Basty bet

BALA’FUN – Балалық шаққа шаттық сыйлаған лагерь

Жазғы мезгіл – балалар үшін асыға күтетін ерекше уақыт. Бұл кезеңде оқушылар оқу жылындағы шаршаудан арылып, тынығып қана қоймай, жаңа достар тауып, қызықты іс-шараларға қатысып, өз қабілеттерін дамытуға мүмкіндік алады. Сондықтан да жазғы лагерьлердің бала тәрбиесіндегі орны ерекше. Осындай демалыс пен дамуды ұштастырған ортаның бірі – Шерхан Мұртаза атындағы №1 мектеп-гимназияда ұйымдастырылған «BALA’FUN» жазғы лагері.
2026 жылдың 1 маусымында өз жұмысын бастаған лагерь балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыруды басты мақсат етеді. Биыл лагерьге 1–6 сынып аралығындағы 160-170 оқушы қамтылып, олар жас ерекшеліктеріне қарай 9 топқа бөлінген. Сонымен қатар, 130 оқушы ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Бұл – балалардың денсаулығын нығайтып, демалысын сапалы өткізуге жасалған маңызды жағдайлардың бірі.
Лагерь жұмысына Самал Аманбаева жетекшілік етеді. Оның айтуынша, лагерьде балалардың бос уақытын қызықты әрі пайдалы өткізу үшін күн сайын түрлі танымдық, шығармашылық және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылуда.
– Балаларды қызықтыру мақсатында күн сайын түрлі қызықты іс-шаралар өткізіледі. Балалардың қызығушылығы артып, лагерьге келушілер саны күннен-күнге көбейіп келеді, – дейді лагерь басшысы Самал Аманбаева.
Лагерь қатысушылары «FUN TIME», «NOMAD Z», «ZHAS ENERGY», «GAME STARS», «NAIZAGAI», «TOP STARS», «BRAIN STARS», «KAZAKH VIBE» және «QAZAQ FORCE» топтарына бөлінген. Әр топтың өз жетекшілері бар және олар балалардың уақытын тиімді ұйымдастыруға, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қызығушылықтарын дамытуға бағытталған жұмыстар атқаруда.
Лагерьдегі тәрбие жұмыстарына мектептің мұғалімдері белсенді атсалысуда. Олардың қажырлы еңбегінің арқасында балалар өздерін еркін сезініп, лагерь өміріне белсене араласуда.
Лагерьдің күн тәртібі де балалардың жан-жақты дамуына бағытталған. Таңғы сағат 08:30-да балаларды қабылдаудан басталатын күн дене шынықтыру мұғалімдерінің жетекшілігімен өткізілетін таңертеңгі жаттығулармен жалғасады. Одан кейін балалар түрлі үйірмелерге қатысып, шығармашылық қабілеттерін шыңдайды. Топ жетекшілері оқушыларды түрлі байқауларға дайындап, күн сайын қызықты бағдарламалар ұйымдастырады. Түскі астан кейін келесі күннің жоспары талқыланып, қорытынды жиналыс өткізіледі.
«BALA’FUN» лагерінің ерекшелігі – оның мазмұнды әрі креативті бағдарламаларында. Лагерь аясында өткізілетін «Үздік трейлер» және «Үздік режиссер» байқаулары балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған. Бұл сайыста әр топ балаларға арналған мультфильмдер, ертегілер немесе фильмдер желісі бойынша шағын бейнеролик түсіріп, актерлік және режиссерлік шеберліктерін көрсетеді.
Сонымен қатар, лагерьде «ECO DAY» күні ұйымдастырылып, балалар табиғатты қорғау тақырыбындағы шараларға қатысады. Ал, «Сәнді тал – шаттық ордасы» байқауында әр топ өздеріне бекітілген ағашты ерекше безендіріп, шығармашылық идеяларын жүзеге асырады. Байқау қорытындысында «Ең креативті ағаш» және «Ең көңілді ағаш» номинациялары бойынша үздіктер анықталады.
Спорттық шаралар да лагерь бағдарламасының маңызды бөлігі саналады. «SPORT DAY» күні өткізілетін «Тезірек, шапшаң, көңілдірек!» тақырыбындағы эстафеталық ойындар балалардың ептілігі мен төзімділігін арттырып, саламатты өмір салтын насихаттайды.
Балалардың ерекше қызығушылығын тудырған іс-шаралардың бірі – «Retro Day». Бұл күні қатысушылар өткен кезеңдердің сән үлгілерін таныстырып, түрлі образдар арқылы өз өнерлерін көрсетеді. Нәтижесінде «Ең стильді ретро бала», «Ең ерекше образ» және «Ретро топ – 2026» аталымдарының жеңімпаздары марапатталады.
Ал, «QUEST DAY» бағдарламасы балалардың тапқырлығы мен логикалық ойлау қабілеттерін дамытуға бағытталған. Қатысушылар түрлі тапсырмаларды орындап, құпияларды шешу арқылы өз білімдері мен ұйымшылдықтарын көрсетеді. Бұл күні «Ең тапқыр детективтер», «Үздік шифр шешушілер» және «Жедел із кесушілер» аталымдары бойынша үздіктер анықталады.
Лагерьдің ең жарқын шараларының бірі – «Mister and Miss Bala’Fun» байқауы. Бұл сайыста балалар өз өнерлерін көрсетіп, шығармашылық қабілеттерін паш етеді. Жеңімпаздар «Ең сымбатты қатысушы», «Үздік өнер иесі», «Ең көңілді», «Сахна жұлдызы», «Ең ақылды» және «Көрермен көзайымы» аталымдары бойынша марапатталады.
Қорыта айтқанда, «BALA’FUN» жазғы лагері балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып қана қоймай, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытып, жаңа достар табуына және жарқын естеліктер жинауына мүмкіндік беретін ерекше ортаға айналып отыр. Мұнда әрбір күн жаңа әсерге, қызықты оқиғаларға және қуанышты сәттерге толы болмақ. Сондықтан да бұл лагерь балалардың сүйікті демалыс орындарының біріне айналғаны сөзсіз.
Жанерке Орынбай,
М.Х. Дулати атындағы
Тараз университетінің
журналистика
мамандығының 1-курс студенті

Таңдаулы материалдар

Close