Basty bet
Тұрғындардың талап-арыздары тыңдалды
“AMANAT” партиясы аудандық филиалының мобильді қоғамдық қабылдауы Күреңбел ауылдық округіне қарасты Күреңбел ауылында өтті.
Қабылдауға Партияның аудандық филиалының атқарушы хатшысы Марат Нарымбеков, аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, облыстық және аудандық мәслихаттың депутаттары, электр желілерін тарату мекемесінің басшысы, ауылдық округ әкімі қатысты.
Арнайы құрылған мобильді қоғамдық қабылдау тобы 11 ауыл азаматтарының өтінішін тіркеп, түйіткілді мәселелердің тізбесін жасап, партияның бақылауына алды.
Жеке өтініштерімен келген аталған елдімекен тұрғындары электрқуатын күшейту, қайтарымсыз грант алу, көше жарығы, мұрагерлікпен қалған мүлікті қайта рәсімдеу, амбулатория құрылысы, мобильді интернет желісі, ауызсу мәселесі, жұмысқа тұру, жеркезегі сынды өтініштерін білдірді.
Мәселен, ауыл тұрғыны Бекзада Жаманбаева ауылда тек Tele2 операторының мобильді интернеті жұмыс атқаратынын, оның өзі жарық сөнгенде жұмысы нашарлайтынын айтты.
Қабылдау жұмысы әрі қарай орналасқан Нұрлыкент ауылдық округінде жалғасты. Партия филиалының атқарушы хатшысы, аудандық мәслихат хатшысы, мәслихат депутаттарының және жергілікті атқарушы орган өкілдерінен құралған мобильді топ тұрғындардың өтініш, шағымын және талап-тілектерін тыңдап, өз бақылауларына алатындықтарын жеткізді.
Мобильді қоғамдық қабылдаудың өкілдері ауылдық округтен 25 азаматтың өтінішін тыңдап, түйіткілді мәселелердің тізбесін жасады.
Алдағы уақытта жергілікті атқарушы органдар мен бірлесе отырып, өтініштердің оңтайлы шешілуі бойынша нақты жұмыстар жүргізілетін болады.
“AMANAT” партиясының
аудандық филиалы