Basty bet

2022 жылғы 7 қазанда Жамбыл облыстық сайлау комиссиясы 2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын қаржыландыру және сайлауға дайындықтың өзге де мәселелері бойынша семинар-кеңес өткізді

2022 жылғы 07 қазанда Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен 2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына дайындық мәселелері бойынша семинар-кеңес өтті.
Аталған семинар-кеңеске аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары және қала/аудан әкімдері аппаратының бас есепшілері қатысты.
Семинар-кеңесте келесі мәселелер қаралды:
1. 2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын қаржыландыру мәселелері туралы;
2. 2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын ақпараттандыру жұмыстары туралы;
3. 2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында ҚР Президенттігіне кандидаттардың сенім білдірілген адамдарын тіркеу және ҚР Президенттігіне кандидатты қолдап қойылған қолдардың растығын тексеру жұмыстары туралы;
4. 2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында сайлаушылар тізімдерімен жұмысты ұйымдастыру туралы;
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша:
1. Жамбыл облысы әкімі аппаратының бухгалтерлік есеп бөлімінің басшысы-бас есепшісі Гүлжан Әміреқұлқызы Дәуренова баяндама жасады.
2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын қаржылық қамтамасыз ету мәселелері бойынша өңіріміздің барлық аудандарының жергілікті атқарушы органдарының қаржы қызметтерінің қызметкерлерін алдағы сайлауды дайындау мен өткізуге байланысты бюджетті жоспарлаудың негізгі бағыттары мен шығыстарын түсіндірді.
Сындарлы диалог барысында қатысушылар бюджетті іске асыру және атқару бойынша сұрақтарға жауап алды.
2. Облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Сара Қабылбекқызы Мәдиева «2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын ақпараттандыру жұмыстары» бойынша баяндама жасады.
Алдағы сайлау науқанының саяси маңыздылығын ескере отырып, сондай-ақ сайлау туралы жұртшылықты неғұрлым толық хабардар ету мақсатында ҚР ОСК ақпараттық-түсіндіру бейне және аудиороликтері әзірленді. Осыған байланысты Облыстық сайлау комиссиясы Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасымен бірлесе отырып әзірлеген аудио-бейне роликтерді жетекші өңірлік телевизиялық және радиоарналардың эфирінде, қоғамдық орындарда орнатылған демонстрациялық экрандарда орналастырды.
Бүгінгі күні Ортсайлаукомның сыртқы баннерлерінің эскиздеріне сәйкес облыс бойынша 250 дана ақпараттық баннерлер әзірленіп, облыстағы елдімекендердің көрнекті жерлеріне орналастыру жұмыстары жүруде.
Бұдан бөлек, ҚР ОСК сайлаушыларға арналған үндеулері және өзге ақпараттық-түсіндіру материалдары жергілікті БАҚ беттерінде және АСК интернет парақшаларында тұрақты түрде жарияланып отырғандығын атап өтті.
3. Облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Талғат Салқанұлы Жамалов ҚР Президенттігіне кандидаттардың сенім білдірілген адамдарын тіркеу және ҚР Президенттігіне кандидатты қолдап қойылған қолдардың растығын тексеру жұмыстары» бойынша сөз сөйледі.
Ол «ҚР сайлау туралы» Заңына сәйкес Президенттікке кандидатты қолдап қол жинауды сенім білдірілген адамдар ұйымдастырады және кандидаттың Конституциямен және «ҚР сайлау туралы» Заңында белгіленген талаптарға сәйкестігін тексеруден кейін бес күн мерзімнен кешіктірмей ҚР ОСК беретін қол қою парақтарымен ресімделетінін хабарлады.
«ҚР сайлау туралы» Заңына және ОСК қаулысына сәйкес қол қою парағының үлгісі бекітілді. Әрбір қол қою парағының реттік нөмірі болады және сайлаушылардың қолдарын жинауға арналған 20 жолдан тұрады.
Сенім білдірілген адам Қазақстан Республикасының азаматы болуға тиіс, қандай да бір сайлау комиссиясының мүшесі, саяси мемлекеттік қызметші лауазымындағы адам болмауға тиіс. Сайлау комиссиясы сенім білдірілген адамдарды тіркегеннен кейін оларға тиісті куәліктер береді. Қол жинаушы адам қол жинаған кезде тиiстi қол қоятын парақта жеке қолы қойылған кандидаттың сенiм бiлдiрген адамының тiркелгенi туралы куәлiктiң көшiрмесiн көрсетуге тиiс. Қол жинауды жүргізетін адам қол қою парағына міндетті түрде өзінің қолын қояды.
Президенттікке кандидатты қолдауға қол жинау жөніндегі толтырылған қол қою парақтары аумақтық сайлау комиссиясына тапсырылады, ол 10 күн мерзімде паспорт қызметті қызметкерлерін тарта отырып, қойылған қолдардың дұрыстығын тексеруді жүзеге асырады, Президенттікке кандидатты қолдап қойылған қолдардың растығын тексеру нәтижелері туралы тиісті хаттаманы ресімдейді және оны Орталық сайлау комиссиясына жолдайды.
