Basty bet

Коммуналдық қызмет көрсету шартын онлайн режимінде жасауға болады

Енді жылжымайтын мүлік иелеріне коммуналдық қызметтерді алу мақсатында шарт жасау үшін коммуналдық мекемелерге барудың қажеті жоқ. Оларға жылжымайтын мүлікті тіркеу кезінде шартты автоматты түрде жасау туралы SMS-хабарлама келетін болады.
Пилоттық жоба Алматы, Ақтөбе, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарында, сондай-ақ Жетісу облысында іске асырылды. Айта кетейік, бұған дейін бұл қызмет Астана мен Алматыда жүзеге асырылған болатын. Бұл қалаларда сервис енгізілгеннен күннен бастап жүз мыңнан астам онлайн шарттар жасалды.
«Мемлекеттік корпорация өзгерістер драйвері ретінде Invisible Government жолында технологиялық және клиентке бағдарланған сервистерді қалыптастыруда. «Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры» ақпараттық жүйесінің әкімдіктің жүйелерімен интеграциялануының арқасында мүліктің жаңа иелеріне коммуналдық қызметтерді ұсынушылармен автоматты түрде шарт жасау мүмкіндігі пайда болды», – деді Мемлекеттік корпорацияның Басқарма Төрағасы Арман Кенжеғалиев.
Айта кетейік, жылжымайтын мүлікті сатып алған сәтте қазақстандықтарға шарт жасасу туралы ұсыныс келіп түседі. Меншік иесі келіскен жағдайда деректер коммуналдық қызметтерге жіберіледі және тұрғын үй иесінің қатысуынсыз автоматты түрде шарт жасалады. Өтінім қаралғаннан кейін мүлік иесіне SMS-хабарлама келіп түсіп, дайын құжатқа сілтеме беріледі.
Жақын арада Мемлекеттік корпорация жоба ауқымын кеңейтуді және оны бүкіл республика бойынша іске асыруды жоспарлап отырғанын айта кеткіміз келеді.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ

Таңдаулы материалдар

Close