Basty bet
Момышбұлаққа танымдық саяхат
Аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері, өлкетанушы Дәулетжан Байдалиев бастаған мамандар №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің жазғы лагерьге келген оқушыларымен өңірдегі киелі, тарихи, мәдени орындарды таныстыру мақсатында экскурсия өткізді.
«Ұлттық рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жүзеге асыруда еліміздің киелі жерлерінің картасына бірнеше қасиетті нысандар енгізілген болатын. Қазақстанның қасиетті нысандарына біздің ауданнан Момышбұлақ та енген.
Момышбұлақ ауданға қарасты Мыңбұлақ ауылдық округінің Көлбастау және Талапты ауылдарының ортасында орналасқан. Бұл қасиетті мекенде Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының кіндік қаны тамған. Момышбұлақ бұрынғы Орақ-балға ауылының ескі жұртында орналасқан. Дәл осы бұлақтың маңында Бауыржан Момышұлының балалық шағы өтеді.
Қасиетті Мыңбұлақ өңірінің суы бал, шөбі шүйгін болуы да тегін емес. Ұлы тұлғаның туып- өскен жерін қадірлеп, қастерлеу мақсатында қоршау жасалып, стелла орнатылған.
Дәулетжан Байдалиев оқушыларға Жуалыдай табиғаты бай, тарихи жерлердің қалыпқа келуіне жауапты тұлғалар үлестерін қосуда және сол жердің тарихын танып-білуге барша қоғам жауапты екенін түсіндірді. Өскелең ұрпақ Батыр Баукеңнің ерлікке толы өмір жолынан тағылым алуға тиіс. Осындай өлкенің мол мұрасын жас ұрпақ біле жүруі тиіс,- деді өлкетанушы.
Момышбұлақ бастауынан су ішкен адам жаны жадырап, тамаша күйге бөленеді. Тарихи жерлерді күтіп-баптауға, қалыпқа келтіруде ауданға белгілі кәсіпкерлер қолдау танытуда. Танымдық саяхат барысында оқушылар көкейде жүрген сұрақтарына жауап алды.
Эльмира СҮЙІНБАЕВА,
«Жаңа өмір»