Basty bet
Бауыржанның арманы – ғалым болу
Қазіргі қоғамда робототехника термині мен саласы көп айтылады және қарыштап даму үстінде. Ал бұл сала туралы бірі білсе, бірі білмес. Сондықтан, интернет желісін ашып робототехника туралы толық ақпарат алып көрдік.
Робототехника – роботтардың құрылысымен, жұмысы мен қолдануымен айналысатын, оған қоса олардың басқару, сезіну мен мәлімет өңдеумен айналысатын механикалық, электр және электронды инженерия мен компьютер ғылымдарының біріккен саласы.
Робототехника роботтардан басқа автоматтандырылған техникалық жүйелер мен өндірістік үдерістердің ең жаңа техникалық жиынтықталуын әзірлеу мен қолдану жолдарын зерттейтін ғылым.
Осыған орай, робототехника қосымшасына қатысып, жетекшісімен бірге протез аяқ жасап шығарған Бауыржан Ормаханмен әңгімелесудің сәті түскен еді.
Ол 2010 жылы Тараз қаласында дүниеге келген. Бүгінде аудандағы №15 мектеп-лицейдің 7 «а» сыныбында оқиды. Сабақ үлгерімі де өте жақсы.
Робототехника қосымшасынан бөлек Бауыржан заман талабына орай шет тілі курсына да үзбей қатысып отырады. Одан бөлек, алгебра, информатика пәндерін сүйіп оқиды.
-9 жасымнан бастап робототехника мен информатика пәніне қызыға бастадым. Себебі, мен адамдардың технологиясын дамыту үшін робототехника пәні керек екенін түсініп, осы пәнге қызығушылығым оянды. Технологияны жоғары көтеріп, адамның қиын жұмыстарын робот атқарғанын қалаймын.
Қазіргі таңда робототехника тез дамып келе жатқан сала. Технология қалай тез дамыса, робототехника да солай тез дамиды, өйткені робототехника технологиямен тығыз байланыста. Қазіргі таңда роботтар үйде, кәсіпорындар мен әскери салада қолданылады.
Ал, протез аяқ жасау идеясына келер болсақ, 3-4 жасар балаға протез аяқ алу үшін өте көп мөлшерде ақша керек екенін білдік те, жетекшіміз екеуміз PLA пластиктен протез аяқ құрастырдық, – дейді Бауыржан.
Алғыр әрі ақылды оқушының жетекшісі Нұрлыхан Мейірхан №15 мектеп-лицей директорының IT орынбасары болып қызмет атқарады. Оның айтуынша, Бауыржан белсенді әрі ақылды шәкірттердің бірі. «Бауыржанның бұл курсты оқып жүргеніне екі жылдай уақыт болды. Протез аяқ жасауды көптен бері ойлап жүрген едім. Бір күні осы идеяны неге іс жүзінде жүзеге асырып көрмеске дедім де, Бауыржанның қабілетін байқап, ұсыныс тастадым. Ол бірден келісе кетті. Осылайша алдымен 3-4 жастағы баланың аяғының құрылысын жан-жақты зерттеп көріп, араға ай салып жасап шығардық. Мұны қолданысқа енгізуге де болады. Әрине, айтуға оңай болғанымен, аяқты жасау оңай емес. Оған қанша уақыт, әрі ұқыптылық пен аса мұқият болуың керек. Осы протез аяқты жасап, облыстық деңгейдегі жарыстарда топ жарып, екінші орынды иеленген болатынбыз. Егер шындығына келгенде мұндай протез аяқты үй жағдайында 3D принтердің көмегімен де жасап, құрастыруға болады. Ол үшін, аяқтың құрылысын толық зерттеп алған абзал», дейді Нұрлыхан Әмірханұлы.
Жас өнертапқыш Бауыржан болашақта инженер немесе ғалым болуды армандайды. Ал, арманға жету үшін бүгінде талмай еңібектеніп, кітап оқудан жалықпау керектігін айтады.
Адал және лайықты өмір сүріп, ата-ананы қадірлеуді – басты ұстанымы санайтын ол үйде сабақтан берген үй тапсырмаларын орындап, қарындасына қамқорлық жасайды.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»