Basty bet

“Ауырмаудың жолын іздеу – басты ұстанымымыз болуы керек”

Денсаулық сақтау саласы – еліміздегі ең маңызды сала. Себебі, ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды.
Мемлекет басшысы “Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам” атты Жолдауында денсаулық сақтау саласына тәуелсіздік жылдары біраз реформа жүргізілгенін, дегенмен оның жағдайы әлі де мәз емес екенін жеткізді.

“Әрине, жылдар бойы қордаланған түйткілдер бір мезетте шешілмейді. Сондықтан аса маңызды мәселелерді ретке келтіруге баса мән берген жөн.
Медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсатуға баса назар аудару керек. Мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігін тиімді пайдаланған жөн.
Медицина – инвестиция салуға қолайлы сала.Тек оған дұрыс жағдай жасау керек.
Мен келесі жылдан бастап ұлттық жобаны жүзеге асыруды тапсырдым. Бұл құжат, ең алдымен ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандыруға арналған.
Бүгінде еліміздегі 650 елді мекенде емдеу мекемесі жоқ. Алдағы екі жылда бұл ауылдарда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етіледі.
Ұлттық жоба аясында 32 аудандық аурухана заманға сай жаңарып, енді ауданаралық көпбейінді мекемеге айналады. Онда инсульттен емдеу орталықтары, хирургия, жансақтау және оңалту бөлімдері ашылады. Бұл төрт миллионнан астам адамға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттырады. Сонымен қатар, телемидицина бағытын дамытамыз. Сол арқылы шалғайда тұратын халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетілетін болады” деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен бірге Президент денсаулық сақтау саласы бәсекеге қабілетті болуы үшін дәрігерлер дайындау жүйесін жетілдіру қажеттігін айтып, ол үшін медициналық жоғары оқу орындары жанынан көпбейінді ауруханалар, клиникалар ашылатынын жеткізді. Президент айтқан бұл тапсырмалардың барлығы денсаулық сақтау саласын барынша бәсекеге қабілетті ету мақсатындағы жоспарлы жұмыстар.
Дәрігер – халыққа қызмет етуге өмірін арнайтын абзал мамандық. Дәрігердің жұмысы науқастың жанын қинаған азапты жеңуден тұрады. Сондықтан бұл мамандықты өзіне сенімді, жігерлі, күрескер, қайсар, мейірімді жандар ғана таңдай алады деп есептеймін. Бұл салаға кездейсоқ келуге болмайды. Себебі, дәрігер мойнына өмірдегі ең қымбат жауапкершілік саналатын адам өмірін алады.
“Қай жерің ауырса, жаның сол жерде тұрады” дейді халқымыз. Сондықтан денсаулық сақтау саласының қай саласы болсын маңызды.
Аудандық терапия бөлімі де ең маңызды бөлімдердің бірі. Бұл бөлімде негізінен жүрек қантамырлары ауруы, тыныс алу, бүйрек, жүйке жүйесі, буын аурулары, эндокринді жүйе ауруларымен ауыратын науқастар жатады.
Аудандық орталық аурухананың терапия бөлімін бүгінде білікті дәрігер Зарина Сыздықбаева басқарады.
Түркістан қаласындағы А.Яссауи атындағы Қазақ-Түрік университетінің емдеу ісі факультетін тамамдаған жас маман еңбек жолын 2011 жылы Жуалы аудандық ауруханасында терапия бөлімінде ординатор дәрігері болып бастайды.
2013-2020 жылдар аралығында аудандық емханада жалпы тәжірибелі дәрігер болып қызмет етеді.
Ал, 2021 жылдан бастап терапия бөлімінің меңгерушісі.
-Терапия бөлімінде өзімнен басқа бір аға медбике, алты медбике, алты тазалықшы, бір шаруашылық бикесі жұмыс істейді. Бөлімдегі медбикелердің барлығы ұзақ жылдар бойы қызмет етіп келе жатқан тәжірибелі мамандар. Атап айтқанда, аға медбике Гүлнар Сүлейменова, медикелер: Ақжарқын Сейітқазиева, Гүлбайра Сұраншиева, Сәния Ахметжанова, Нұрбала Разымбетова, Мадина Тәукебаева, Ақбөпе Мамытқұлова.
Бөлімде қажетті дәрі-дәрмектер, құрал-жабдықтар жеткілікті. Терапия бөлімі болғандықтан мұнда басқа бөлімдердегідей аппараттар көп емес. Бізге қажетті ЭКГ, оттегі аппараттары бар.
Бөлімде 26 орындық бар.
Соңғы жылдары жүрек қантамырлары ауруы мен инсульт ауруы көбейіп келеді. Оның себебі, дәрігер жазып берген дәрі-дәрмекті уақтылы қабылдамау, қимыл-қозғалыстың аздығы, диета сақтамаудың салдары. Сонымен бірге инсульт стресстік жағдайларда да орын алады. Сондықтан адам қашанда денсаулығын күтуі керек. Ол үшін уақтылы ұйқы, дұрыс тамақтану, аз мөлшерде тамақ ішу, спортпен шұғылдану қажет. Айналаңмен дұрыс қарым-қатынас жасау да үлкен маңызға ие. Себебі, өкпе-реніштің де денсаулыққа тигізер зияны көп.
“Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде” демекші, елімізде денсаулық сақтау саласында аурудың алдын алу үшін тұрғындарды скрингтен өткізу жақсы жолға қойылған. Соңғы жылдары аурудың барлық түрі жасарып келеді. Сол себептен скринингтен уақтылы өту керек. Скрингтің нәтижесінде көптеген аурулар ерте анықталып, науқас есепке алынып, ем қабылдап, емделуде.
Денсаулық сақтау саласына елімізде жақсы көңіл бөлініп, нәтижесінде сала жылдан-жылға дамып келеді. Сондықтан халық мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, денсаулығына көңіл бөлгені дұрыс. Дені сау әрбір жанның елдің дамуына қосар үлесі зор,- дейді дәрігер.
Адамдардың денсаулығы неге байланысты болады деген сауалға келетін болсақ, денсаулықты шартсыз түрде 100 пайыз деп алсақ, оның 20 пайызы тектік факторларға, 20 пайызы қоршаған сыртқы орта жағдайларына, экологиялық факторлардың әсеріне, 10 пайызы денсаулық сақтау жүйелерінің әлсіздігіне байланысты болса, 50 пайыз жақсы болуы адамның өзіне байланысты болатынын медицина, биология ғылымдары дәлелдеп отыр.
Көптеген адамдар, олардың ішінде жас жеткіншектер денсаулықтарын өздері бұзатыны байқалуда. Олар: түрлі зиянды әдеттерге әуестену, белсенді түрде қимыл жасамау, дұрыс тамақтанбау, уақытты дұрыс пайдалана алмау, т.б себептер.
Денсаулық – адамның ең бірінші байлығы, бақыты. Сондықтан дәрігер Зарина Аманқызы айтқандай, Алланың берген аманаты денсаулығымызды күтейік!

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close