Basty bet

Мақсатымыз – айқын, бағдарымыз – берік

Бәйтерек ауылындағы «Мұхиддин» ШҚ-ның жұмысы мақтауға тұрарлық

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың реформалық бастамалары, негізінен, өзі билік басына келген мерзімнен бастау алады. 2019 жылдың 19 наурызы мен биылғы жылдың 19 наурызында тұңғыш рет аралас жүйеде өткен ҚР Парламенті Мәжілісі және Мәслихат депутаттарының сайлауы аралығындағы төрт жыл – елімізде ірі саяси жаңғыртулар мен түбегейлі өзгерістерді қамтуымен ерекшеленеді.
Ұлт сенімін арқалап, әлеуметтің әл-ауқатын арттыру, сот-құқық саласын жетілдіру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді саясат ұстану секілді бағыттарға басымдық беруді көздеген Президент халыққа арнаған ең алғашқы Жолдауында-ақ қоғаммен ашық әрі айқын байланыс орнату, жұрт талабы мен сұранысына дер кезінде ден қоюды жүзеге асыртты.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы арқылы барлық деңгейдегі атқарушы орган азаматтардың кез-келген тақырыптағы өтініш-тілектерін шұғыл әрі тиімді қарастыруды басты міндетіне алды. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнай бастады. Геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға сүрлеу салынды. Арыстағы жарылыс, Қордай қақтығысы, дүние жүзін шарлаған пандемияның ел ішін дүрліктіріп, етектен тартқан зардаптары да республикамыздың алға қарыштай дамуына кедергі жасай алған жоқ. Қасым-Жомарт Кемелұлы дер кезінде төтенше жағдай жариялап, арнайы комиссия құрып, қатаң шараларды қолға алды.
Билік пен халық арасындағы диалогты дамытатын Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі жұмысқа кірісті. Жүйеге түскен жаңа органның жоспарлы отырыстарында бұқараның көкейінде жүрген мәселелер қозғалып, күрмеуі көп түйіннің шешілу жолдары қарастырылды. Осындайда сан ғасырлар бойы көшпелі қазақ қоғамында заң шығарушылық қызметті дуалы ауызды билері атқарған шынайы халықтық үлгідегі дала парламенті есіңе түседі.
Президент бастамаларының жетістігі Қазақстанды еуропалық мемлекеттердің қатарына қоятын нәтиже берді. Әкімшілік жүйе құзіретінің төмендеуінің алдын алып, Парламенттің және мәслихаттың құзіретінің көтерілуіне, жеке адамға дербестік, құқық еркіндігінің берілуіне қолайлы жағдай туызылуы, әрі Қазақстанның экономикалық қарқынының ептеп жақсаруы – осы нәтижелердің әсері. Осы жерде Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың мықты дипломат, тәжірибелі саясаткер ретінде, өз жанынан өлшеп, кесіп-пішіп, өз жадымен пісіріп, шығарып, өз қолымен қорытып, қаламының ұшымен жазылған, Қазақстанның әлеуметтік-саяси жүйесін одан әрі демократизациялауға бағытталған бұл саяси реформаларының жоспарын үздіксіз және үдемелі түрде жариялап отырғанын айтпай кетуге болмайды.
Экономикалық белсенділікті қолдау, азаматтарды жұмыспен қамту, қала мен дала айырмашылығын азайту, өндіріс пен өнеркәсіп салаларын өркендету, ауыл шаруашылығын дамыту, жер қатынастарының рөлін арттыру, Жер Кодексіне түзетулер енгізу, төрт түлік мал жайылымдары мәселесін шешу, су ресурстарын сақтау және тиімді пайдалану, халықтың тұрмыс сапасына ықпал ететін өте маңызды салалар – экология саласын, денсаулық сақтау саласын, білім саласын сапалы деңгейде дамыту бағытында бірқатар шаралар қабылданды.
Осы орайда еліміздің түкпір-түкпірінде ішінара ауыл әкімдерін сайлау да ойдағыдай көрсеткішпен өтті. Оған біздің Жуалы ауданының тұрғындары да сайлаушы ретінде белсенді үлес қосты. Сөйтіп Көкбастау және Жетітөбе ауылдық округінде өз таңдауларын жасап, халық өздері сенім артқан әкімдерді сайлап алды.
Өз басым, Президенттің ұсынған кең көлемдегі бағдарламаларымен мемлекетіміздің ішкі болмысында саяси жаңғыртулар орын алуда деп санаймын. Олардың ең ірі көлемдегі бағыттарының жүзеге асырылуына түкпір-түкпірдегі қазақстандықтар түгел араласты. Үштен екісі жаңғыртылып, халық талқысына салынып, жаңа сипатқа ие болған Конституция бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданды. Бұдан былай жеті жылдық мерзімге бір-ақ рет үміткер боп түсе алатын Президенттің сайлауы өтті. Сенат депутаттары ішінара сайланды. Аймақ басшылары таңдалды.
Ал биылғы жылдың 19 наурызында партиялық тізім мен бірмандатты округтер бойынша тәуелсіз мемлекетімізде тұңғыш рет аралас можаритарлық жүйемен ҚР Парламенті Мәжілісі және Мәслихаттардың депутаттары сайланды. Енді халық сенген өкілдерге алда тек «Мықты Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласымен мемлекет ісін жүйелі жүргізу, жұрт үдесінен шығу, қоғам мүддесін көздің қарашығындай қорғау міндеті тұр.
Өйткені Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында атап көрсетілгендей, бұл тұжырым – қоғамның мызғымас тұғыры, жалпыұлттық ынтымақты және билік пен қоғамның серіктестігін нығайта түсетін, келешек жеті жылымыздағы даму бағдарымыз бәріміз және әрқайсысымыз үшін әділетті болады деп сенім артып отырған Қазақстан халқының берік ұстанымы деп білемін.

Айбек ЕЛЕКБАЕВ,
«Боранды» шаруа қожалығының
басшысы.
Аудандық мәслихаттың депутаты

Таңдаулы материалдар

Close