Basty bet

Отбасы – қоғамның тірегі!

Қоңыртөбелік Байтуковтар отбасы ұлттар арасындағы сыйластықты нығайтуға үлес қосуда

Отбасы – Отанның тірегі. Отбасы белгілі дәстүрлердің, жағымды өнегелердің, мұралар мен салт-дәстүрлердің сақтаушысы. Отбасында бала алғаш рет өмірмен, қоршаған ортамен танысып, мінез-құлық нормаларын игереді. Отбасы – баланың азамат болып өсуінің негізі. Бұл ретте дана халқымызда: «Табалдырықтан биік тау жоқ» деген ұлағатты сөз бар. Бұл – отбасының қоғамда алар ерекше орнын көрсетсе керек.
Ал өзге ұлтқа қыз беріп немесе өзге ұлттан қыз алып, отбасын құрып жатқан азаматтар арамызда баршылық. Бұл өз кезегінде ұлттар арасындағы татулықты арттырып қана қоймай, сыйластықты да бекіте түседі. Ал ұлттар арасындағы татулықтың ел дамуына және мемлекеттің болашағына тигізер пайдасы өте зор.

Мұндай аралас отбасылар бірнеше ұлттың басын біріктіріп, жергілікті жерде ынтымақ пен бірлікті арттырып отырған қасиетті Жуалы ауданында да бар. Біздің байқағанымыз, өзге ұлтпен құдалы-құдандалы болған отбасылар ауданға қарасты Жетітөбе ауылдық округінде көбірек. Олай болатыны, мұнда шешен және орыс ұлтының өкілдері және әзірбайжандар бұрыннан тұрады. Араларында бір-бірлерімен араласып, отбасын құрып жатқандары да бар. Тағдырдың жазуымен осында жер аударылып келген ұлттың өкілдері қазіргі таңда қасиетті Жуалы топырағынан өз бақытын тапқан деуге әбден болады.
Қоңыртөбе ауылының азаматы Тұрар Байтуков осындағы шешен ұлтының өкілі Калимат Ибрагимқызымен көңіл жарастырып, бүгінде үлкен отбасының отағасына айналып отыр. Олардың отбасы құрғандарына 45 жыл уақытқа жуықтады. Сыйластығы жарасып, отбасында ұлағатты ұрпақ өрбіткен ерлі-зайыптының арасындағы махаббат пен сүйіспеншілік сезімдері бүгінде үлкен ақыл-парасат пен сыйластыққа айналғаны қандай жарасымды. Иә, осыдан жарты ғасырға жуық уақыт бұрын екі жастың қосылуына да себепкер болған бауырлас қазақ пен шешен ұлттарының арасындағы сыйластық пен мызғымас достық шығар, бәлкім?!
Бүгінде 70 жасты алқымдаған еңбек ардагері Тұрар Сейдахметұлы Қоңыртөбе ауылында шаруа отбасында туған. Отбасында үш ағайынды. Ол осындағы орта мектептің қазақ сыныбында оқыса, ал Калимат апай орыс класында оқыған. Екеуінің отандасқандарына биыл 44 жыл толып отыр.
Адал еңбегімен және «ақты ақ, қараны қара» деп айтатын бойындағы турашыл мінезінен болар бәлкім, Тұрар ақсақал ауыл-аймаққа, әулетіне сыйлы азамат. Жетітөбе ауылдық округінің Құрметті азаматы. Шешен ұлтының қызымен үйленуіне де осы турашыл мінезі де әсер етпей қоймағаны белгілі.
Ауыл-аймақтың ынтымақ-бірлігін арттыруға және отбасылық құндылықтар мен халықтық салт-дәстүрлерді сақтауға сүбелі үлес қосып отырған үлкен отбасының отағасы Тұрар Сейдахметұлының негізгі мамандығы шофер. Бұрынғы «Шақпақ» техникалық училищесін бітіргеннен кейін ол осындағы Максим Горький колхозында ұзақ жылдар жүргізуші, механизатор, кейіннен малшы, егістік алқапқа қарауыл болып жұмыс істеген.
-Онда біздің колхоздың дүрілдеп тұрған кезі. Біз жастайымыздан колхоздың жұмысына араласып өскенбіз. Осында білім алдым. Қоңыртөбе ауылындағы Д.Пахомов атындағы орта мектептен кейін округтің орталығы Кәріқорған ауылындағы мектепте оқып бітірдім. Мектептен кейін әскер қатарында болдым. 1972 жылдан бері қарайғы еңбек жолым колхоздың жұмысымен тікелей байланысты болды.
Максим Горький колхозында сауынды сиыр, қой отарлары және жылқы бағылушы еді. Ұжымшарда қандай жұмыс бар, соның барлығына араластым деуге болады. Жазғы жайылым кезінде малшылар саулықтарды Билікөл аймағындағы жайлауға айдаса, ісектер Мойынқұм өңіріне айдалатын. Сауынды сиырлар осындағы фермаларда ұсталып, сауылатын. Онда еңбек адамдарына ерекше құрмет жасалушы еді. Қазір де құрмет жасалады. Бірақ бұрынғыдай емес.
