жамбыл облысы бойынша табиғи сипаттағы сел ағындары, қар көшкіні, сырғымадан қорғауды қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрілігі «Қазселденқорғау» ММ «Жамбыл аумақтық пайдалану басқармасы» филиалы (бұдан әрі –Филиал) қызмет етеді және осы бағыттар бойынша жұмыстар жүргізуде.
2025 жылдың 4 сәуірінде сел қауіпті кезеңіне дайындық және өткізу туралы Филиалдың №20 бұйрығы шығарылып, ТЖ алдын алу және жою жедел штаб құрамы, іс-шаралар жоспары бекітілді. Табиғи сипаттағы төтенше жағдайларды бақылау, болжау мақсатында екі шұғыл топ және 1 апаттық бригада құрылған. Апаттық бригада құрамы 7 адам, 3 бірлік техника және №1 шұғыл топ құрамы 3 адам, 1 техника – Жамбыл облысы Тараз қаласында шоғырланған. №2 шұғыл топ 2 адам, 1 техника – Жамбыл облысы Меркі ауданы Мерке ауылында орналасқан. Екі шұғыл топта арнайы киіммен, ультра қысқа толқынды радиостанциялармен, құралдармен, дәрі-дәрмек қобдишасы мен жабдықталған.
Үстіміздегі жылдың сәуір айында филиал мамандары ОДП, ДП диспетчерлерімен, су бақылаушылармен селқауіпті кезеңнің басталуына байланысты кезекті оқу-жиын өткізілді. Жиын барысында табиғи сипаттағы ТЖ су тасқыны, сырғыма, сел процестерінің сарапшылдық әдістемелері, бақылау тәртібі нормативтік құжаттарымен таныстырылды, облыстың таулы аймақтары қауіпті учаскелерді зерттеу барысында техникалық қауіпсіздікті сақтау нұсқаулықтары жүргізілді.
Филиал селқауіпті кезеңде күнделікті гидрометеорологиялық жағдайларға бақылауды 8 (Талас, Көксай, Қайыңдысай, Шалсу, Қарақыстақ, Аспара, Меркі және Қарақоңыз өзендерінде орналасқан) тұрақты және 2 маусымдық «Жоғарғы Меркі» (Меркі санаториінен 29 км жоғары, т.д. 2469 м биіктікте орналасқан), «Жоғарғы Аспара» (Гранитогорск селосынан 24 км жоғары, т.д. 2039 м биіктікте орналасқан) гидробекеттері арқылы жүргізеді. Гидробекеттер тұрғын вагонмен, гидрометеорологиялық құралдармен, радиобайланыспен, тұрмыстық қажетті заттармен қамтамасыз етілген.
Қызмет көрсету аумағындағы әртүрлі деңгейдегі әкімдіктерге, кәсіпорындар, мекеме, әскери бөлім басшыларына, шаруа қожалық иелеріне хабарлама-ұсыныстар беріліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілу барысында «Сақ болыңыз, сел!» жаднамалары таратылды.
Биылғы жылғы сел қауіпті кезеңінің басталуына орай, ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ «Жамбыл аумақтық пайдалану басқармасы» филиалы облыс тұрғындарының назарына сел қауіпі бойынша бір қатар мағұлматтар мен сақтық шараларын ұсынады:
Сел туралы қысқаша мағұлмат:
• Сел тасқыны құрамына қарай саз-балшықты, тасты-балшықты және сулы-тасты селдер болып үш түрге бөлінеді.
• Тас аралас саз-балшықтардың таудан төмен ағыла құлауымен сипатталатын сел ағыны кенеттен басталып, барынша қарқынды өтетін мейлінше залалды құбылыс, әдетте нөсер жауындар әсерінен, кейде тау шатқалдарындағы қардың не мұздықтың жаппай еруінен туындап, шағын өзенше аңғарлары мен жылғалар бойын қуалай құлайды.
• Сел жолындағы борпылдақ шөгінділерді шайып, қатты тау жыныстарын бұзып, ағаштарды түбірімен қопарып, салмағы ондаған тонналық үйтастарды ағызып әкетеді.
• Сел Қазақстанның тауларындағы өзендердің алаптарында жылдың жылы мезгілдерінде (мамыр – құркүйек айлары аралығында) жиі болып тұратын табиғат құбылысы.
Сел қаупінің белгілері:
– сел қаупі күшті аудандарда қатты нөсердің ұзақ жаууы;
– биіктегі сел қаупі бар өзендерде ауа температурасының күрт көтерілуі, бұл морендік өзендердің суға толып, арнасын бұзып шығуын тудырады;
– өзендегі су деңгейінің күрт төмендеуі немесе оның жоғарғы жағында өзен бөгеті бұзылуын көрсететін шұңқырдың пайда болуы;
-өзен бөгетінің бұзылуына алып келетін жер сілкінісі.

Сел тасқынының тікелей және жақын қаупінің белгілері:
– морендік-мұздақ кешендегі судың толғандығын айғақтайтын сел қаупі бар арнадағы ағынның тоқтауы немесе күрт бәсеңдеуі;
– биіктегі сел қаупі бар арнадан күшті гуілдің естілуі;
– сел айдаған тастың соққысынан топырақтың дірілдеуі;
– сел толқындарының соққысынан шаңдақ бұлттың пайда болуы;
– судың қатты лайлануын сипаттайтын сел алдындағы тасқынның пайда болуы.

Сел қаупі бар аудандарда болған кездегі қауіпсіздік шаралары:
– таудағы жағдай туралы баспасөз хабарларын ұдайы қадағалаңыз;
– сел қаупі бар биіктікте қатты нөсер жауа бастаса жылдам кетіңіз;
– сел тасқынына 50-70 м артық жақындамаңыз;
– тік жартас пен құлама беткейдің жанына тоқтамаңыз, өйткені тасқынның соққысынан сырғыма мен опарылма түсуі мүмкін;
– сел араларымен жүрген кезде адамдардың арасындағы қашықтық кемінде 20-30 м болға тиіс;
– сел қаупі бар арналардың, өзен бөгеттерінің жанына демалуға тоқтамаңыз және шатырлы лагерь құрмаңыз;
– сел тасқынының белгісін сезген бойда арнадан қашығырақ кетіп, тау беткейі бойынша мүмкіндігінше жоғары көтеріліңіз;
– сел тасқыны өткеннен кейін селдік арнаға түспеңіз, өйткені ол қайталануы мүмкін;
– арнаға төмен түскен кезде және онымен жүрген кезде, әсіресе ой-шұңқырдан аса сақ болыңыз;
– мореналық – мұздақтық кешенде және оның бойымен сел тасқыны қаупі болмайтын немесе өте сирек болатын кезеңде, ең жақсысы, ауа температурасы қалыпты кезде жүру ұсынылады;
– үйінділер бейберекет жатқан, сондай-ақ мұздақтан немесе қар көшкінінен пайда болған кедергілері бар өзен бөгеттерінің жанынан жүрмеу ұсынылады

Қ.Хамзин,
ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ «ЖАПБ» филиалының
инженер-гидрологы

Таңдаулы материалдар

Close