Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам” атты халыққа Жолдауында отбасылық зорлық-зомбылық мәселесі ерекше назарға алынатынын айтты.
“Отбасылық зорлық-зомбылықты қылмыс санатына жатқызу мәселесі қоғамда көптен бері талқыланып жүр. Құқық қорғау органдары бұл ұсыныстың дұрыс екеніне күмәнмен қарайды. Себебі, мұндай тұрмыстық жағдайларды анықтау оңай емес, яғни осындай оқиғаларды тергеп-тексеру қиынға соғады”, деді Перезидент.
Қасым-Жомарт Кемелұлы отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайтынын баса айтып, аталған қылмыстың жазасы күшейтілетінін жеткізді.
“Отбасында ойран салатындар жазаға тартылмаса, олар одан бетер басынып кетеді. Ал жапа шеккендер мүлдем қорғаусыз қалды. Мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді деп санаймын. Зардап шеккен жандар елдің сөзінен немесе біреудің қысым жасауынан қорықпауы қажет деп қосты Мемлекет басшысы.
Қоғам үшін ең маңыздысы – тәуелсіздік, адам үшін бас бостандығы, уайым-қайғысыз өмір. Сондықтан тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемалары қоғам үшін өзекті мәселеге айналды. Өнегелі ұрпақ тату-тәтті, зорлық-зомбылықсыз отбасында ғана тәрбиеленеді. Өкінішке қарай, елімізде соңғы жылдары жанжалдасқан отбасылардың саны артып келеді. Отбасы болғаннан кейін “ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды”. Дегенмен отбасында жанжалдың үнемі орын алуы – үлкен қасірет. Себебі, ол отбасында ешқандай береке болмайды, балалар психологиялық күйзеліске түседі.
Ауданымызда 2020 жылдың ақпан айынан бастап Бауыржан Момышұлы ауылдық әкімдігінің ғимаратында “Жамбыл облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының” аудандық кеңес беру кабинеті ашылып, жұмыс істеуде.
Кабинетте екі адам жұмыс істейді. Олар: әлеуметтік жұмыс жөніндегі кеңесші Әлия Шәмшиева мен әлеуметтік психолог Айгүл Дәрібаева.
Кабинет мамандары стандарт бойынша сегіз бағыт бойынша (әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-құқықтық) қызмет көрсетеді. Кабинет мамандарының айтуынша, осы қызметтердің ішінде әсіресе психологиялық көмекке жүгінушілердің қатары көп екен.
-Кабинет ашылғаннан бастап бүгінгі күнге дейін аудан бойынша 212 адам қызмет алды. Сенім телефонына хабарласқандар – 169. Ал, “Дағдарыс” орталығына алты әйел орналастырылды,- дейді кабинеттің әлеуметтік психологі Айгүл Дәрібаева.
Орталықтың мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына шұғыл әлеуметтік, психологиялық көмекпен қолдау көрсету. Ажырасу сатысында тұрған жанұяны отбасы мен қоғамға әлеуметтендіру және қайта ықпалдастыру процесіне жәрдемдесу. Қиын өмірлік жағдайға түскен әйелдерге дұрыс шешім қабылдауына қажетті кеңес айтып, жағдайды ақылмен саралауға мүмкіндік беру.
-Тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген адамдар бірінші аудандық полиция бөліміне хабарласады. Біз ол отбасына полиция бөлімінің қызметкерімен бірге барып жұмыс жасаймыз. Өкінішке қарай, отбасындағы зорлық-зомбылық жағдайлары жылдан-жылға көбейіп келеді.
“Ауруын жасырған өледі” дейді ғой дана халқымыз. Сондықтан бір жағы айтуға ұят, бір жағы жасыруға болмайтын, қоғам болып күресетін жағдай – отбасылы адамдардың сыртта өзге адаммен жүріс жасау жағдайы көбейіп отыр. Отбасындағы жанжалға себеп болып отырған мәселелердің ең негізгісі осы себептерге қатысты. Одан кейін салақ әйелдің үйінде ұрыс-керіс көп болады. Олардың күйеулері тамақтың уақтылы дайын болмайтынын, үйде тазалықтың жоқтығын айтады. Мұндай жағдайда әйелдермен барынша жақын жұмыс істеуге тырысамыз. Отбасында еркек те, әйел де өзінің кемшілігін түсініп, жауапкершілікті мойнына алып, өзімен жұмыс жасаса, барлығын түзеуге болады.
Жалпы зорлық-зомбылықтың түрі көп. Әркімнің басындағы жағдай әртүрлі. Нашақор баласынан зорлық-зомбылық көріп жүрген ана бар. Төрт-бес бала-шағасы бар отбасында да түрлі жағдайлар орын алып отыр. Өкініштісі, жоғарыда айтқандай жағдай мұғалімдердің отбасында да кездеседі. Ене мен келін арасында да жанжалдар туындап жатады.
