Basty bet

Жастарды спортқа жетелеген жас маман

Жастар – кез келген мемлекеттің тірегі әрі болашағы. Қай дәуірде болмасын жас ұрпақ қоғамның дамуына серпін беріп, жаңа идеялар мен бастамалардың алдыңғы қатарынан табылуда. Бүгінгі күннің жастары да білімге құштар, жаңашылдыққа бейім, ел дамуына үлес қосуға дайын.
Мемлекеттік жастар саясатын жай ғана бағдарлама деп түсіну – тар шеңберде ойлау. Шын мәнінде, ол – жас буынды тәрбиелейтін, әр қадамын дұрыс бағыттайтын үлкен мектеп. Бұл мектептің ұстазы – мемлекет, ал оқушысы – жас ұрпақ.
Жастар саясатының өзегі – сенім. Өйткені мемлекет жастарға сенім білдірмесе, болашағына да сенбегені. Ал, жастарға жасалған әрбір мүмкіндік – ертеңгі күнге салынған көпір іспетті. Жастарға арналып жатырған мемлекеттік түрлі гранттар, кәсіпкерлікке арналған қолдаулар – бұлардың бәрі тек материалдық игілік емес, олар жастарға берілген сенімнің бейнесі. Бүгінде жастар тек білім алып қана қоймай, қоғамға ой қосып, жаңа бастамалар ұсынуда. Сондықтан мемлекеттік жастар саясаты – жастарды тек қолдау ғана емес, олардан үйрену, олардың тың идеяларын іске асыру жолы.
Қазір жастар тек білім мен ғылым саласында емес, спорт, мәдениет, өнер және кәсіпкерлік бағыттарында да белсенділік танытуда. Ауылдық жерде болсын, қалада болсын, еңбекқор жас буын елдің өркендеуіне өз үлестерін қосып келеді. Қазақ халқы ежелден «Жастарына қарап елін таны» деп бекер айтпаған. Себебі, жас ұрпақ – тәуелсіздігіміздің кепілі, мемлекетіміздің болашағы. Еліміздің ертеңі – еңбекқор, ізденімпаз жастардың қолында. Осындай жастардың бірі – Самат Асқар.
Самат 2003 жылы Қайрат ауылында дүниеге келген. 2009 жылы осы ауылдағы №2 Мыңбұлақ орта мектебінің табалдырығын аттап, мектепті 2020 жылы аяқтады. Мектеп кезінен спортқа жақын болып, мектепшілік спорттық жарыстарға қатысып өзін осы спорт саласында көріп, мектептен соң білім жолын жалғастыруға Тараз қаласындағы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Дене мәдениеті және спорттық – қызмет» мамандығына оқуға түсіп, 2024 жылы бітіреді.
Самат Серікұлының еңбек жолы да жүйелі бастау алды. 2024 жылдың қыркүйек айында аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығы» мекемесіне Жастар тәжірибесі бағдарламасы арқылы жұмысқа қабылданады. Жас маман аталған мекемеде алты ай тәжірбие жинап, 2025 жылдың ақпан айынан бастап Мыңбұлақ ауылдық округінің спорт нұсқаушысы қызметін атқарып келеді. Жас маман бүгінде ауыл жастарын спортқа баулып, саламатты өмір салтын насихаттауда. Түрлі жарыстар ұйымдастырып, спорттық іс-шараларға ұйытқы болып жүр. Оның бұл еңбегінің арқасында ауыл жастарының спортқа деген қызығушылығы күн өте артып келеді.
– Жастарды спортпен шұғылдануға баулып, саламатты өмір салтын насихаттау – менің басты мақсатым. Қазір әрбір ұймдастырылып жатқан жарыстар, әр жаттығулар болсын барлығы – балалардың денсаулығы мен болашағы үшін жасалған қадамдар болып табылады. Бүгінде мемлекеттік қолдаумен өз мамандығым бойынша, өз туған ауылымда еңбек етіп жүргеніме қуаныштымын, – дейді жас маман Самат Асқар.
Самат – тек білікті маман ғана емес, ол үйінің тірегі, бауырларына қамқор аға, қорғаушы іні, жарына адал азамат. Өзінің болашағына нық қадам баса білген Самат 2022 жылы Малика есімді арумен шаңырақ көтеріп, бүгінде екі ұл тәрбиелеп отыр. Ол үшін отбасы мен қызмет – егіз ұғым. Оның бұл өмір жолы – қарапайым еңбектің табандылықтың, туған жерге деген адалдықтың көрінісі екені анық. Самат бүгінде жас болсада өз қатарластарының алды, ауыл жұртына, әріптестеріне сыйлы азаматтың бірі.
Аяжан ҚАЗЫБЕК,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close