Basty bet
Бақытты балалық шақ – жарқын болашақ!
Жаз мезгілі – балалар үшін ерекше қуаныш пен жаңа мүмкіндіктерге толы кезең. Оқу жылының табысты аяқталуымен қатар келетін бұл қызықты уақыт оқушылардың демалып қана қоймай, өз қабілеттерін шыңдап, жаңа достар тауып, қызықты да танымды іс-шараларға қатысуына кеңінен жол ашады. Сондықтан, елімізде балалардың жазғы демалысын сапалы ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар өскелең ұрпақтың денсаулығын нығайтуға, олардың шығармашылық, зияткерлік және әлеуметтік дағдыларын дамытуға бағытталған маңызды бастама болып табылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жас ұрпақ тәрбиесі мен балалардың жан-жақты дамуына әрдайым айрықша мән беріп келеді. Осынау міндеттерді жүзеге асыру мақсатында еліміздің барлық өңірлерінде жазғы сауықтыру лагерьлерінің жұмысы қарқынды жүргізілуде. Балалардың қауіпсіз әрі мазмұнды демалысын қамтамасыз ету, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және тұлғалық дамуына қолайлы орта қалыптастыру – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі саналады.
Жалпы, аудан көлемінде жазғы сауықтыру жұмыстарының аясында Жуалы ауданының білім бөліміне қарасты 39 білім беру ұйымында лагерьлер өз жұмысын бастап, онда 1 142 оқушы ыстық тамақпен қамтылуда. Сонымен қатар, 5 065 оқушы түрлі үйірмелерге, спорттық секцияларға және еңбек жасақтарына тартылған.
Осы тұста айта кетерлігі, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру барысында әлеуметтік қолдауды қажет ететін санаттағы оқушыларға ерекше көңіл бөлінуде. Яғни, жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушылар сауықтыру шараларымен қамтылған. Жалпы биыл аудан бойынша 350 оқушы қала сыртындағы сауықтыру лагерінде демалады. Балалар екі кезең бойынша Билікөл өңірінде орналасқан «Тау самалы» сауықтыру лагерінде 10 күндік демалыспен қамтылады деп жоспарланған.
Жаздың алғашқы шуақты күндерінің бірінде Б.Момышұлы ауылындағы №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда «ЖАЛЫН FEST – 2026» жазғы сауықтыру лагерінің ашылуы ұйымдастырылды. Балалардың жазғы демалысын қызықты әрі мазмұнды өткізуге бағытталған іс-шара ерекше көтеріңкі көңіл күйде өтіп, оқушыларға шаттық пен қуаныш сыйлады.
Мерекелік шара барысында оқушылар өнер көрсетіп, ән шырқап, би билеп, өздерінің шығармашылық қабілеттерін көрсетуге мүмкіндік алды. Жазғы демалыстың басталуына арналған бұл іс-шара оқушылар үшін ерекше әсерлі сәтке айналғаны анық. Іс-шараны жүргізушілер жаз мезгілінің ерекше маңызын атап өтіп, бүлдіршіндерге жылы лебіз білдірді.
Алғаш болып сөз алған мектеп директоры Жанболат Орынбеков балаларды жазғы демалыстың басталуымен құттықтап, мектеп жанындағы жазғы лагерьдің қызықты әрі мәнді өтуіне тілектестігін білдірді. Ол өз сөзінде, лагерьдің негізгі мақсаты оқушылардың демалысын мазмұнды ұйымдастыру, олардың шығармашылық әлеуетін арттыру және жаңа достық байланыстар қалыптастыру екенін атап өтті.
Мерекелік бағдарлама аясында лагерь топтары өз атаулары мен ұрандарын таныстырды. Сонымен қатар, қатысушылар лагерь антын қабылдап, тәртіп пен қауіпсіздік ережелерін сақтауға, достық пен бірлікті бағалауға және әр күнді пайдалы өткізуге уәде беріп, «ЖАЛЫН FEST – 2026» жазғы сауықтыру лагері ресми түрде ашық деп жарияланды.
Жалпы, мектеп-гимназияда биыл лагерь жұмысына 1-6 сыныптар арасынан 269 оқушы қамтылып, олардың 100-ге жуығы ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Балалардың қауіпсіз әрі мазмұнды демалысын ұйымдастыру мақсатында 19 топ құрылып, әр топқа жауапты жетекшілер бекітілген.
Лагерь барысында оқушылар үшін таңертеңгілік жаттығулар, спорттық жарыстар, квест ойындары, викториналар, шығармашылық байқаулар мен психологиялық тренингтер ұйымдастырылатын болады.
Жазғы демалыс кезеңінде мектеп-гимназияда бірнеше бағыттағы үйірмелер де жұмыс істеуде. «Балалар кітапханасы» жобасының аясында оқу мәдениетін дамытуға бағытталған іс-шаралар жүргізілсе, «Шабыт» және «Өнерлі өрен» жобалары шеңберінде шығармашылық үйірмелер ұйымдастыру жоспарланып отыр.
«ЖАЛЫН FEST – 2026» лагері – балалардың жазғы демалысын мазмұнды әрі қызықты өткізуге бағытталған маңызды бастамалардың бірі. Балалардың шат күлкісі мен жарқын көңіл күйі атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелілігін айқын көрсеткіші екені анық.
Өйткені, бақытты балалық шақ – елдің жарқын болашағының кепілі. Ал, осындай игі шаралар жас ұрпақтың жан-жақты дамуына, олардың арман-мақсаттарының кең қанат жаюына зор мүмкіндік беретіні даусыз…