Basty bet
Күздік бидай мен арпаның жаңа тұқымдары сыналу үстінде
Президент ерекше атап өткендей, ауыл шаруашылығы – жоғары технологиялы сала. «Шаруаларды жер жағдайы немесе ауа райы емес, инновациялық амал-тәсілдер табысқа жеткізеді. Заманауи ғылымға сүйенбесе, ауыл шаруашылығы жай тоқырауға емес, құрдымға кетеді. Агроғылымды дамыту және ең бастысы, оны ауыл шаруашылығында іс жүзінде қолдану үшін шаралар қабылдау қажет. Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын зерттеу ісінің барлық сатысын қамтитын агротехнология хабына айналдыру керек». Мұны да Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Үкіметтің алдына стратегиялық маңызды мәселе ретінде қойып отыр.
Жуалы ауданы – ауыл шаруашылығы саласы дамыған аграрлы өңір. Жері мен суы дуалы, қоңыржай климатты ауа райы мен топырағы егін егуге және төрт түлік өсіруге өте қолайлы. Сондықтан қасиетті өлкедегі мұндай мүмкіндікті пайдалана отырып, мұнда аграрлық саланы дамыту – шаруалардың да басты міндеті саналады. Ал егістікке егілетін дәнді дақылдар тұқымының сапасын арттырып, одан алынатын өнімділікті жылма жыл арттыру мәселесіне де ерекше көңіл бөлініп келеді.
Егістіктен мол өнім алу үшін оны агротехникалық шараларды қатаң сақтай отыра өңдеу мен тиімді игерудің шаруалар қауымы үшін пайдалы екені айтпаса да түсінікті. Жерді тиімді өңдеу мен топырақ құнарлығын жоғалтпай сақтау, сондай-ақ жергілікті жерде тұқым шаруашылығын дамыту, жаңа сұрыптарды шығару мен жерсіндіру, оны аудандастыру жөніндегі жұмыстар өңірдегі аграрлық саланың дамуына оң серпін беретіні сөзсіз. Осы ретте Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі «Ауыл шаруашылық дақылдарының сортсынау жөніндегі мемлекеттік комиссиясы» РММ-ның Жамбыл облыстық филиалы Жуалы кешендік мемлекеттік сорт сынау учаскесі мекемесі бидайдың жаңа сорттарын жерсіндіруге жұмыс жасап келе жатқан бірден-бір мекеме.
Сорт сынау мекемесіне тиесілі 200 гектар егістік жерге жыл сайын арпа мен бидай дақылдарының жаңа сұрыпты тұқымдары егіледі. Оның ішінде, алқаптың екі гектары ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге арналған. Ал 198 гектардан алынған арпа-бидайдың өнімі облыстық филиалға өткізіледі. Аудандық сорт сынау мекемесінің мамандары былтыр қазан айында жылдағы қалыптасқан дәстүрмен тиісті агротехникалық шараларды басшылыққа ала отырып, келесі жылдың өнімі үшін сорт сынау учаскесіне қарасты егістік алқапқа күздік бидай егу жұмыстарын атқарды.
Алдыңғы жылдары мекеме агрономдарының қатысуымен «Бақытжан», «Несіпхан», «КИЗ-2020» аталатын күздік бидайдың жаңа сұрыптарымен қатар, Ресейден осында жеткізілген бидайдың сегіз бірдей сорты егіліп, сынақтан сәтті өткізілген болатын. Олар, «Краса Дона», «Аксинья», «Шеф», «Этюд», «Жаворонок», «Вольный Дон», «Агат Донской», «Юбилярка» сұрыптары. Аталған сұрыптар Жуалы ауданының топырағына жерсінген жағдайда және жақсы өнімділік көрсететін болса, мекеменің облыстық филиалына жіберіледі. Тұқым ары қарай ғылыми-зерттеу институттарында қайта зерттелгеннен кейін ғана тұқым шаруашылықтарына таратылады.
