Basty bet

Еңбек – ердің серігі!

«Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Шын мәнінде, ең бастысы – адал еңбек. Біз мұны жете түсінетін ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз»,- деген болатын ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында сөйлеген сөзінде.

Шындығына келсек, «Адамды адам еткен – еңбек». Қай кезеңде болсын, адам еңбекпен өрістейді, еңбекпен ғана дамитыны айдан анық нәрсе. Еңбек ешқандай салаға, ешқандай мамандыққа бөлінбейді. Мейлі ол қарапайым қара жұмыс болсын, шаң жуымас таза жұмыс болсын, адал еңбекпен тапқан нан ғана тәтті болмақ.
Ел Президенті Қ.Тоқаев қоғамның дамуына еңбек адамдарының қосар үлесі орасан зор екенін баса назарға алып отырғаны да сондықтан. Адал еңбекті ту етіп, бейбіт өмірді қадірлейтін біздің Тәуелсіз Қазақстанда да еңбек адамдарының алар орны ерекше.Еңбек – ердің серігі. Қасиетті өңірдегі сондай еңбекшіл азаматтың бірі, Қайрат ауылының тұрғыны – Нұрбек Төребеков.
Ақсай ауылдық округінің орталығы Қайрат ауылында туып-өскен азамат Орта кәсіптік-техникалық мектепті бітіргеннен кейін алғашқы еңбек жолын 1990 жылы бұрынғы Ленин колхозында слесарь болып бастаған. Кейіпкеріміздің жалпы техникаға және оны жөндеуге деген қызығушылығы бала кезінен басталған. Бұл ретте балаларына еңбегімен және ауыл шаруашылығы техникасына жақындығымен тәлім-тәрбие көрсете білген Құрал әкенің еңбегін атап өтпеске болмайды.
Техника тізгіндеуде икемділігі жоғары азамат араға жарты жыл салып «МТЗ-50» трактор техникасын басқарған. Осыдан кейін, аудандық электр желілерін тарату мекемесінде бес жыл және аудандық «Жуалы газ шаруашылығы» мекемесінде екі жыл механизатор болып жұмыс істеген.
Техникаға деген қызығушылығын арттыруда марқұм әкесі Құрал Төребековтың үлесі мол болғанын, бүгінде әкесінен үйренгендері сүйікті ісіне айналғандығын айтады маман. Сол себепті, «Әкеме алғыстан басқа айтарым жоқ»,- дейді механизатор Нұрбек Құралұлы.
Нұрбек Құралұлы отбасында алты ағайынды. Нұрбек аға соның үшіншісі.
Бүгінде маманның аудан көлемінде өз ісінің шебері, білікті маман ретінде беделі жоғары. Халықтың алғысына бөленген жан қазірі таңда жұбайы Эльмира Төребековамен бірге отбасында төрт ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Перзенттерінің төртеуі жоғары білімді. Алғашқы екі ұлы үйленген, қызы тұрмыста.
Бүгінгі күні тұңғыш ұлы Арман денсаулық сақтау саласында қызмет етсе, екінші ұлы Ерлан Ақсай ауылдық округінде ветеринар – мал дәрігері болып еңбек етуде. Ал, үшінші ұлы Бақдәулет қазіргі таңда әкесіне қолғабыс етіп жүр. Кенжесі мектеп қабырғасындағы оқушы.
Қазіргі таңда механизатор Нұрбек Құралұлының иелігінде «МТЗ-80» тракторы бар. Мал азығына арнап азын-аулақ егін егеді. Күн жылынып жер қарайғаннан, күн суытып қар түскенге дейін тіршілігі тоқтамайды.
Қазіргі таңда әлем үлкен өзегрістерге ұшырап дамып келеді. Әсіресе, техника. Әлемде техника дамып, өрістегенімен оны басқаратын мамандардың бағасы еш уақытта төмендеген емес. Тіпті оларға деген сұраныс жоғары десекте болады. Тілсіз темірді тізгіндеп, оны түсінудің өзі – үлкен өнер.

Нұрғалым МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close