Basty bet

Үнемді үйренгіміз келсе.

Қазақстандықтардың отбасылық қаржылық жағдайы әртүрлі әлеуметтік топтар мен өңірлер арасында айтарлықтай ерекшеленеді. Жалпы алғанда, соңғы жылдары қаржылық сауаттылықтың артуы байқалса да, кейбір қиындық пен теңсіздіктер сақталып отыр.

Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы саны да артуда. Мәселен, 2023 жылы және 2024 жылдың бірінші тоқсанында 58 445 отбасы АӘК алған, бұл олардың кедейлік жағдайынан шығуына көмектесті. АӘК алушылардың басым көпшілігі бала, олардың үлесі– 65,4%. АӘК алушылардың ең көп саны Түркістан облысында– 27 мың отбасы (23,7%), Шымкент қаласында- 12,7 мың отбасы (11,2%), Алматыда– 9,5 мың отбасы (8,3%) байқалады. Ал Ұлытау облысында- 538 отбасы (0,5%) АӘК алған.
Ал қазақстандықтардың үштен екісінен астамы (70,5%) жеке қаржы есебін жүргізеді. Олардың басым бөлігі мезгіл-мезгіл (36,2%), сұралғандардың үштен бірінен астамы (34,3%) тұрақты негізде қаржыларын бақылап отырады екен.
Дегенмен бүгінде қаржылық сауат та артып келеді. Бұл сөзіміздің дәлелі, қазақстандық жастардың үштен бірі ақшасын банк депозитінде сақтайды. Бұл жалпы үрдіске сәйкес келеді: респонденттердің бүкіл жиынтығында банк салымшыларының үлесі сол 33%-ды құрады. Жас респонденттердің 80%-ы теңгелік депозитті, ал 10%-ы валюталық депозитті пайдаланады.
«Қаржылық сауат – адамның өзінің ақшасын дұрыс басқару, қаржылық шешімдерді дұрыс қабылдау және жеке қаржысын жоспарлау қабілеті. Адам ең бастысы кіріс пен шығысты жоспарлау, болашаққа ақша жинау және күтпеген жағдайға дайын болу, несие алу, оны уақытында төлеу және артық пайыздан аулақ болу, ақшаны көбейту жолын түсіну (мысалы, депозит, акция, облигация) және алаяқтықтан қорғану, сақтандыруды пайдалануды білгені азбал.
Қаржылық сауаттылық адамға тек күнделікті өмірде ғана емес, сонымен қатар ұзақмерзімді қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге көмектеседі. Отбасылық бюджетті реттеу үшін отбасы бюджеті алдын ала жоспарлануы керек. Былай айтқанда, 50% – негізгі қажеттіліктерге, 20% – жинақ пен инвестицияға, 30% – жеке қажеттіліктер мен демалысқа арнауға болады»,– дейді қаржы маманы Дәулеткелді Нұрланов.
Сонымен қатар қаржы маманының айтуынша, қарызды да дұрыс басқара алу керек. Несие алғанда пайызын, төлеу мерзімін, шарттарын мұқият зерттеу, төлемді кешіктірмеу және бірнеше несиені қабаттастырмау маңызды. Ал отбасыда баланы қаржылық сауатқа тәрбиелеу де қазір өзекті болып отыр. Қазір балабақшадан шыққан бала да, мектептен шыққан бала да алдымен дүкенге кіреді. Қажет-қажет емес нәрсенің бәрін алады, қолына ілінгенді тастамайды. Осы орайда қаржы маманынан баланы қалай үйретудің жолдарын сұрап көрдік.
«Иә, қазір балаға қаржы туралы үйрету керек. Ақша табу, үнемдеу, жоспарлау сияқты дағдыларды балаларға жастайынан үйрету маңызды. Отбасыда бір адамның емес, барлық мүшенің қаржылық сауаты жоғары болуы қаржы мәселелерін азайтып, болашаққа сенімділікпен қарауға мүмкіндік береді. Балаға қаржыны үйрету оның болашақтағы өміріне үлкен пайда әкелетін маңызды қадам дегім келеді. Бұл үдеріс жасына сай түсінікті, қызықты әрі жүйелі түрде жүргізілуі керек. Мәселен, 3–6 жас аралығындағы балаға ойын арқылы үйретуге болады. Былай айтқанда, дүкен ойнау, ойыншық немесе шынайы тиынмен ақшаны таныстыру. «Ақша – затты сатып алу құралы», «ақша оңай келмейді», «барлық нәрсе тегін емес» деген нәрсені айтып түсіндіру керек. Дүкенде «мына екі заттың біреуін ғана аламыз, себебі екеуіне бірдей ақшамыз жетпейді» деген сияқты шектеу қою керек. Ал бастауыш мектеп жасындағы (7–10 жас) балаға ақшаны басқару мен жинаудың негізгі дағдыларын үйрету маңызды. Аптасына не айына бір рет белгілі бір соманы беріп, оны өз бетінше басқаруға үйретеміз. Осы жаста бала ақша жұмсауды, жинауды, бөлісуді түсінеді. Ал 11–15 жастағы жасөспірім ақшаны жоспарлауды, еңбекпен табыс табу мен тәуелсіз шешім қабылдауды үйренеді. Табыс табу, шығын жоспарын жасау осы жастағы баланың қабілетіне жетеді. Осы кезеңде балаларға арналған банк картасы мен қосымшалар арқылы шығындарын бақылауға болады»,– дейді Дәулеткелді Нұрланов.
Қаржы маманының айтуынша, баланы қаржылық сауатқа үйрету үшін баламен ақша туралы ашық сөйлесу маңызды. Яғни баланы табыс, шығын, үнемдеу туралы отбасылық әңгімелерге қосу маңызды. Ең бастысы, баланы емес, өзімізді тәрбиелеу, үлкендердің қаржылық сауаты болғаны абзал. Өйткені балалар ересектердің әрекетін қайталайды. Ең бастысы, балаға үйретудегі таусылған немесе артық жұмсалған ақша да, қателік жасау да қаржылық сауатқа апаратын үлкен сабақ екенін ескергеніміз абзал.

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close