Basty bet
Көз – өмірдің айнасы
Жарық әлемнің сұлулығы мен көркіне адам баласының көзі тойған ба?! Айналаңды өз көзіңмен көру – бұл үлкен бақыт. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда туа бітті немесе түрлі себептермен көз ауруына шалдығып, ем іздеп жүргендер көп. Көз ауруханасына барсаңыз, тіпті жүрегіңіз ауырады. Кішкентай баладан бастап, үлкен кісілерге дейін дәрігерге кезекке тұрып, ем қабылдап жүргені.
Қалта телефон шыққалы көзі ауыратындардың саны тіпті күрт көбейіп кеткен. Аудандық емхананың окулист дәрігері Шолпан Танстанбекованың айтуынша, ауданда жалпы 300-дей көзі ауыратын кісі бар. Оның ішінде диспансерлік есепте тұрып, ем қабылдап жүргені – 84 екен.
-Біздің ата-бабамызда көзі ауыратындар аз болған. Себебі, олар табиғи өнімдерді пайдаланған. Сүт, айран ішкен, далада көп жүрген, үнемі қимыл-қозғалыста болған. Ал, қазір қимыл-қозғалыс аз, далада жүріп алысқа қарамаймыз.
Көз ауруының көбеюінің бірден-бір себебі – ұялы телефон. Қазір ата-аналар баласына алты айдан бастап қолына жыламасын деп телефон береді. Жас бала үшін ол өте зиян,- дейді дәрігер. – Көз аурының ішінде көп кездесетіні – миопия. Миопия – алыстан көрмеушіліктің асқынған түрі, яғни сығырлық. Дүние жүзінде әрбір үшінші адам миопиямен ауырады екен. Сондай-ақ, бұл – жасөспірімдер арасында ең жиі кездесетін көз ауруы.
Сығырлық көбінесе мектеп жасындағы балаларда бастапқы үш жылдан басталып байқалады. Соңғы жылдағы пандемияның әсерінен оқушылар онлайн білім алды. Үйде отырып компьютер, планшет, соткамен оқыды. Соның әсерінен балалардың көзінің көруі нашарлады.
Сонымен қатар миопияның тұқым қуалайтын туабітті түрі де болады. Десе де соңғы жылдары балалар арасында белең алып бара жатқан сығырлықтың басты себептерінің бірі компьютер, ұялы телефондар мен планшеттер екенін жасырмауымыз керек. Күні кешке дейін қолынан тастамай планшет ұстап жүретін балалардың көзіне әдеттегіден он тесе артық салмақ түсіп, көру қабілетін барынша зақымдайды. Сондықтан ата-аналар осыған мән бергені жөн.
Миопияның пайда болу себептерін екі топқа бөліп қараймыз. Жалпы ағзалық факторлар: ағзаны әлсірететін аурулар анемия мен дәрумен жетіспеушілігі.
Екінші тұқым қуалаушылық. Егер миопия ата-анасының бірінде болса, әсіресе екеуінде де болған жағдайда баланың бұл ауруға шалдығу мүмкіндігі 70 пайызға артады екен).
Көру қызметіне әсер ететін факторлар: жарықтың жетіспеушілігі.
Оқыған, жазған кезде орындықта дұрыс отырмауы (орындық, үстелдің баланың бойына сәйкес келмеуінен, көлікте жүріп оқу, жатып оқу). Күн тәртібінің дұрыс болмауы (мысалы, спортпен шұғылданатын балаларда сирегірек кездеседі, ал миопиялы балалардың көбінің омыртқа жүйесінде өзгерістер болып жатады).
Көзге ауыртпалық түсіретін теледидар, компьютер, ұялы телефонды шамадан тыс қолдану. Сонымен бірге дұрыс тамақтанбау.
Аурудың белгілері: алыстан көрмеу, көздің бұлдырауы, алыстан жақынға немесе керісінше қарағанда көзге ауыртпалықтың түсуі, заттардың екі еселеніп көрінуі, алыстағы заттарды айыра алмау, алыстағы заттарды тану үшін көзді сығырайтып қарау.
