Basty bet

Отанды сүю – рәмIздердI құрметтеуден басталады

Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба және Әнұран Қазақстан Республикасының дербестігі мен Тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі егемен елдің өткені мен бүгіні және болашағының арасындағы тарихи сабақтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ, рәміздер – халқымыздың мұқалмас жігері мен асқақ рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер болып табылады.

Қазақстан Республикасында Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Гимн Мемлекеттік рәміздер болып табылады. Ал «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заңы 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Осы заңға сәйкес, жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді.
Қасиетті Жуалы ауданында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін орналастыру және пайдалану қолданыстағы заңнамаларға сәйкес жүргізіледі. Аудан көлемінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Рәміздері пайдаланылатын мемлекеттік мекемелердің барлығында Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба Қазақстан Республикасының Ұлттық стандартына сай келеді. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін орналастыру ережесіне сәйкес, ғимараттарда тұрақты тігілген ҚР Мемлекеттік Туына тәуліктің қараңғы мезгілінде жарықтың түсіп тұруы қамтамасыз етілген.
4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні мерекесіне орай ауданның орталығы Б.Момышұлы ауылындағы «Жасай бер, Қазақстан!» саябағында «Менің Туым, менің Елтаңбам, менің Әнұраным!» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Қосымша айта кетсек, Рәміздер күні мерекесіне орай «Менің Туым!» атты республикалық акциясы да өңірде өз жалғасын тапты. Мемлекеттік Ту – ел Тәуелсіздігінің, тұтастықтың және халықтың асқақ рухының нышаны.
Мерекелік іс-шараның барысында аудан жастары мен мектеп оқушылары Мемлекеттік Туды жоғары көтеріп, шараның өн бойына ерекше көрік беріп тұрды.
Мерекелік іс-шара басталмас бұрын «Жасай бер, Қазақстан!» саябағында орнатылған биік тұғырдағы Мемлекеттік Ту салтанатты жағдайда заңғар көкке көтерілді. Ту көтеру рәсімі аудандағы №14 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері, таеквондодон Қазақстан Республикасы чемпионатының жүлдегерлері, Сербия және Ташкент қалаларында өткен халықаралық жарыстардың жеңімпаздары Қанат Рахымберді мен Қанат Ізімбетке ұсынылды.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні шырқалды. Мерекелік шараның алғашқы құттықтау сөзі аудан әкімі Жалғас Мұртазаға берілді.
–Құрметті жерлестер!
Баршаңызды 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! 1992 жылы дәл осы күні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері – Ту, Елтаңба және Гимн бекітілді. Тәуелсіз елдің айшықты атрибуттары мемлекеттің бірегейлігі мен егемендігін бейнелейді.
4 маусым күні «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы туралы», «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы туралы», «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранының музыкалық редакциясы туралы» тарихи заңдарға қол қойылғаны белгілі. Мемлекеттік рәміздер Тәуелсіз еліміздің атынан әлем алдында сөйлейтін тарихымыздағы тұңғыш ресми белгілеріне айналды.
6 маусым күні Алматы қаласындағы Абай атындағы опера және балет театрының әсем ғимаратында Тәуелсіз еліміздің тұңғыш Мемлекеттік рәміздерінің тұсаукесер салтанаты өтіп, жер-жаһанға жария етілді. Президент сарайы мен Парламент үйінің төбесіне Мемлекеттік Ту көтерілді. Елтаңба орнықты, егемен ел аспанында Әнұран әуені асқақтады. Міне, сол жұлдызды күндерден бері 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні мерекесі ретінде тарих беттерінен мәңгілікке орын алды.
Қадірлі жиналған қауым!
Өзінің туған еліне және туған жерін деген мақтаныш пен сүйіспеншілік Мемлекеттік рәміздерді құрметтеуден және биік патриоттық сезімнен басталады. Қасиетті Отанның рәміздерін құрметтеу және оны көздің қарашығындай қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы. Ел аман, халқымыздың рухы асқақ, көк туымыз әркез биікте болсын,- деді Жалғас Әлижанұлы.
Мемлекеттік рәміздер күні мерекесіне арналған жиын ары қарай аудандық «Қызғалдақ» ән-би ансамблі әншілерінің орындауындағы «Көк тудың желбірегені» әнімен жалғасып, мерекеге жиналғандар көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.

Ақгауһар ҚҰРМАНБЕК,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті
филология және гуманитарлық ғылымдар факультетінің
веб-журналистика мамандығының 1-курс студенті

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close