Basty bet

Спорт – денсаулық кепілі

Бүгінгі таңда ауданнан шыққан спортшылар Әлемдік біріншіліктер, Азия чемпионаттары мен Олимпиадаларға қатысып, ел абыройын асқақтатуда. Олар ауданның ғана емес, облыстың, елдің намысын биіктетуде. Ауданымыздан ел чемпиондарымен қатар, халықаралық жарыстардың жеңімпаздары шығып, жанкүйерлеріне қуаныш сыйлауда. Осы ретте, аудан спортының аяқалысы мен бүгінгі жай-күйі туралы аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мақсұтбек Арзымбетовпен сұхбаттасқан едік.
– Мақсұтбек Әбдіұлы, өзіңізге белгілі спорттың дамуы үшін ең алдымен мүмкіндік жасалуы керек. Мүмкіндік дегеніміз – спортшылардың күнделікті жаттығатын залы, жабық алаңдар. Ауданда бүгінгі таңда қанша спорт нысаны бар? Олардың жаңартылуы, жөндеу жұмыстарының барысы туралы айтып өтсеңіз.
– Біздің негізгі мақсатымыз – халықтың бұқаралық спортпен шұғылдануын қамтамасыз ету. Спорт – денсаулық кепілі. Бүгінгі таңда ауданда 1 стадион, 1 спорт кешені, 12 футбол, 86 шағын және 8 жасанды синтетикалық төсеніштен жасалған спорт алаңдары, 39 спортзал, 24 street workout алаңшасы жұмыс істейді. Анығын айтқанда, 139 спорт нысаны тұрғындардың игілігіне қызмет етуде.
Қазіргі таңда Б.Момышұлы ауылындағы орталық саябақта тағы бір спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Оны биыл пайдалануға беру көзделген. Сонымен қатар үстіміздегі жылы пайдалануға берілетін екі білім нысанында екі спорт залы ел игілігіне берілгелі отыр.
– Ауданда қанша адам тұрақты түрде спортпен шұғылдануда? Қандай спорт түрлері дұрыс жолға қойылған, жаттықтырушылар жеткілікті ме?
– Бүгінгі таңда аудан халқының 19371-і спортпен шұғылданады. Бұл көрсеткіш спортпен айналысушылардың 36,5 пайыз екенін айқындап тұр. Жаттықтырушылар мен дене шынықтыру пәні мұғалімдері бұқаралық спортты ауданда дамытуға өз үлестерін қосуда. Олардың басым бөлігі жоғары санатты мұғалімдер, кәсіби жаттықтырушылар. Ал жалпы білім беретін мектептерде 120 дене шынықтыру пәнінің мұғалімі жұмыс істеуде. Осы білім мекемелерінде 7 спорт түрі бойынша 135 үйірме жұмыс істейді, оған 6516 оқушы қатысуда. Ауданда негізінен, баскетбол, бокс, волейбол, дзюдо, еркін күрес, таэквондо, футбол, гір спорты, дойбы, қол күрес, кіші футбол, самбо, шахмат, көкпар, қазақ күресі, тоғызқұмалақ сияқты спорт түрлерін дамыту жолға қойылған.
Бұдан бөлек, аудан орталығында балалар мен жасөспірімдерге арналған мамандандырылған 3 мектеп жұмыс істейді. Онда 1834 оқушы жаттығады. Сонымен бірге Аула клубында 360 бала білім алып қана қоймай, бұқаралық спортты дамытуға үлестерін қосуда.
– Бұқаралық спортты дамыту бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?
– Бұқаралық спортты дамыту мақсатында ауылдық округтерде 14 спорт нұсқаушысы бекітіліп, 49 елді мекенде аудан тұрғындарын бұқаралық спортқа тартуда. Спорт нұсқаушылар кешкілік уақытта облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен аудан әкімдігі арасында жасалынған меморандум аясында жұмыс істеуде. Олар білім беру ұйымдарының спорт ғимараттарын сабақтан тыс және кешкі уақытта жастар мен жасөспірімдердің дене шынықтыру және спортпен шұғылдануы үшін пайдаланып келеді.
Бұқаралық спортты кеңінен насихаттау мақсатында барлық елді мекендегі спорт нұсқаушылар спорттық іс-шараларды ұйымдастыруға, халықты спорттық іс-шараларға тартуға, сапалы жұмыс жүргізуге арнайы жоспар құрылған. Осы жұмысты атқаруда аудан әкімдігі білім бөлімі, жастар орталығы елеулі қолдау көрсетуде.