Миопияның алдын алу үшін баланың ағзасын нығайту керек. Яғни спортпен шұғылдану, дұрыс тамақтану.
Көздің бұлшықет жүйелерін бекіту, көздің қан айналымын жақсарту, көз жаттығуларын жасау, балалардың күн тәртібін реттеу, таза ауада серуендеу.
Оқу бөлмесінің жарықтануын, сабақ дайындайтын орындық пен үстелінің бала бойына сай болуын қадағалау.
Көз ауруларын емдеу үшін жасалатын жаттығуларды үзбей жасаудың пайдасы зор. Осы орайда мен көз дәрігері ретінде жаттығуларды айтып өтейін: көзді 5-6 секунд бойы жыпылықтатып тұру. Аздаған үзілістен соң жаттығуды тағы бір рет қайталаңыз.
Көздi тас жұмып, 3-5 секундтан кейiн қайта ашыңыз. Жаттығуды 6- 8 рет қайталаңыз.
Орныңыздан тұрып, қолыңызды алдыңызга созып, сұқ саусағыңыздың ұшына қараңыз. Саусағыңыз екеу болып көрінгенше көзiңiздi алмай, өзiңiзге қарай жылжыта берiңiз. 6-8 рет қайталаңыз.
Басыңызды қозғамастан жоғар-төмен қараңыз. 8-12 рет қайталаңыз.
Мойныңызды бұрмастан оңға-солға қараңыз. 8-12 рет қайталаңыз.
Шынтағыңызды үстелге тiреп, алақандарыңызбен көздерiңiздi басыңыз. Жаттығу ұзақтығы – 5 минут. Осы жаттығуды күнiне 2-3 рет қайталаңыз. Алақаныңыздан тараған жылу мен қараңғылық көздің шаршауын басады.
Әр қолыңызға бiр-бiрден карындаш ұстаңыз. Бiреуiн көзiңiзден 15 см қашықтықта тiк ұстаңыз. Ал екiншiсiн алдыңызга созылған қолыңыздың қашықтығында ұстаңыз. Содан соң көзiңiздi бiр қарындашқа тоғыстырыңыз да, кiрпiгiңiздi қағып, көзқарасыңызды екiншi қарындашқа аударыңыз. Бұл жаттығуды күніне 2 рет жасаңыз.
Екi аяғыңызды бiр-бiрiнен алшақ қойып, бүкіл денеңiзбен бiр жағыңыздан екiншi жағынызға қарай бұрылыңыз. Алыстау тұрған бiр нәрсеге қадала қараңыз. Жаттығуды 50 рет қайталаңыз.
Жалпы, көзiңіздің көруі нашарлағанын қалай байқауға болады? Алыс- жақыннан көзiңiздiң көруiн тексерiп отырыңыз. Салғырт қарамаңыз! Күнiне бiр рет көзiңiздi тексерiп отырғаныңыз жөн. Егер көзiңiз сәл бұлдырласа, демек көруі нашарлай бастағаны. Тез арада ем-дом қолдану керек.
Қазіргі таңда жұмыстың көбі компьютер арқылы жасалатын болғандықтан, жұмыс барысында мына жағдайларды ескерген жөн:
Отырған бөлмеңiздегi шам көзге шағылысатындай жап-жарық болмағаны дұрыс. Экраныңыз анық болуы керек.
Монитор терезеге жақын жерде тұрса, терзеде жалюз болғанын қадағалаңыз. Жарықтың экранға ол жақтан түскені дұрыс. Монитордың жоғарғы жағы көзiңiзден төмен орналасу керек.
Экран мен көзiңiздiң арасы 50-70 см болғаны жөн. Қолыңызды созған кезде, қолыңыз мониторға сәл-пәл жетпей тұруы керек. Көздi жақсарту үшiн қандай тамақтар жеген дұрыс?
Балық, лимон, киви, сәбіз, орамжапырақ, қызанақ, қаражидек (черника), саумалдық (шпинат). Осы тағамдарды мiндеттi түрде тұтыныңыз,- дейді Шолпан Тастанбекова.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»