Basty bet
Мақта өңдейтін цех
Мақта – мақта шаруашылығының негізгі өнімі, халық шаруашылығының әр саласында түрлі мақсатта пайдаланылатын, құлқайырлар тұқымдасына жататын көпжылдық бағалы талшықты дақылдан жасалатын маңызды шикізат.
Мақта шаруашылығында мақтаны қол мен немесе машинамен жинайды. Жиналған мақтаны адамдар алып оны күнделікті қолданыста жүрген көрпе жастық, көрпешеге және т.б. заттарға қолданады. Мақтаны көрпеге, көрпешеге, жастыққа салмастан бұрын, мақтаны шиттеп, шиті мен мақтасын бөлек алып, жоғарыда аталған заттарға салады. Мақтаны салмастан бұрын, оны арнайы машинаға салып, өңдеп алады. Ал, көрпе, жастыққа мақта салынғаннан кейін де біршама уақыт өткен соң, көрпе, жастықтың ішіндегі мақтаны өңдеуге тура келіп жатады. Осындайда мақта өңдейтін цех қызметкерлерінің көмегіне жүгінетініміз жасырын емес.
Нұрлыкент ауылында мақта өңдейтін шағын цех бар. Жеке кәсіпкерліктің атауы “Нұрахмет” деп аталады. Бұл цехтың ауыл тұрғындарының игілігі үшін жұмыс істеп жатқанына төрт жылдай уақыт болған.
Алғашында мемлекет тарапынан қайтарымсыз екі миллион теңге қаражатын алған нұрлыкенттік Дүйсенәлі Бердиаров, бұл қаржыға Шымкент қаласынан мақта өңдейтін арнайы аппарат сатып алады. Бүгінде ісі жаман емес, айтарлықтай мақта өңдетуге келетін ауыл тұрғындарының да қатары көбейген.
– Әсіресе, жаз, күз айларында ауылдағы қыз-келіншектер көрпе, жастықтың мақталарын өңдетуге алып келеді. Мақтаның келісін 150 теңгеден есептейміз. “Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей” дегендей, әр адам тек еңбектене беруі керек. Сонда ғана оның жемісі де тәтті болмақ. Мен мұндай мақта өңдейтін цехты Шымкент қаласынан көрдім. Содан неге біздің ауылдан да осындай шағын цех ашпасқа деген ой келді. Көп ұзамай ойымды жүзеге асыру үшін, мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз қаржыға бизнес жоспар өткізіп, жоспарым бірден мақұлданды. Бүгінде ауыл тұрғындары цехтың жұмысына дән риза, – дейді жеке кәсіпкер.
Алдағы уақытта жеке кәсіпкер Дүсенәлі Амангелдіұлы шағын цехтың жұмысын одан әрі кеңейтуді жоспарлауда. Себебі, бүгінде тек ауыл тұрғындары ғана емес, ауданға қарасты шет ауыдардан да, Тараз қаласынан да келіп, мақта өңдететіндердің қатары көбеймесе, сиремеген.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»