Basty bet

Жаңа ғимарат жаңалықтың жаршысы болсын!

Қайрат ауылында 150 орындық жаңа мәдениет үйі қолданысқа берілді

Мәдениет – ұлт өмірінің айнасы, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан халықтың рухани келбеті, мейірімі мен парасат-пайымы. Адам жанын елжірететін құдіреттің бірі де осы өнер. Сондықтан өнер мен мәденеитке қолдау көрсету – ұлт болашағына қолдау көрсету болып табылады.

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Біздің негізгі мақсатымыз – заңды қатаң сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету. Біз мәдениетті, білімді, ғылымды дамыту арқылы қазіргі ашық әлемнің бір бөлшегі болуға ұмтылуымыз керек» деді. Президент сонымен қатар, биыл Атырау облысында өткен Ұлттық құрылтайдың отырысында да ең бастысы, мейірімді де мәдениетті ұрпақ тәрбиелеудің маңыздылығына тоқталған болатын. Мұның барлығы жайдан жай емес. Әрбір адамның мәдениеті тұтастай алғанда қоғамның мәдениетін қалыптастырады. Ауданда өңірдің экономикалық-әлеуметік дамуымен қатар, мәдениет саласының дамуына және өнердің кең қанат жаюына басымдық беріліп келеді. Жыл санап ауыл-аймақтардағы мәдениет үйлері жаңартылып, оның кейбіріне қазынадан қаржы бөлу арқылы күрделі және орта жөндеуден өткізілу үстінде.
Сөзіміздің дәлелі ретінде айтар болсақ, жақында Ақсай ауылдық округінің Қайрат ауылында жаңа мәденеит үйінің ашылуы болды. Қайрат және Диқан ауылдарының тұрғындары көптен күткен мәдениет үйі құрылысының ұзаққа созылғаны рас.
150 орындық мәдениет үйінің құрылысының алғашқы мердігері «ЕрК Астана» ЖШС болса, аталған серіктестік тапсырылған жұмысты аяқтаған жоқ. Жобаның жалпы сметалық құны – 202 654,3 мың теңге. Оның ішінде, құрылыс-жөндеу жұмыстары үшін жалпы келісімшарт құны – 194 878,3 мың теңгені құрайды.
Ұзын сөздің қысқасы, құрылысқа жауапты алдыңғы мердігердің жұмысы жосықсыз деп танылғаннан кейін жобаны ары қарай «БекСтрой» ЖШС жалғастырып, құрылысты бір жылға жетер жетпес мерзімде сапалы аяқтап, көпшіліктің алғысын алып отыр.
Сонымен, жаңа мәдениет үйінің ашылуына ауыл ақсақалдары мен тұрғындар көптеп жиналды. Алғашқы құттықтау сөз аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағыға берілді.
-Қасиетті Жуалы ауданынан мәдениетке еңбек сіңірген белгілі өнер азаматтарының көптеп шыққанын жақсы білеміз. Әлбетте, мәдениет саласының дамуы мен азаматтардың өнерлі болуына жаңа мәдениет нысандарының қосатын үлесі өте зор. Қайрат ауылында жаңадан бой көтеріп, ашылғалы отырған мәдениет үйі де тұрғындарға және ауылдың талантты да өнерлі жастарына ұзақ жыл қызмет көрсететініне сенімдімін.
Аудан көлемінде барлығы 22 мәдениет ошағы болса, оған Қайрат ауылындағы мәдениет үйі жаңадан қосылып отыр. Одан бөлек, Көлбастау ауылында да жаңа мәдениет үйінің ғимараты бой көтеру үстінде. Бұл да тұрғындар үшін үлкен қуанышты оқиға. Жалпы өңірдің мәдениет саласында 300-ден астам адам еңбек етеді.
Құрметті жиналған көпшілік! Сіздерді жаңа мәдениет үйінің ашылуымен құттықтаймын. Өңірдің мәдениеті дамып, тұрғындардың әл-ауқаты арта берсін. Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін,- деді Асхат Базарбайұлы.
Келесі кезекте Қайрат ауылы тұрғындарының атынан қадірлі қария, ардагер ұстаз, ауданның Құрметті азаматы Әбілқасым қажы Ергебеков ізгі тілек білдіріп, жаңа ғимаратқа құтты болсын айтты. Лента қию рәсімін ауыл қариялары Әбілқасым Ергебеков және Аманжол қажы Дүрәліұлы орындады. Тәттіден шашу шашылып, қуанышқа жиналған азаматтар ғимараттың ішіне еніп, бөлмелерін аралап көрді.
Айта кету керек, 150 орындық мәдениет үйінің ғимаратында үлкен зал, ауыл жастарына үйірме бөлмелері қарастырылған.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close