Содан колхозда еңбек етіп жүріп, ауылдағы шешен ұлтының қызы Калимат Ибрагимқызымен көңіл қосып, көп ұзамай екеуміз отбасын құрдық. Ол колхозда сауыншы болып жұмыс істейтін. Оның ата-аналары 1960-шы жылдардың аяғында Солтүстік Қазақстан облысының қазіргі Мамлют ауданынан осында қоныс аударған. Қайын жұртым осы ауылдағы өте еңбекқор, үлгілі әулеттердің бірі. Бүгінде қайын атам да, енем де өмірден өтіп кетті. Олар колхозда озат шопан болған өте сыйлы кісілер болатын. Шешен ұлтының қызымен отандасқаныма өкінбеймін. Отандасқанымызға 40 жылдан астам уақыт болды. Сыйласып өмір сүріп келеміз. Екеуміз отбасында ұл-қыздар тәрбиелеп өсірдік. Құдайдың берген ұрпағын өсіріп, бүгінде солардың қызығын көрудеміз,- дейді Тұрар аға.
«Екі жақсы қосылса, санат емей немене» демекші, үлгілі отбасылардан тәлім алған Тұрар аға мен Калимат апай екеуі еңбек етіп, ауыл-аймақтың дамуына сүбелі үлес қоса жүріп отбасында екі ұл, екі қыз өсіріп тәрбиеледі. Үлкен қызы Дарина өмірден өз орнын тапқан. Қазір Алматы қаласында дүкен ісімен айналысады. Екінші қыздары Зарина ертерек қайтыс болған. Ал олардан кейін өмірге келген үлкен ұл Шыңғыс қазір ауылдағы ауызсу ұңғымасында жауапты қызметкер. Келіні Замира екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеуде. Ал кенжелері Тимур әкесі бастап берген шаруашылықтың жұмысын алға бастыруға және малдың басын көбейтуге күш салуда.
-Қазақ пен шешен халқын бір-бірімен бауырлас ұлттар деп айтуымызға болады. Себебі, сонау саяси қуғын-сүргін, репрессия жылдары Кавказдағы шешендердің бірсыпырасы қазақ жеріне жер аударылғаны белгілі. Сонда біздің ата-балаларымыздың айтуынша, жалпы шешен ұлтының сол зұлмат жылдардан аман қалуына кеңпейіл қазақ халқы бірден-бір себепші болды. Менің пайымдауымша, адамдар бір-біріне жақын болып, сыйласуы үшін міндетті түрде бірге туу немесе туысқан болуы шарт емес. Адамды кеңпейілділік, бір-біріне деген сыйластық пен құрмет жақындатады. Бізде де солай. Жергілікті қазақ халқымен туған бауырдай болып кеткенбіз. Екі ұлттың арасындағы сыйластық пен құрмет кейіннен бір-бірімізбен тонның ішкі бауындай жақын араласып, құда болуымызға да себеп болды. Шын сыйласқан ұлттар ғана осылай жасаса керек.
Өз ұлтымның дәстүр-салтын және тілін жақсы білумен қатар, келін болып түскен қазақ әулетін де құрметтеп, дәстүрі мен тілін өте жоғары бағалаймын. Мен қазақ отбасына келін бола жүріп, көптеген игі дәстүрлерді үйрендім. Үлкен ақсақалды аталар мен ақ жаулықты аналардың батасын алғанымыздан шығар, өсіп-өніп отырмыз. Біз сөзбен айтқанда, қазақ халқының игі дәстүрлері мен қайталанбайтын асыл қасиеттерін қатты қадірлеймін,- дейді отанасы Калимат апай.
Алған жарың жақсы болса, мың бақыт емес пе?! Шешен ұлтының қызы, бүгінде қазақтың келіні, әулетінің анасы Калимат апай ұрпағын қазақтың салтымен және имандылық жолымен тәрбиелегенді жөн көреді. Жастайынан жергілікті қазақтармен етене араласқаны соншалық, ол қазақи салт-дәстүрлерге, имандылықтың шарттарына өте жетік болып өсті. Ол мұсылманның бес парызын ұстанып, қасиетті Рамазан айында ораза тұтып, бес уақыт намазын да қаза етпейтінін айтады. Қазір де оны өз ұрпағының бойына сіңіруде.
Бауырлас ұлттардың арасында алтын көпір болып, қазақ және шешен ұлтының сыйластығын арттыруға үлес қосып отырған Байтуковтар отбасы «Тұрар» шаруа қожалығының жұмысын лайықты жүргізіп, атакәсіптің дамуына да өз үлестерін қосып отыр. Шаруашылықта егін егумен қатар, жылқы, сауынды сиыр және азын-аулақ қой бағылуда.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close