Basty bet
Елдіктің, ерліктің мекені – Жуалы!
Өткен жұма күні аудандық «Достық» мәдениет үйінде «Оқитын ұлт» жобасы шеңберінде Жамбыл облысының 85 жылдығына орай «Туы биік, тұғыры берік – Жамбыл елі» атты өлкетану оқуларының «Тарихтан тағылым, ұлылықтан ұлағат» көрсетілім іс-шаралар байқауы аясында «Елдіктің, ерліктің мекені – Жуалы!» атты аудандық байқау өтті.
Байқаудың мақсаты – кітапхананың өлкетану ресурстарына деген жастардың қызығушылығын жоғарылатып, кітапхана қызметкерлерін ізденіс пен шығармашылыққа талпындыру, мамандардың туған өлкенің тарихы мен рухани мұрасын сақтау мәселелері аясында тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасауға бағыттау.
Іс-шара мәдениет үйінің фойесінде ұйымдастырылған көрмеден бастау алды. Көрмеде ауданнан шыққан генералдар мен батырлардың және ақын-жазушылардың суреттері қойылған.
Байқау кітапхана қызметкерлерінің орындауындағы «Кітапхана гимні» әнімен ашылды. Байқауға Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Әбдинова, белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Үміт Битенова және жазушы, журналист Ерман Әбдиев қазылық етті.
Алғашқы сөз аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ғазиза Естаеваға беріліп, ол Жамбыл облысының 85 жылдығына арналған байқаудың мақсатына тоқталып, байқауға қатысатын кітапхана қызметкерлеріне сәттілік тіледі.
Іс-шара аудандық мәдениет үйінің «Қызғалдақ» ән-би ансамблі әншілерінің «Жуалым» әнімен жалғасты.
Әрі қарай үлкен LED-экран арқылы Жуалы ауданы туралы бейнеролик көрсетілді. Кітапхана қызметкерлері ауданнан шыққан ақын-жазушылардың шығармаларына шолу жасаса, мектеп оқушылары ақындардың өлеңдерін жатқа мәнерлеп айтты.
Байқаудың қорытынды сөзі Үміт Битеноваға берілді.
-Жамбыл облысының 85 жылдығына арналған байқау жоғары деңгейде өтті. Кітапхана қызметкерлерінің жақсы дайындығы көрініп тұр. Бұл өлкеден қаншама генералдар мен ақын-жазушылар шыққан. Осындай табиғаты керемет өлкенің кітапхана қызметкерлеріде жақсы өнер көрсететініне сендім. Бәрі тамаша өтті. Сіздерге тек сәттілік тілеймін,- деді Үміт Қыранқызы.
Баян Оразбаева,
«Жаңа өмір»