Basty bet
Тәрбие – тал бесіктен басталады
Өркениеттің артықшылығын пайдалану үшін адамзат өзінің денсаулығын тәуекелге қояды. Бүгінгі таңда экологиялық мәселе біз үшін ең өзекті тақырып болып отыр. Қазақстанның экологиялық мәселелері және оларды шешу жолдары – ғаламдық міндеттер қатарында. Адамның жауапсыздығы мен қанағатсыздығы салдарынан табиғатқа үлкен залал келуде. Жыл санап табиғат аясында демалуға арналған орындар мен туристтік орталықтардың саны артып келеді.
Сәйкесінше адам аяғы баспаған табиғаттың әсем жаратылыстарын көруге деген қызығушылығы басым халықтың қарасы көп. Осы орайда қоғамның қоршаған ортаға деген мәдениетін арттыру, адамның табиғатқа деген жанашырлығын ояту ерекше маңызға ие болып отыр. Әсіресе, жас буынды экологиялық мәдениетке тәрбиелеп, көзқарасымен санасын жетілдіру алдыңғы буынның парызы. Экологиялық тәрбиенің негізгі мақсаты — жастардың экологиялық көзқарасын, санасын, табиғатқа үлкен парасаттылық, жауапкершілік, қарым-қатынасын қалыптастыру. Осы тәрбие арқылы адамның мәдениеттілік сезімі, экологиялық санасы қалыптасады. Бұған мемлекеттің де мүдделі екендігі сөзсіз. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында атап өткен болатын.
-Қазақ үшін тоқымдай жердің өзі қымбат, бір уыс топырақтың өзі алтын. Бірақ біз соны бағалай білеміз бе?! Жер қадірін білу жалаң ұранмен өлшенбейді. Өкінішке қарай, асқар тауларымыз бен айдын көлдерімізді, ұлан-ғайыр даламызды ластап жатқан да өз азаматтарымыз. Көкжайлауға от жағып, қоқыс шашып кеткен де, Көбейтұздың батпағын шелектеп тасып, көлдің ортасында көлікпен ойқастаған да солар. Бір тұтам мүйізі үшін көзін мөлдіретіп киіктерді қырған да өзгелер емес. Қасиетті жеріміздің киесінен қорықпай, жат жұрттың да қолы бармас әрекеттерді жасап отырып, қалайша осы мекеннің иесіміз деп кеуде соға аламыз? Бұл – ащы да болса, шындық. Біз жеріміздің шын жанашыр иесі екенімізді нақты іспен көрсетуге тиіспіз. Ол көшеге қоқыс тастамау, көрінген жерге от жақпау сияқты қарапайым нәрселерден бастап, жалпыхалықтық сипаттағы ауқымды экологиялық шаралар арқылы көрініс табуы қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бүгінде мемлекет тарапынан жастарды табиғатты қорғауға баулу мақсатында «Жасыл ел» бағдарламасы жұмыс жасауда. «Жасыл ел» – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің «Қазақстан экономикалық, әлеуметтiк және саяси жедел жаңару жолында» Жолдауы негізінде 2005 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан кешенді бағдарлама. Осы Жолдаудың аясында «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының Республикалық штабы құрылып еліміздің барлық аймағанда бөлімшелері ашылды. Бұл бағдарлама аясында бүгінгі таңда қарқынды жұмыстар жүріп жатыр.
Ауданда экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында іс-шаралар тұрақты түрде жүргізіліп тұрады. Мысалы, ағаш отырғызу, сенбілік, тағыда басқа жұмыстар. Қуанарлығы жастардың көптеп атсалысып, құлшына еңбек етуі. Арыға бармай-ақ, биылдың өзінде, 2023 жылдың 30 наурыз – 30 сәуір аралығында Нұрлыкент, Шақпақ, Көкбастау, Боралдай, Қарасаз және Қошқарата ауылдық округтерінде «Жасыл ел» бағдарламасы аясында 50 жас бір айлық қоғамдық жұмысқа тартылды. Олардың ауыз толтырып айтарлық еңбектері де аз емес. Жастардың атсалысуымен биыл ауданда 6000-нан астам тал дарақтары егілді. Сонымен қатар, 66,5 тонна қоқыс шығарылып, 17 га жер қоқыстан тазартылды. Ауданның көгеріп, қоқыстан тазаруы, оған жастардың атсалысуы біз үшін қуанарлық жағдай болып отыр.
Әрине, « тәрбие – тал бесіктен». Олай болатын болса, айналамызды қорғау біз үшін парыз, ал, өскелең ұрпақты оған баулу – мойнымыздағы міндет!
Нұрғалым МЫРЗАХМЕТҰЛЫ
«Жаңа өмір»