– Байқап отырсақ, ауданда спортты дамытуға барлық жағдай жасалған. Дегенмен ортамызда мүмкіндігі шектеулі азаматтар да жоқ емес. Олар қаншалықты спортқа тартылған?
– Мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғау күн тәртібінен түспейді. Ерекше жандар дене шынықтыру мен спорт арқылы жаңа мүмкіндіктер сыйлау – басты мақсатымыз. Оларды оңалту мен бейімдеу бойынша спорт саласындағы артықшылықтарға басымдық беріліп келеді.
Мәселен, барлық спорт объектілеріне мүмкіндігі шектеулі спортшылардың дене шынықтыру – сауықтыру қызметтерін тегін пайдалануға мүмкіндік жасалған. Бүгінгі таңда 142 мүмкіндігі шектеулі азамат спорт мектептері мен спорт алаңдарында шынығып жүр. Олардың арасынан шыққан чемпиондар да бар. Атап айтсақ, биыл Бразилияда өткен мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасындағы олимпиадада жерлесіміз, Ғасыр Мадиярұлы 74 килограмда еркін күрестен жүлделі 2 орынды иеленді. Бұған дейін түрлі халықаралық жарыстардың жеңімпазы болған оны облыс әкімі Нұржан Нұржігітов арнайы қабылдап, Тараз қаласынан 2 бөлмелі пәтер кілтін тапсырған.
Бұдан бөлек, қол күресінен Мұқатай Нұржау мен Досымжан Құрмансейіт көзге түсіп жүр. Екеуі де Азия чемпионатының жүлдегерлері. Оларды ауданға белгілі жаттықтырушы Ерғали Сыздықбай баптауда.
– Аудан спортшыларының қол жеткізген толағай табыстарына тоқталып өтсеңіз.
– Биыл бөлім тарапынан 150-дей спорттық іс-шара өткізіліп, оған 10 мыңнан аса адам қатысты. Ауылдық және аудандық деңгейде апта сайын түрлі спорттық жарыстар өткізіліп отырды. Сонымен қатар ауданда 6 рет облыстық, 4 рет республикалық ашық біріншіліктер ұйымдастырылды.
Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі тек аудандық жарыстарды өткізіп, облыстық жарыстарға қатысуымен шектелмейді. Спартакиада, турнир, біріншілік пен көпшілік жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, жекелеген спортшылар облыстық, республикалық, халықаралық жарыстардан жоғарғы жетістіктермен де оралуда.
Атап айтқанда, биыл облыста өткен мемлекеттік қызметшілер арасындағы жарыста аудан командасы волейболдан 1 орынды , футболдан 3 орынды иеленді. Бұл мемлекеттік қызметшілердің спорт кешендерінде аптасына екі рет жаттығуының нәтижесі деп білемін. Осының арқасында аудан командасы облыс намысын Солтүстік Қазақстан облысында қорғап, жүлдемен оралды. Олардың қатарында Ерқасым Ешенқұл, Еламан Қалдыбек, Шыңғыс Жекеев, Нұржан Қасымбек пен Жеңісбек Өмірзақ бар.
Ардагерлер арасында Өзбекстан Республикасында қол күресінен өткен чемпионатта Нұргелді Темірбеков қарсылас шақ келтірмей, чемпион атанды. Ал өзім Астанада өткен ардагерлер арасында футболдан чемпион болдым.
Бүгінде ұлттық ойындарға ерекше көңіл бөлінуде. Өткен жылы жасөспірімдер арасында 3, ересектерден 3 жерлесіміз көкпардан чемпион атанса, биыл Құлажан Тоғайбаев 12 рет чемпион тұғырынан көрінуде. Ол қыркүйек айында Түркияда жалауын көтеретін жарыста Қазақстан құрама командасы сапында өнер көрсететін болады.
Өңірден шыққан чемпиондар қатары жыл санап көбейіп келеді. Олардың қатары Қалдыбек Ракишов, Ержігіт Дәулет, Әлтайыр Өмірбек және Бексұлтан Боранбай сынды жас чемпиондармен толығуда.
Жас спортшыларды баптауда тәжірибелі бапкерлер Имантай Әбеев, Нұралы Бүйенбаев, Нүркен Рақманқұлов, Ержан Қошаев, Тайжан Қозыбеков, Жанат Қанатбекұлы және басқа жаттықтырушылар үлес қосуда.
Сөзімнің соңында айтарым, барша спорт сүйер қауымды мерейлі мереке – Спорт күнімен шын жүректен құттықтап, еңбектеріне толағай табыс тілеймін!
– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан
Марат ҚҰЛИБАЕВ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close