Basty bet

Fлғысқа бөленген мейірімді медбике

Мейірімді жүрек, жылы сөз, адам жанына шипа болу – бұл ақ халатты абзал жандардың ең үлкен қасиеті. Адам жанының арашасы атанған ақ халатты абзал жандардың еңбегі қашанда құрметке лайық. Солардың бірі – өз ісінің шебері, көпке үлгі болар медбике Гүлнара Тұрсынбекқызы.
Ақ халатты абзал жан 1966 жылы бұрынғы Шымкент облысы Жетісай ауданының Қазыбек би ауылында дүниеге келген. Бала күнінен адамдарға көмек көрсетуді жан қалауымен ұнатқан ол Қазыбек би ауылындағы Киров орта мектебінде білім алды. Мектепті аяқтаған соң, өзінің жүрегі қалаған медицина саласына бет бұрып, Түркістан медициналық училищесінде оқып, акушерка мамандығында білім алып шықты.
Еңбек жолын 1986 жылы туған жері Жетісай ауданындағы аудандық емханада бастап, содан соң Қазыбек би ауылындағы аруханада терапия және балалар бөлімінде қызмет атқарды. Ал, 1988 жылдан бастап күнгі бүгінге дейін Жуалы аудандық орталық ауруханасының қарасты Ақтөбе дәрігерлік амбулаториясына қарасты Алатау медициналық пунктінде медбике болып қызымет етіп келеді.
Бүгінде медбике Гүлнара Абдикалыкова 30 жылдан астам уақыт бойы үздіксіз еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі маман. Өз ісіне адалдық пен жауапкершілікпен қараудың үлгісі болып отырған ол әр науқастың көңілін таба білетін мейірімді жан. Күнделікті қызметінде жауапкершілігімен, сыпайылығымен және науқастарға деген жанашырлығымен ерекшеленеді.
Мейірімді де білікті маман өзінің кәсібіне деген адалдығы мен тиянақтылығының арқасында ауыл тұрғындарының алғысына да бөленіп жүр. Тәжірибелі маманның ұзақ жылдық еңбегі де еленіп, Ақтөбе ауылдық округі әкімінің Алғысхатымен де марапатталған. Бұл – оның медицина саласындағы адал еңбегіне берілген лайықты бағасы екені анық.
Өз ісін сүйетін маман үшін ең үлкен марапат – елдің ықыласы. Гүлнара Тұрсынбекқызы үшін де ең қымбат сый – ауылдастарының шынайы алғысы мен сенімі.
Бүгінде жұбайымен бірге төрт ұл-қыз тәрбиелеп, немерелерінің қызығын көріп отырған ардақты ана өз кәсібіне деген сүйіспеншілігін еш жоғалтпай, жас мамандарға үлгі болып келеді.
– Медицина менің өмірімнің бір бөлшегіне айналған сала. Бұл мамандықты жүрекпен таңдадым. Өйткені адамға көмек көрсету, оның өмірін сақтап қалу ең үлкен сауап деп білемін. Күн сайын ауыл тұрғындарының алғысын есту мен үшін баға жетпес бақыт. Ал, ақ халат мен үшін тазалықтың, мейірім мен сенімнің нышаны болып қалмақ. Науқастардың жүзінен күлкі көру менің ең үлкен жетістігім.
Адам денсаулығы – баға жетпес байлық екенін білеміз. Оны сақтау да өз қолымызда. Қазір көпшілік ауырғанда ғана дәрігерге жүгінеді, ал шын мәнінде ең дұрыс жол – ауырып ем іздемей, ауырмайтын жол іздеу. Күнделікті өмірде таза ауада серуендеу, дұрыс тамақтану, уақтылы ұйықтау және артық уайымнан аулақ болу ең қарапайым, бірақ ең тиімді күтім. Әсіресе, жастар өз денсаулығына бей-жай қарамауы керек. Себебі, бүгінгі немқұрайдылық ертең өкінішке айналуы әбден мүмкін,-дейді медбике Гүлнара Абдикалыкова өз сөзінде.
Шын мәнінде, осындай жүрегі мейірімге толы, ел үшін аянбай еңбек етіп жүрген жандар қоғамның тірегі.

Аяжан ҚАЗЫБЕК,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close