Basty bet
Мазалаған сұрақпен қайырыла аласыз
Құрметті аудан тұрғындары! Сіздер өзіңізді мазалаған немесе белгілі бір дау бойынша пайда болған сұрақпен прокуратура органына жүгінуге құқылысыз.
Жеке қабылдаулар Жуалы ауданы прокуроры мен Жуалы ауданы прокурорының орынбасарымен күнделікті сағат 9:00- 19:00 аралығында және аудан прокуратурасының кезекші прокурорларымен жүргізіледі.
Сіздің келтірген өтінішіңіз Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік процестік Кодексінің талаптарына сәйкес жолданым деп аталады.
Жолданым – әкімшілік органға немесе лауазымды адамға жазбаша (қағаз және (немесе) электрондық) немесе ауызша нысанда, сондай-ақ бейнеконференцбайланыс, бейнежолданым нысанында жіберілген арыз немесе шағым болып саналады.
Мысалы, сіз аудан прокуратурасы немесе жоғары тұрған прокуратура органына құқықтық көмек алу, қылмыстық іс құжаттарымен танысу және т.б. мәселелер бойынша жүгінсеңіз, сіздің жолданымыңыз – арыз, ал егерде сіз мемлекеттік немесе құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің іс-әрекеттерімен келіспей, оларға қарсылық білдірсеңіз, бұл жолданым түрі – шағым болып саналады.
Арыз және шағымдарды беру механизмі мен мерзімдері бойынша:
Ең алдымен, сіз өзіңізді мазалаған сұрақпен аудан прокуратурасының кезекші прокурорына жолығыңыз. Қажет болған жағдайда жолданымыңызды еркін нысанда жазып, қалдырып кетуге құқылысыз.
Сіздің жолданымыңыз қабылданып, оның қабылданғаны жөнінде сізге тиісті талон беріледі. Жолданымыңыз қабылданғаннан кейін оған тиісті статус беріледі, яғни мағынасына сәйкес арыз немесе шағым екендігі анықталады.
Егерде, сіздің арыз немесе шағымыңыздың қаралуы басқа мемлекеттік органның құзыреттілігіне жататын болса, ол 3 жұмыс күні ішінде сол органға жолданады. Бұл шешім бойынша сізге заңнамада көрсетілген тиісті мерзімде жауап беріледі.
Сіздің жазған жолданымыңыз арызға жататындығы анықталса, Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексінің 76-бабына сәйкес прокуратурамен қарау мерзімі 15 жұмыс күні, Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексінің 99-бабына сәйкес шағым болатын болса – 20 жұмыс күні болып саналады (демалыс және мереке күндерін есептемегенде). Сондай-ақ, сіз белгілі бір қылмыстық іс бойынша фигурант ретінде танылып, сол істі тергеп жатқан анықтаушы немесе тергеушінің іс-әрекетімен келіспесеңіз, ол факті бойынша Қылмыстық-процестік кодексінің 105-бабына сәйкес шағым беруге құқылысыз.
Аталған шағым 7 немесе 15 күннің ішінде (демалыс және мереке күндерін қоса есептегенде) қаралып, шағым бойынша уәжді қаулы шығарылып, сізге жолданады. Шағымды қарап жатқан прокурор сұрау хатпен қылмыстық іс құжаттарын алдыртса, қарау мерзімі 7 күннен 15 күнге дейін созылады.
Жуалы ауданының прокуратурасы