Basty bet

Ер басына күн туса, етігімен қан кешер…

Рахман Еркебайұлы 1923 жылы Жамбыл ауданының Байдәулет ауылында орта шаруаның отбасында өмірге келген. Бұл кез аласапыран, аумалы-төкпелі, қазақтың басына ауыр тақсырет әкелген қиын жылдар еді.
Сол дәуірде балалық шақта болған оқиғаны көзімен көрген азамат былай деп еске алады:
«Ауылға әскер кірді» деп естіп, әпкемді анасы жиылған жүктің астына тасалап үлгерген сәтте сау етіп шенді-шекпені бар бірнеше өзге түсті, тілі бөлек адамдар үйге кіре салып қуыс-қуысты тіміскілей бастады. Ештеңе таппады, жүкті құлатқаннан кейін оның астынан шыққан әпкем өң-түссіз кейіпте көрінді. Қызға бірі жармасып, құшаққа ала бергенде, төсектің тұскиізі тұсында ілулі тұрған қылышты әкемнің қалай қолға алғанын білмедім. Қылыш жарқ етіп сермелді. Әпкемді құшақтаған әлгі әскердің басы домалап, барып төсектің астына кіріп кетті. Олар да жалма-жан әкемді атты. Онан соң не болғанын білмеймін. Анам қараңғыда мені қолымнан жетелеп теміржолдың бойындағы қарағай арасымен төркініне келе жатқаны есімде», – деген еді.
Байларды тәркілеу, ауыр алым-салық, азық-түлік салғырты «Аз халықтың маңдайында бақ тұрмайтынның» керін келтірген еді. Одан ұжымдастыру науқаны (колхоз кұру) 1928-1929 ж., 1932-33ж.ж. қолдан жасалған ашаршылық 1916 жылы 6 млн болған қазақтың 3/2-сіне опат әкелді. 1723-1727 жылдардағы қалмақ басқыншылары «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қырғынына пара-пар зұлмат әкелген еді сол заман. Қарап отырсақ, Қазақстанда осы төңкеріс жылдарында 71 млн қой, 17 млн жылқы тәркіленіп, ет, сүт, май-құртты негізгі қорек етіп отырған соры қайнаған момын халықты тарих әлі басынан кешірмеген зұлмат заманға әкелді. 1937-38 жылдардан кейін қазақ өзінің кең-байтақ жерінде 2 млн 460 мың ғана қалған еді…
Сұмдықтан кейін, тағы одан да ауыр сәт Екінші дүниежүзілік соғыстың өрті тұтанды. Жастарын майданға, егделерін еңбек майданына сыпырып ала бастады.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Құдайдан кейін қорқатын нәрсе – дәстүр бұзу» деген. Кеңестік коммунистік идеология құдайсыз қоғам құрып, әлемде өркениетке алғаш, яғни 4000 жыл бұрын келіп үлгірген, өзіндік үлгілі салт-дәсүрі бар қазақ ұлтын отаршыл орыс империясының ноқайлыққа салынғаны сонау І Петр заманынан бастау алады.
Рахман Еркебай мен Жапакүлдің төрт қызынан кейін дүниеге келген жалғыз еркек кіндігі еді. «Қызым енеден ғибрат алып өседі, Ұлым елден ғибрат алып өседі», дегендей, төрт қыз да уақтылы тұрмысқа шықты. Бұл отбасының Құдайдан сұрап-тілеп алған жалғыз ұлы осы Рахман еді.
Рахман бір шаңырақтың жалғыз ұлы болса да, со дәуірдің жағымпаздары оны алапат соғысқа алады. «Жеті жарғы дала заңында» түтін өшпесін деп, бір үйдегі бір баланы ұрыс майданына алмаған. Сол кешегі алапат соғыста Өзбекстан билігі әлгі дала заңын ұстанып, бір үйден бір бала болса, оны әскерге алмаған. Сонда бұ қазақ билігіне не дерсің?…