Негізінен ерлі-зайыптылар арасындағы жанжал ата-енесінен бөлек тұратын отбасында көп. Ал, кейбір жас келіндер ата-енесімен бірге тұрғысы келмей жанжал шығарады. Дөрекі, ашушаң, әйеліне күш көрсеткісі келіп тұратын еркектер де жоқ емес. Ондайлар үшін ұрып-соғуға себеп көп. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болып жүрген біз білмейтін қаншама жандар бар. Сондықтан Президентіміз мұндай қылмыстың жазасын күшейту қажеттігін айтты.
Осы сәтті пайдаланып, ерлі-зайыптыларға мына мәселені айтқым келеді. Дауласу – ешкімге жақсылық та, абырой да әкелмейді. Бала-шағаның бақыты, болашағы үшін түсінісіп, сабырмен өмір сүруді үйрену қажет. Әйелге мықтылық, төзімділік, ақыл керек. Ақылды тыңдап, қабылдай білу – өз өмірің үшін қажет. Менмендікке, өзімшілдікке салыну – балалардың өміріне балта шабумен бірдей.
Жақында ғана отбасында жиі жанжал болатын отбасында қызының қатты психологиялық күйзелеске түскенін, кішкентай баласының кекештеніп, яғни дұрыс сөйлей алмай қалуының куәсі болдық. Мұны ата-ана өздері көріп, сезініп, өкінуде. Бұл балалармен жұмыс жасалуда. Бірақ, ата-ананың білімсіздігінен, сабырсыздығынан, қателігінен балалардың зардап шегуі қандай қиын, өкінішті. Осындай жағдайларға ата-ана жол бермеуі керек. Себебі, ондай отбасында тәрбиеленген бала жасқаншақ, өзіне сенімсіз, өзінің ойын кісіге дұрыс жеткізе алмайтын, қорқыныш сезіммен өмір сүретін, өзін сыйлап, құрметтеп, бағалай алмайтын болып есейеді.
Отбасылық зорлық-зомбылық, жанжал жиі болатын отбасылармен жұмыс істегенде олардың енді бір сыпырасының айтатын себебі – жетіспеушілік, әйелдердің күйеуіне қояр талабының жоғары болуы. Яғни, өзінің отбасын басқа біреудің отбасымен, күйеуінің табысын басқа еркектің табысымен салыстыру. Отбасында бір-бірін түсінбей, бір-біріне қолдау көрсетпей ешқандай жағдай түзелмейді. Бір-біріне ашынып кеткен, бір ауыз жылы сөзін айта алмайтын отбасылар көбейіп кеткен. Сондықтан бұл күрделі мәселемен қоғам болып күресуіміз керек. Аналар, әкелер кеңесінің жұмысы жандандырылса. Әсіресе, жас отбасылармен көбірек түрлі іс-шаралар ұйымдастырлса деймін.
Отбасында жанжал, зорлық-зомбылық орын алған соң олармен жеке жұмыс жасаймыз, бақылауға алып, хабарласып отырамыз. Кабинетке шақырып, түрлі психологиялық кеңестер береміз, тренингтер жасаймыз. Ойын, санасын дамытуға, өзгертуге тырысамыз. Бірақ, оны қабылдап, өзгергісі келетіндер аз. Мен әсіресе, әйел-аналарға көбірек ізденіп, оқып, өзін дамытқанын қалар едім. Сонда көп мәселе шешімін табар еді деп ойлаймын.
Қазіргі аудандық соттың төрағасы Бабырхан Әбуев ажырсау мәселесінде ерлі-зайыптыларға міндетті түрде татуласуға уақыт, мүмкіндік береді. Екеуін бір-бірімен түсінісуге шақырады. Сот төрағасының мақсаты – қоғамда ажырасуды азайту. Бұл ниетінің нәтижесі жаман емес. Бір-бірімен татуласып, ажырсаудан бас тартқандар бар.
Аудан әкімінің идеология жөніндегі орынбасары Анар Ахметованың бастамасымен отбасылық құндылықтарды сақтап, насихаттау мақсатыныда биылғы жылы мәнді, мағыналы көптеген іс-шаралар өтті. Мәселен, наурыз айында “Бүгінгі бала – ертеңгі азамат” тақырыбында мектептерде жоғары сынып оқушыларымен кездесу, сәуір айында “Бала тәрбиесі – ата-ана міндеті” тақырыбында іс-шара, мамыр айында отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері, отбасы инстиутын нығайту және гендерлік мәдениетті қалыптастыру туралы аудан педагог-психологтарымен, полиция бөлімінің инспекторларымен семинар-тренинг, қыркүйек айында “Елу жылда – ел жаңа” қоғамдық бірлестігімен бірлесіп, ата-аналар мен оқушылар арасында ауқымды шаралар өтті. Бұлардан бөлек қаншама шаралар ұйымдастырылды. Жалпы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында түрлі іс-шаралар жоспарлы түрде өтуде,- дейді Айгүл Махамбетқызы.
Отан – отбасынан басталады. Отбасы тыныш болса, Отанымыз да тыныш. Өмір қамшының сабындай ғана қысқа. Сол өмірді сыйласып, тату-тәтті сүргенге не жетсін! Үлгілі отбасын құру – әр адамның өз қолында!
Перизат Шымыртайқызы,
“Жаңа өмір”