Ортсайлауком отырысында қабылданған қаулыда қол қою парақтарын беру және Президенттікке кандидатты қолдауға қойылған қолдардың растығын тексеру мерзімдерін қысқарту көзделген. Бұл шара Президенттікке кандидатты қолдауға қол жинау үшін сайлау процесіне қатысушылардың уақытын ұлғайту мақсатында қол қою парақтарын беруді ұйымдастыру және қолдардың растығын тексеру рәсімдері бойынша мерзімдерді қысқарту үшін ұсынылды.
Мәселен, ҚР ОСК қаулысына сәйкес Президенттікке кандидатты қолдауға қолдап қол жинауға арналған қол қою парақтары оның Конституция мен Конституциялық заңмен белгіленген талаптарға сәйкестігі тексерілгеннен кейін күнтізбелік екі күн ішінде беріледі. Аумақтық сайлау комиссияларының Президенттікке кандидатты қолдайтын қолдардың растығын тексеру мерзімі де күнтізбелік 10 күннен 5 күнге дейін қысқартылды.
Сайлаушылардың қою парақтарында қойған қолдары келесі себептермен жалған болып танылады:
1) қол қою парағына сай сайлаушының деректері толық болмаған;
2) қарындашпен қойылған;
3) түзету немесе өзге де бұрмалау іздері бар;
4) сайлаушы атынан басқа адамдар қойған;
5) нақты кандидат үшін қол қою парақтарында бір адам бір реттен артық қойған;
6) бір адам бірнеше адам үшін қойған;
7) қайтыс болған адамдар үшін қойған;
8) белсенді сайлау құқығы жоқ адам қойған;
9) өзі қойған қолын кері қайтарып алушы сайлаушының жазбаша өтініші болған кезде сайлаушылардың қолдарын жалған деп тану ұсынылсын.
Аумақтық сайлау комиссиясы, егер қол заңнама талаптарын бұза отырып алынғаны анықталатын өзге жағдайларда да сайлаушының қолын жалған деп тануы мүмкін екендігін ескертіп өтті.
4. Облыстық сайлау комиссиясының хатшысы 2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында сайлаушылар тізімдерімен жұмысты ұйымдастыру туралы баяндама жасады.
Ол 2022 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша облыстың сайлаушылар тізіміне белсенді сайлау құқығы бар 705 911 азамат енгенін хабарлады.
Нақты сайлау учаскесінде азаматты сайлаушылар тізіміне енгізу үшін:
1) оның осы сайлау учаскесінің аумағындағы тұрғылықты жері бойынша тіркелу фактісі.
2) азаматтардың сайлаушылар тиісті тізімдеріне енгізу жөнінде өздерінің жергілікті атқарушы органға жазбаша өтінішпен жүгінуі негіз болып табылады.
Уақытша тіркелген азаматтар, тіркеуі жоқ азаматтар, сондай-ақ сайлаудан кемiнде отыз күн бұрын сайлау күнi өзiнiң тiркелген орны бойынша дауыс беруге арналған үй-жайға келу мүмкiндiгiнің болмайтыны белгiлi болса, сайлаушы сайлау тағайындалған кезден бастап тиісті жергілікті атқарушы органда сайлаушы ретінде тіркелуге құқылы.
Жатақханаларда тұратын, орта арнаулы және жоғары оқу орындарында, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламалары бойынша күндiзгi оқу нысанында оқитындар сайлаушылардың тiзiмiне жатақхананың орналасқан жерi бойынша енгiзiледi.
Вахталық әдіспен жұмыс істейтін азаматтар да жазбаша өтініштер негізінде сайлаушылар тізіміне енгізілуі мүмкін.
Әскери бөлімдерде сайлаушылар тізіміне сол жерлерде тұратын барлық әскери қызметшілер, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері және әскери бөлімдер орналасқан жерлерде тұратын басқа да сайлаушылар енгізіледі. Әскери бөлімдерден тыс жерде тұратын әскери қызметшілер сайлаушылар тізіміне тұрғылықты жері бойынша жалпы негіздерде енгізіледі.
Азаматтардың келген жері бойынша сайлаушылар тізіміне енгізу туралы жазбаша өтініштері тиісті әкімдіктерге а.ж. 20 қазанға дейінгі мерзімде, яғни дауыс беру күнінен бір ай бұрын ұсынылуы тиіс.
Жергілікті атқарушы органдар азамат дауыс беретін учаскеде сайлаушылар тізіміне енгізуді қамтамасыз етеді және тіркелген жері бойынша азаматты сайлаушылар тізімінен алып тастауды ұйымдастырады.
Дауыс беретiн күнге 15 күн қалғанда, яғни 4 қарашадан кешіктірмей азаматтардың тұрғылықты жерi бойынша құрылған сайлау учаскелерiндегi сайлаушылар тізімдерін сайлаушыларға танысуға береді.
Азаматтарға тиiстi сайлау комиссияларының үй-жайларында сайлаушылар тiзiмiмен танысу, сондай-ақ оларға енгiзiлген сайлаушылар жөнiндегi деректердiң дұрыстығын тексеру мүмкiндiгi берiледi.
Әрбiр азамат сайлаушылар тiзiмдерiндегi өзi туралы деректердi тексеруге және тiзiмге енгiзiлмегенi, дұрыс енгiзiлмегенi немесе тiзiмнен шығарып тасталғаны, сондай-ақ тiзiмдердегi сайлаушы туралы деректерде жаңсақтық жiберiлгенi үшiн шағымдануға құқылы. Тіркелу орны бойынша сайлаушылар тізіміне қосылуын сайт немесе тиісті әкімдіктің Call-орталығы арқылы тексеруге болады.
Жиын соңында, С.Айдапкелов аумақтық сайлау комиссияларына іс-шаралардың орындалу мерзімдерін қатаң басшылыққа алуды және күн тәртібіндедегі мәселелер бойынша бірқатар тапсырмалар берді.

Таңдаулы материалдар

Close