Basty bet
Даңқты қолбасшының өмірі – көпшілікке өнеге
«Ерлік даңқы – мәңгілік!» демекші, кеше аудандық орталықтандырылған кітапханада Кеңес Одағының Батыры, аты аңызға айналған даңқты қолбасшы, жауынгер жазушы Бауыржан Момышұлының өміріне арналған «Ұлтын сүйген батыр ұл!» атты танымдық сағаты өтті.
Шараны өткізудегі мақсат – оқушыларды Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен қазақ батыры Бауыржан Момышұлының өмірі мен ерліктері және нақыл сөздерімен таныстыру. Сондай-ақ, оқушыларға даңқты қолбасшының өнегелі өмірін насихаттай отырып, Отанға, өмірге деген сүйіспеншілік сезімдерін дамыту және жас ұрпақты елжандылыққа, Отанын қорғай білуге тәрбиелеу. Тағылымды шараға аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар және мектеп оқушылары қатысты. Оқырмандарға қосымша айта кететін болсақ, қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы, қаһарман қолбасшы, ұлт және руханият жанашыры Бауыржан Момышұлы 1910 жылы 24 желтоқсанда қасиетті Жуалы топырағының бұрынғы Мыңбұлақ ауылында дүниеге келген. Бауыржанның әкесі Момыш еті тірі, қолы шебер, көкірегі ояу, көңілі сергек, оқымаса да тоқығаны көп, өлең шығарып, жиын-тойға қатысып, айтысқа түскен ақын адам, шымыр денелі, терең ойлы жан болған. Ал, анасы Рәзия – қазақтың ибалы келіні. Шешесінен үш жасында жетім қалған, оны әжесі мен әкесінің әңгімелерінен білетін жазушы Бауыржан кейінірек анасының асыл бейнесін қағазға түсіреді.
Аты аңызға айналған тұлғаның ұлағатты өміріне арналған танымдық сағаттың ашылуында аудандық кітапхананың «Білім орталығы» және «Оқырмандарға қызмет көрсету» бөлімінің қызметкерлері Шарифат Қаниева және Назгүл Серкебаева Бауыржан Момышұлының өмірбаяны туралы ақпараттарды ұсынды. Жас маман Еркебұлан Тәліпбек «Адамның бір қызығы бала деген» термесі және ауыл жайындағы әнін шара қонақтарының құрметіне орындаса, Батыр атамыздың өз даусы жазылған таспа мен бейнесі, шағын бейнеүзінді арқылы көрсетіліп, көпшіліктің көкейіне тәрбие мен намыс деген екі ұғым ұштасқан кезде ғана адамның рухы мықты болатындығы туралы ой салғаны анық.
Сондай-ақ, танымдық сағаттың барысында аудан орталығындағы №15 мектеп-лицейдің 5 сынып оқушылары, Бауыржан Момышұлының балалық шағы және одан кейінгі соғыс жылдарындағы өмірі жайлы жалпы мәліметтер, Батырға арналған арнау өлеңдер, ерлік және отансүйгіштік турасында мақал-мәтелдер оқыды.
Танымдық шара кеш қонақтарымен пікір алмасу және сұрақ-жауаппен аяқталды. Қонақтар арасынан да сөз алған азаматтар даңқты тұлға, қаһарман қолбасшы туралы өздері білетін мәліметтерімен бөлісті.
Рашид КЕМЕЛБЕК,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің
журналистика және саясаттану факультетінің ІІ курс студенті