Basty bet

Өнерліні өрге өрлеткен білім шаңырағы

«Ел іші – өнер кеніші». Ауылдық жерлердегі талантты балалардың өнерін шыңдап, оларды ұлттық тәрбиемен, ұлттық болмыспен өнерге баулуда қосымша білім беру мекемелері қызметкерлерінің еңбегі зор.
Ұлттық құндылығымызды дәріптеуде, жас ұрпаққа үйретуде өнер мектебінің алар орны зор. «Өнер – адамның рухани азығы, халықтың бүгіні мен келешегі, арманымен қиялы, жалпы болмысы» деп даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы айтқандай, жас жеткіншектерді өнерге баулып, үлкен өмірге қанағат қағуына Шақпақата ауылындағы №4 Балалар өнер мектебінің қосып отырған үлесі зор. Талай жастың талабын ұштаған өнерлі орданың бағындырған белестері де көп.
Өнер мектебі алғаш 2007 жылы Саз мектебі болып ашылып, 2015 жылы №4 Балалар өнер мектебі болып өзгертіледі. Өнер мектебінде домбыра, қобыз, қолөнер, хореография, гитара, театр, вокал және сурет сыныптары бойынша 27 мұғалім дәріс береді. 27 мұғалімнің 23-і жоғары білімді болса, төрт мұғалім арнаулы орта білімді.
2024-2025 оқу жылында өнер мектебінде 450 оқушы 8 мамандық бойынша дәріс алу үстінде. Домбыра класында – 69, қолөнерде – 123, хореографияда -108, гитарада – 4, қобызда – 8, театрда – 18, вокалда – 13, ал суретте – 115 оқушы қосымша біліммен қамтылған. Қазіргі таңда №4 Балалар өнер мектебін Жасұлан Маханов басқарады.
Бүгінгі мақаламда өнер мектебінің домбыра үйірмесінің жұмысына ерекше тоқталып өткенді жөн көрдім.
Домбыра – қазақтың қасиетті аспабы, құнды байлығы, таптырмас қазынасы. Ұлы ақын Қадыр Мырза Әлінің «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген өлең сөзінде зор мән бар.
Қашанда қадір тұтып, төрге іліп, қастерлеген қазақтың қара домбырасы сабағынан өнер мектебінде білімді де білікті жеті ұстаз дәріс береді. Олар: Әзиз Шәкірбаев, Ержан Шаханов, Қалмұқан Досанқұлов, Нұргүл Дүйсеханова, Жанерке Байзақова, Нұрдәулет Баймаханбетов пен Жасұлан Маханов.
Домбыра үйірмесі жайлы сұрап білу үшін өнерлі ұстаз Әзиз Шәкірбаевты әңгімеге тартқан болатынбыз.
– Өмірімді қасиетті қара домбырамен ұштастырып, қазіргі таңда өскелең ұрпаққа ұлттық аспапты үйретіп отырған жанның бірімін. Шақпақата ауылында өнерлі, таланты жастар өте көп. Олар өнер мектебіндегі түрлі бағыттағы үйірмелерге жазылып, сабақтарға қатысады. Білім ошағындағы жақсы жолға қойылып, оқушылар көп келетін үйірменің бірі – домбыра. Сабақ аптасына екі рет жүргізіледі. Домбыра үйірмесінен жеті ұстаз сабақ беретін болған соң, алты күнді оқушылар үйірмеге екі рет келетіндей етіп бөліп алғанбыз. Ал аптасына бір рет сальфеджо сабағы өтеді. Бұл сабақта біз балаларға нотаны тереңірек түсіндіруге тырысамыз. Үйірмеге келетін балалардың жасына, оқитын сыныбына байланысты бөлеміз. Негізі оқушыларды төртінші сыныптан бастап қабылдаймыз. Олар бес жыл білім алса, бір жыл дайындықта жүреді.
Домбыра үйірмесіне қатысушы оқушыларды қабілетіне қарай іріктеп, түрлі концерттік байқауларға қатыстырамыз. Баланың бойындағы өнерге деген қызығушылығын оның ұстазы оята білуі керек. Әр бала – жеке тұлға. Осы қағиданы ұстана отырып, оқушылармен сабақтан тыс жеке жұмыс істеуге тырысып, шығармашылығын дамытуға атсалысамыз. Бұл ретте ата-ананың да рөлі үлкен. Сол үшін олармен үнемі байланыста боламыз. Баланың үйренгенін ұмытпауы үшін оған отбасы мүшелері де атсалысуы керек.
Балалар өнер мектебіне, әсіресе домбыра үйірмесіне балаларын беруге ниетті ата-аналар өте көп. Балалардың да домбыра үйренуге деген қызығушылығы жоғары. Бұл әрине балалардың ұлттық аспапқа деген құрметтін білдірсе керек. Үйірмеге қатысушы әрбір баламен бірінші кезекте бақылау емтиханы өткізіледі. Бала бойында құлшыныс пен ниет болса нәтиже де соғұрлым жоғары болмақ. Ең алғашқыда балаларға жеңіл сабақ түрлері өтіледі. Одан кейін балалардың деңгейіне қарай сабақ күрделене береді. Баланың талантын ашуға ұстаздардың тарапынан жан-жақты көмек көрсетіледі, – дейді білікті ұстаз Әзиз Шәкірбаев.
№4 Балалар өнер мектебінің шәкірттері округ орталығындағы №4 Қ.Сағындықов атындағы орта мектептің, Ынтымақ ауылындағы негізігі мектеп және Т.Дүйсебайұлы ауылындағы мектептің оқушылары.
Домбыра үйірмесіне қатысушы оқушылар аудандық, облыстық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп келеді. Айта кететін болсақ, үйірме жетекшісі Ержан Шахановтың үш оқушысы Шұғыла Әбілқасым, Аяна Бекжан және Алуа Санатқызы Алматы қаласында өткен «Атадан мұра» республикалық байқауында бірінші орынды иеленген. Олар Құрманғазының «Балбырауын», «Адай», Ә.Желдібаевтың әйгілі «Ерке сылқым» күйлерін орындаған.
Ал білікті маман Әзиз Шәкірбаевтың шәкірттері Нұрдәулет Баймаханбетовтың да оқушылары Тараз, Шымкент қалаларында өткен байқауларда жүлделі орындардан көріну үстінде.
Аталған өнер мектебінің шәкірттері жарқын жетістіктерімен қуантып қана қоймай, олар Қазақстанның астанасы мен басқа қалаларында оқып, өнер жолында қызмет етуде. Талантты оқушыларды қанаттандырып келе жатқан шығармашылық ұжымға табыс тілейміз!

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close