Сөйтіп Байдәулет батыр елінің Рахман Еркебайұлы есімді 18 жастағы азаматы ІІ дүниежүзілік соғыста жасақталған 101-ші ұлттық дербес атқыштар бригадасының құрамында Ақтөбе қаласында дайындықта болған. Одан кейін Мәскеу түбіндегі шайқастарда немістермен ұрысқа қатысты. Одан 1-ші және 2-ші Прибалтика, 4-Украин майданының құрамында көптеген ел мен жерді неміс-фашист басқыншыларынан азат ету ұрыстарына қатысты. Донбасс шахталарын, Донецк, Воронеж, Кенигсберг қалаларын, Қырым түбегі жолындағы шайқастарға қатысып, Днепр өзенінен өтердегі сұрапыл қанды қырғынын бастан кешкен.
Рахман табиғатында марапатқа онша қызықпаған жан болатын. «40 жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген. Рахман соғыстан соң да шекара әскерлері қатарында қалып, 1947 жылы ғана о жақ бұ жағы бар алты жылдың жүзін көріп, елге аман-есен оралған. Соғысқа алынған 700 мыңға тарта қазақ қыршындарының 3/2-сі майдан даласында опат болса, мүгедек болғаны бар, сауы бар 3/1 қазақтың бірі боп өзінің боз жусанды даласы мен Байдәулет елі, оның ішінде, Қызыл колхозында Алладан күндіз-түні мінәжат етіп, жасалған дұғасы қабыл болып, уайымнан еңселері төмен түскен ата-анасымен аман қауышқан еді. Рахман майданнан оралған соң көп ұзамай әкесі дүние салды. Тілек қабыл болып, әкесін өз қолымен жерлеп, оған бір уыс топырақ салу бұйырғанына әпкелері – Шынықыз, Тындықыз, Ұмсынай, т.б. жақын-жуық тілеулестері шүкіршілік келтірді.
Рахман ер азаматының дені соғыстан оралмай, жүдеп-жадаған «Қызыл таң» колхозына бастық болып белгіленеді. Ол тұста техника атаулы жоқтың қасы. Ат, өгіз соқа, өгіз араба, сатылы арабамен шөп тасу, жер жырту, арпа қызылша егумен айналысқан сәт. Әлі халық нанға мұқтаж, жарты құрсақ. Таңның атысы мен күннің батысы көкиық боп іске жегілу. Онысына мандытып алып жатқан еңбекақы да жоқ. Тынбай істеген азаматтардың өзі жылдық еңбекақысына екі қап қызыл бидай алған.
Қызылша қолмен жекеленеді, қара күзде жиналады. Барша жұмыс қолмен істеледі. Машина жоқ, 30 шақырым жердегі Шөлдала теміржол бекетіне ұзын жәшік арабаға тоннаға жуық тәтті түбірді артқан Мұратбай Сыдықұлы бастаған бірнеше араба ертеңгілік кетіп, кешке бір-ақ келеді. Өгіз арабаға жегілген өгіз өте жай жүреді. «Өгіз аяң» деген сөз содан қалған.
Рахманның анасы да қариясынан соң араға бір жыл салып, арғы дүниеге сапар шекті. Үйде ақ жаулықты болмаған соң шаңырақтың құлазитыны анық. «Әлем нұры – күн, адамзат күні – әйел» дегендей, Рахман өзіне асыл қазына боларлық адал жар іздеді. Құдай оңдап, 1926 жылы туған Айша бибі әулие анамыздың шырақшысы Әбутәліптің Әсемкүл есімді қызымен танысып, 1950 жылы Жуалыдағы Бақа ауылында тұратын үшінші әпкесі Тындықыздың үйіне келінді түсіреді. Әсемкүл жеңгей 1951 жылы Өрісбек есімді ұл тапты.
