Basty bet

Жарқын жеңіс жолын жалғастырған…

Ардагер спортшы Н.Темірбеков қол күресінен Азияны мойындатып, чемпион атанды

2022 жыл ардагер спортшы Нұргелді Темірбеков үшін жеңісті де жемісті болып басталды. Дәлірек айтсақ, 16 наурыз күні Алматы облысының Талғар қаласында қол күресінен өткен ел чемпионатында үшінші орынның биігінен көрінген болатын. Сонымен қатар, сәуір айының басында Жамбыл ауданының орталығы Аса ауылында дзюдо күресінен өткен Қазақстан чемпионатында да 60 жастан асқан спортшылар арасында екінші орын алды. Ал жарыстың екінші күні 50 жастан асқандар арасындағы белдесуде үшінші орынға табан тірейді.

Ардагер спортшы Талғар қаласындағы ел чемпионатында қол күресінен жүлдеге ілінгендіктен, сәуір айының 25-30-шы жұлдызы аралығында Өзбекстан Республикасының Самарқан қаласында өтетін Азия чемпионатында бағын сынап көруге бел буып, жүйелі дайындықты содан бұрын-ақ бастап кеткен болатын.
Азия чемпионы басталмас бұрын дайындығын әбден пысықтап, бір жарым ай бойы үзіліссіз жаттыққан ардагер спортшы Өзбекстан Республикасының Самарқан қаласында армлестлингтен (қол күресі) өткен ХХ Азия чемпионатына қатысып, бес күнге созылған байрақты бәсекенің нәтижесінде топ жарып, туған елге жеңіс туын желбіретіп оралды.
Саламатты өмір салтын ұстанып, жан-жағына ұлттық рухты, рухтың мықтылығын дәлелдеп, жастардың бойына саламатты өмір салтының үлгісін сіңіріп, асқақ азаматтық бірегей қасиетімен де көпшілікке үлгі-өнеге болып жүрген ардагер спортшы жақында редакцияға келіп, бізбен қуанышымен бөліскен еді.
Ол ХХ Азия чемпионатында ардагер спортшылар арасында бірнеше рет білек күшін сынастырып, нәтижесінде 70 келі салмақ дәрежесінде чемпион атанған.
-Әрине, 60 жасқа келіп, әлемдік додаларда осындай жоғары жетістікке жету екінің бірінің қолынан келмесі анық. Бұл – ең алдымен үзбей жасаған дене жаттығуы мен дайындықтың, ащы тердің өтеуі. Ақсақалдық жасқа келгенде, өзімізден кейін ізімізді басып келе жатқан жастарға үлгі болсақ дейміз. Дене шынықтырумен үзбей айналысу адамға ерекше күш-қайрат, рух береді. Алла тағала әлі де өмір берсе, бұл бағытымнан айнымаймын. Жастарды да саламатты өмір салтын ұстануға шақырар едім,- дейді ол.
Ардагер спортшының ХХ Азия чемионатындағы жарқын жеңісі өз алдына. Ал оның Өзбекстанның тарихи қаласы Самарқанның сәулеттік келбетінен алған әсері бір бөлек. Оны ең бірінші тарихи шаһардың сәулеттік келбеті мен ежелгі зәулім ғимараттары, кесенелер мен мешіттер, жалпы ондағы тарихи құнды жәдігерлер қатты қызықтырған. Ал қаланың тазалығы өз алдына. Тиісінше, қаланың тұрғындары да ерекше қонақжай көрінеді. Бір сөзбен айтқанда, әлемге әйгілі қолбасшы Ақсақ Темірдің қолтаңбасы қалған, Орта Азияның інжу-маржаны саналатын ежелгі қала адамзатты әлі күнге дейін таңғалдырумен келеді.
Дзюдо күресінен, грэплингтен, қол күресі және гір тасын көтеруден өңірлік жарыстар мен ел чемпионаттарында үздік өнер көрсетіп, күні кеше ғана Самарқан қаласындағы Азия чемпионатында олжа салған ардагер спортшы Нұргелді Темірбеков алдағы күз айында Польшаның Краков қаласында дзюдо күресінен ардагер спортшылар арасында өтетін әлем чемпионатына қатысып, бағын сынап көрмек. Спорттың бірнеше түрін игеріп, дүбірлі додаларда үздік нәтиже көрсетіп жүрген ардагер спортшы үшін әлем чемпионаты да алынбас асу емес. Бұйыртса, аталған чемпионаттан да алтын жүлде әкеледі деген сеніміміз мол. Тек бақ пенен бап қатар шапса болғаны.
60 жасқа келсе де спорттан қол үзбей, өзінен кейінгі жастарға саламатты өмір салтын ұстану арқылы үлгі-өнеге болып, жеңіс тұғырынан көрініп жүрген айтулы спортшының бағындырар белесі мен жеңісті жолы әлі алда деп білеміз…

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close