Бұдан бұрын сорт сынау учаскесінде басқа да астық өнімдерімен қатар күздік бидайдың «Томирис-60» деп аталатын сұрпы сынақтан өткізілген. Бидайдың бұл түрі құрғақшылыққа төзімді болып келетін азықтық дақыл. Тұқымдар негізінен сорт сынау мекемесінің алқаптарында үш-төрт жыл қатарынан сыналғаннан кейін ғана жақсы нәтиже береді.
Жалпы аграрлық саланың ең бір сүбелі тармағы саналатын сорт сынау және алқаптағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының маңыздылығы туралы көп айтуға болады. Бұл ретте сорт сынау учаскесі былтыр 40 гектар алқапқа күздік бидайдың барлығы 48 сорты егілсе, ал жаздық арпаның 12 сорты егіліп, сыналу үстінде. Биыл сорт сынауға егілген дәнді дақылдарды күтіп-баптау және зерттеу жүргізу кезінде байқағанымыздай, бұл бағыттағы жұмыстар жақсы нәтиже көрсетіп отыр.
Атап айтқанда, жаңа сорттарды аудандастыру мақсатында егілген төрт сорт, оның ішінде – «Б.Момышұлы», «Аманат», «КВС» (қара бидай), «Таңбалы», «Безостая-100» сорттары жергілікті топырақта сыналды. Ең бірінші кезекте егілген сорттың өнімділігі, мыңдан салмағы, түрлі өсімдік ауруларына төзімділігі, жергілікті ауа райына бейімделуі және топыраққа жерсінуі басты назарға алынады. Жоғарыда аталған күздік бидайдың түрлері жұмсақ және азықтық дақыл саналады. Аталған сорттардың төртеуі де осында үш жыл қатарынан сыналып, нәтижесінде жоғары көрсеткіш көрсетіп отыр. Құрғақ ауа райына және суық ауа райына да бірдей төзімді. Бұл сорттар мемлекеттік реестрге қойылғаннан кейін ғана аудандастырылып, жергілікті шаруаларға егуге ұсыныс берілетін болады. Биыл сорт сынау учаскесінің егістік алқабында дәнді дақылдың барлығы 64 сорты сынақтан өткзілу үстінде.
Ендігі кезекте жаздық арпа дақылына келетін болсам, биыл учаске егістігінде «Бәйшешек-2020», «Арна», т.б. аталатын жаңа сорт үш жыл қатарынан сыналып, оның ауруға және құрғақшылыққа төзімді екеніне ғылыми тұрғыда көз жеткізіп отырмыз. Сорт сынау учаскесінде сыналған астық дақылдарының жаңа сорттары арнайы қапшыққа салынып, нөмірленгеннен кейін ең алдымен Алматы қаласындағы астық зерттейтін арнайы лабораторияға жолданады. Ондағы мамандар сорттың химиялық құрамын терең зерттеп, оның нәтижесін учаскеге қайта жібереді. Оны біз есепке алып, қайтадан облыстық филиалға жолдаймыз. Ары қарай жаңа сорттардың аудандастыру туралы мәселе қаралады. Жұмыс процесі ғылыми мамандардың тарапынан жасалатын тиісті кешенді зерттеулермен жалғасып, осылай сатылай жүзеге асырылады.
Жуалы кешендік мемлекеттік сорт сынау учаскесі мекемесі мамандарының да өсімдік шаруашылығын дамыту ісіндегі ғылымға қосып отырған үлесі мол. Біз негізінен ауыл шаруашылығы дақылдарының ішіндегі астық және масақты дәнді дақыл тұқымдарын сынақтан өткізіп, оны ел өңірлерінде егіліп, одан сапалы да мол өнімге қол жеткізуді қамтамасыз етеміз.
