Basty bet
Әркімнің өз Отанына деген құрметін мемлекеттік тілге құрметінен білуге болады.
Ата Заңның талабына сай, ешкімді де ұлты мен тіліне байланысты кемсітуге болмайды. Заң мен соттың алдында жұрттың бəрі тең. Қазақстан азаматтары ана тілін қолдануға, қарым-қатынас, тəрбие, оқу жəне шығармашылық тілін еркін таңдауға құқылы. Мемлекеттік тілді дамыту тіл саясатының басым бағыттарының бірі. Сондықтан, тəуелсіз мемлекетіміздің болашағы мемлекеттік тілді жетік білетін жəне елге адал қызмет ететін мамандарға тікелей байланысты.
Мысалы, елімізде əр жыл сайын «Мемлекеттік тіл жəне БАҚ», «Тіл шебері», «Мемлекеттік тіл – Тəуелсіздік символы», «Мен қазақша сөйлеймін» акциясы жəне т.б. республикалық конкурстар өткізіледі. Бұлар өз кезегінде мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтіп, тіл мəдениетін арттыруға серпін береді.
Мəртебесі Конституциямен бекітілген қазақ тілінің өркен жайып, тұғыры нығаюы үшін сот жүйесінде де ауқымды шаралар атқарылуда. Соттарда жұртшылықтың сұрақтарын қазақ тілінде қойып, тыңғылықты жауап алуына барлық жағдай жасалған. Судьялар мен сот мамандары мемлекеттік тілді жетік біледі. Іс қағаздары мемлекеттік тілде жүргізіледі. Сонымен қатар, барлық сотта сот төрағаларының өкімдерімен мемлекеттік тілді қолдану мен дамыту мəселелерімен айналысатын жауапты тұлғалар бекітілген.
Мемлекеттік тілде іс жүргізуде қателіктердің болмау жолдарын қарастыратын шараларға ұдайы басымдық беріледі. Құқық қорғау, тағы басқа мемлекеттік органдар қызметкерлерінің, адвокаттар мен сот орындаушылардың қатысуымен соттарда мемлекеттік тілде іс жүргізудің өзекті мəселелеріне арналған дөңгелек үстелдер, семинар-тренингтер өткізілуде. «Сот ісін мемлекеттік тілде жүргізу», «Сот кеңселерінде мемлекеттік тілдің қолданылуы» сынды тақырыптарда ұйымдастырылған іс-шаралар патриотизмнің ең шынайы көрінісі ретінде ана тілді білу қағидатын алға шығарып, қазақ тілінің танымдық қызметінің маңызын арттырады.
Судьялар мен сот мамандары жергілікті жəне республикалық басылымдарда мемлекеттік тілдің маңызын арттыратын мақалалар жариялауда. ҚР Жоғарғы Соты судьялар мен сот қызметкерлеріне арналған соттағы іс қағаздарды, сот актілерін мемлекеттік тілде жүргізудің үлгілері көрсетілген оқулықтарды шығарды. Қазіргі күні қазақ тілі мемлекеттік биліктің сот тармағында лайықты биігіне көтеріліп келеді.
Еліміздің «Тіл туралы» заңының 4-бабымен Қа зақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі екені жəне оның мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жəне іс қағаздарын жүргізу тілі болатыны айқындалған. Бұған қоса Үкімет пен мемлекеттік органдарға қазақ тілін барынша дамытуға, оның халықаралық беделін нығайтуға жəне қазақ диаспорасына ана тілін сақтауы мен дамытуы үшін көмек көрсету міндеті жүктелген.
Ел заңдарында мемлекеттік тілдің Қазақстан халқын топтастырушы фактор екені нақтыланған. Мемлекеттік тілге деген құрмет нақты заң нормаларымен бекітілген. Бұл тек сот ісін жүргізуде ғана емес қазақ тілінің елдік мəртебесін көтеруде қазақстандықтардың бір кісідей жұмылып атсалысуы керектігін көрсетеді.
Сот ісін мемлекеттік тілде жүргізу мəселесі бір күндік немесе бір кезеңдік іс-шара емес, тəуелсіздігіміз тұғырлы болу жолындағы негізгі бағыттардың бірегейі болуы тиіс. Сонда ғана діттеген межеге жетеріміз анық. Мəселен, Қылмыстық-процестік, Азаматтық процестік, Əкімшілік рəсімдік процестік, сондай-ақ, Əкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстер талабына сəйкес, сот ісі қазақ
тілінде жүргізіледі. Тек қажеттілік болса ғана орыс тілі қазақ тілімен қатар қолданылады.
Заңның осы талабын дұрыс түсініп, қолдану еліміздің барлық азаматына сын. Өйткені, Қазақстанның болашағы қазақ тілімен тығыз байланысты. Президент айтқандай, қазақ тілі ел азаматтарын біріктіруші күшке айналуы тиіс. Қазақ тілі мемлекеттік басқару тіліне айналуы үшін бірінші кезекте мемлекеттік органдардың қызметкерлері халыққа үлгі болулары керек. Жоғарыда айтып өткеніміздей бұл мəселеде мемлекеттік тілдің маңызын насихаттайтын іс-шаралардың нəтиже берері анық.
Қорытындылай келе, әр адамның азаматтық қасиеті – өз халқын, өзінің атамекенін қалай сүюмен, өз ана тілін қалай білуімен өлшенеді. Әркімнің тілге деген құрметін өз анасына, өз ұлтына, өз Отанына деген құрметінен білуге болады. Мемлекеттік тілде сөйлеу арқылы санамыздың бір түкіпірінде жатқан өткен тарихқа деген көзқарасымызды түзейміз, келешекке деген сеніміміз ұлғаяды әрі қасыңда тұрған азаматтардың алдында абыройы жоғарылайды!
Жуалы аудандық
сотының төрағасы
Бабырхан Абуев