Рахман Түктібай ауылының оңтүстік-батысында орналасқан Қосбастау (бұрынғы №111 теміржол бекеті) бекетіне болат жолдың айрығына жол ауыстырушы боп жұмысқа тұрады. Алғаш ауылдан жаяу, көлікпен барып-келіп істейді. Жол басқармасы үй беріп, кейін өзі асарлатып үй салады. Сол бекетте жеті жыл абыроймен қызмет атқарып, әсіресе сол тұста теміржолдың жұмысшылары нанға алғаш тойынған еді.
Рахман кез келген адаммен шұғыл тіл табысатын. Теміржолда жұмыс істеп жүргенде ауысым арасында кез келген тапсырылған істі, егін егу, арамшөп отау, араба айдау, саудаға қатысу, су суару сияқты жұмыстарды қиналмай атқаратын. Теміржолда істеп жүргенінде 1950 жылы Мойынты-Шу теміржолын салу қажеттігін өмірдің өзі туындатқан еді. Ауыр өнеркәсіп өркендеді, жүк айналымы 2-3 есеге өсті. Солтүстік, орталық, оңтүстік Қазақстан аралығында сол уақыттарда теміржол байланысы болмады. Қарағандыға жету үшін Барнауыл-Новосибирск-Омск-Петропавл (Қызылжар)-Ақмола арқылы айналмалы жолмен жүріп өтуге тура келетін. Мойынты-Шу теміржолын салу қажеттілігі айқындалды. 1950 жылы салына бастаған 440 шақырымдық жол 1953 жылы пайдалануға берілді. Рахман өз кезегінде осы жылы 70 жыл толып отырған «Болат жолдың бейнеті мен зейнетін» бір кісідей көрген еді.
1957 жылы Рахман Бақадағы әкпесі Тындықызға: «Жуалыға, оның халқына, Сізге ризамын. «Есің барда елің тап» деген ғой, елімді тапсам деймін» – деп ақыл салған. Бұл кезде Рахман мен Әсемкүлден өмірге келген перзент үшeу еді. Уазипа 1953 жылы, ал Күлзипа 1957 жылы өмірге келген. Бұл отбасы осылай қасиетті Айша бибі ауылына көш басын түзеді.
Кісі тілін таба білетін ерекше қасиетінің арқасында Рахман Тараз қаласындағы №33 ауыл шаруашылығы мамандарын (жүргізуші, тракторшы, комбаинер) даярлайтын орта кәсіптік оқу орнының басшысы Л.Ольховскаямен тілдесіп, ол Рахманды Айша бибі ауылының терістік батысында орналасқан сол кәсіптік орта оқу орнының шаруашылық жүргізетін ауылға басшы һәм кілтші боп қызметке тұрады. Бұл қызметті ұзақ жылдар атқарып, абыройлы, елге танымал, көпшіл «Жақсы дос жинайды, жаман мал жинайды» дегендей, досы көп еді. Өмірінің соңында «Ақкөл» балшықпен емдеу шипажайында шаруашылық бөлімін басқарды.
Ана үшін ұл қашанда көзінің қарашығы. Алла Тағала бұл отбасына тағы да екі ұл перзент берді. Қанатбек – кәсіпкер, Қайрат – заң қызметкері, қажы. Уазипа мен Нүрипа – ұстаз. Күлзипа – дәрігер. Назипа – кәсіпкер – экономист.
Рахман – болмысында көркем мінезді, түзу, дұрыс пиғылды, сабырлы, салиқалы, байыпты, байсалды жан болатын. Әсемкүл әдеби кітаптарды көп оқитын һәм тоқитын. Олар ұлын ұяға, қызын қияға қондырған үлгілі-өнегелі ата-ана болды. Рахман соғыс салған зардаптан өмірден ерте озды,
«Арттағыға сөзің мен ісің қалса,
Өлсең де, өлмегенмен боласың тең» деп ұлы Абай айтқандай, артқа жақсы із қалсын! Рахман отызыншы жылдардағы ашаршылықты көрген, соғыс және еңбек ардагері, ал оның жары Әсемкүлдің өмірі арттағы ұрпағына үлгі-өнеге.

Болатбек ҚАЙЫПБЕКҰЛЫ,
Жуалы ауданының Құрметті азаматы.
Жамбыл облысының Құрметті ардагері

Таңдаулы материалдар

Close