Мекеме мамандарына тиісті ғылыми жұмыстармен айналысуға толық жағдай жасалған деуге болады. Қажетті техникалар мен жанар-жағармай шығындары облыстық филиалдан бөлінеді. Жұмыс жасауға қажетті «Енисей-1200» маркалы бір дана комбайн, «МТЗ-12-21», «МТЗ-82-1» маркалы екі бірлік доңғалақты тракторы соқасымен және «СННП-16» маркалы дәнсепкіш тіркемесі, топырақ қопсытқыш (культиватор) және дәрі бүріккіш агрегаттары бар. Сорт сынау учаскесіне қарасты егістік жерлер осы техникалардың және жұмысшылардың күшімен игеріледі. Олардың ішінде, бір агроном және екі механизатор, екі жұмысшы бар.
Сапалы тұқымды егу арқылы ғана одан сапалы да мол өнімге қол жеткізуге болатыны ешбір дәлелдеуді қажет етпейтіні анық. Сол үшін өңірдегі қайсыбір шаруа болсын, неғұрлым сапалы тұқымды егіп, оны жерсіндіруге күш салғаны дұрыс. Сөзіміздің басында айтып өткеніміздей, сорт сынау учаскесіне қарасты 200 гектар егістік алқаптың екі гектары ғылыми жұмыстарға арналған. Егістікте астық дақылдарымен қатар, мал азығына көпжылдық шөп түрлері де егіледі.
Сыналатын тұқым алқапқа арнайы әдіспен дәрілеп егіледі. Дәннің жерге түсу арақашықтығынан бастап, оның шығымдылығы, сабағының биіктігі, жергілікті ауа райына, оның ішінде құрғақшылыққа, өсімдік зиянкестеріне, ауруларға төзімділігі сыналады. Тұқым содан кейін ғана облыстық тәжірибе станцияларына жіберіледі. Учаске мамандары аудандық тұқым зертханасының мамандарымен де тығыз байланыста жұмыс жасауда.
Тәжірибелі агроном ретінде қасиетті өңірде ақ егіспен айналысатын аудан шаруашылықтарына да ақыл-кеңес ұсынуды да жөн көріп отырмын. Жуалы ауданының табиғи жағдайына байланысты біздің өңірде күздік бидай негізінен жылдың 15 қыркүйек пен 15 қазанның аралығында егілгені дұрыс. Өйткені, осы уақыт аралығында егілген дән уақтылы топыраққа түсіп, уақтылы тамырланып, өнеді. Нәтижесінде, келер жылы көктемде де оның шығуы, масағына дәннің байлануы сияқты табиғи процестер өз уақтысында жүреді. Басқаларға қарағанда осы уақыт аралығында егілген күздік бидай жақсы өнім береді.
Шаруаларға айтар тағы бір кеңесім, сүдігер көтеру және мәселесіне де ерекше мән берген жөн. Сүдігерге айдалатын алқапты әр жылдың қазан айының жиырмасыншы жұлдызынан бастап өңдеген дұрыс. Биыл күзде өңіріміздің егістік алқаптарындағы ылғал жақсы. Өйткені, егу науқаны аралығында жаңбыр көбірек жауды. Осыған сәйкес, жерде ылғал да мол. Одан бөлек, егістік алқаптарда агротехникалық шараларды сақтау да маңызды. Өнімді уақтылы дәрілеп, органикалық және минералды тыңайтқыштарды уақтылы бергенде ғана алқаптан мол өнім алуға болады. Сондай-ақ, масақты дәнді дақылдарды сәуір айында бас байламай тұрып химиялық өңдеуден өткізген дұрыс. Мұндай шаралар дақылға нәр беріп, оның толық жетілуіне жағдай туғызады.
Сорт сынау учаскесі мекемесінің мамандары сапалы тұқымнан ғана мол өнім алуға болатынын жақсы біледі. Тұқым сапасының тұрақты назарда болуын қатаң қадағалау өте маңызды. Бұл маңызды шаралар келер жылғы өнімнің мол болуының кепілі болмақ.
Бағдат САТЕМИРОВ,
ҚР АШМ «Ауыл шаруашылық сортсынау мемлекеттік комиссиясы» РММ-ның Жуалы кешендік мемлекеттік сорт сынау учаскесінің меңгерушісі.
Агроном