Basty bet

Жас сарбаздармен әсерлі кездесу

Таяуда ҚР ҰҚК ШҚ Жамбыл облысы бойынша департаменті мен Жамбыл ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің “Жастар ресурстық орталығы” КММ-ның бірлесе ұйымдастыруымен Жамбыл ауданы бойынша шекара басқармасының «Жасөркен», «Айша бибі» автомобильдік шекаралық бақылау бөлімшесі және «Бесағаш» шекара бөлімшелерінің жеке құрамымен кездесу өтті.
Кездесудің мақсаты – жас сарбаздарды еліне деген сүйіспеншілікке, Отан алдында адал қызмет атқаруға, жерін қорғауға және азаматтық қасиетке баулу.
Шекарашы сарбаздар Ауған соғысының ардагері Батырхан Шәлімбетов, «Бесағаш» шекара заставасы бастығының орынбасары Аслан Жексенбин, аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Жандар Тоқсаба, айтыскер ақын Медеу Мырзатаев, спорт саласының үздігі Серік Бодауов және дәстүрлі әнші Жақсылық Қалтешовпен кездесіп, пікір алмасты.
Қонақтар рухы биік сарбаздарға ізгі тілек білдіре отырып, жастарды патриоттыққа тәрбиелеу аясында сөз сөйлеп, өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, бағыт-бағдар берді.
Патриоттық кеште сарбаздардың құрметіне әуезді ән шырқалып, күй тартылды.

Камила ӘБСЕМЕТОВА,
Жамбыл ауданы бойынша шекара басқармасының
кітапхана меңгерушісі

Таңдаулы материалдар

Close